Түркі бірлігі үшін ортақ әліпбидің маңызы зор – Режеп Тайип Ердоған
2023 ж. 03 қараша
3720
2
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде бауырлас елдерді өзара виза байланысын жетілдіруге үндеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Біз үшін түркі мемлекеттері аясындағы көлік және инфрақұрылым бағытындағы жобалар өте маңызды. Баку-Тбилиси-Жейхан шикі мұнай құбыры, табиғи газ құбыры, ТрансАнатолия құбыры, осының бәрі – біздің ынтымақтастығымыздың үлгісі. Каспидің табиғи газын Еуропа мен Түркияға тасымалдау жалғасады. Бұл жоба Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі мен түркі мемлекеттерінің гүлденуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз көлік желілеріне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Осыны ескере отырып, біз өзіміздің ортақ Каспий-Батыс-Шығыс дәлізін дамытуға басымдық береміз. Біз сауда мен көлік байланыстарына кедергі келтіретін олқылықтарды азайтуымыз керек. Яғни, виза процестерін жеңілдетіп, кедендік кедергілерді шешуіміз керек», - деді Режеп Тайип Ердоған.
Сондай-ақ, ортақ әліпби мәселесі туралы пікір білдірді.
«Әрине, біздің бірлігіміз үшін тіл мен ортақ әліпби өте маңызды. Бұл жерде президенттердің қолдауы да өте маңызды. Осы бағытта біздің Жоғары білім кеңесі арнайы ұсыныстарын ұйым хатшылығына айтты. Ол ұсыныстар жоғары бағаланады деп үміттенеміз», - деді Түркия президенті.