Қазақстан мен Татарстанның тауар айналымы 597 миллион доллардан асты
2023 ж. 26 қыркүйек
1596
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан Раисы Рустам Миннихановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, аграрлық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанмен арадағы экономикалық ықпалдастық ауқымы бойынша Татарстан Ресей өңірлері арасында жетекші орынға ие екенін атап өтті.
– Қазақстан мен Татарстанның ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді және Ресей Федерациясымен көпжақты қарым-қатынасымызда маңызды рөл атқарады деп айтуға толықтай негіз бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы 22,5 пайызға өсіп, 597 миллион доллардан асты. Машина жасау саласында «Татнефть», «КАМАЗ» компанияларының қатысуымен ірі жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Бұдан да бөлек жобалар бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне назар аударды.
– Құрметті Президент, кездесуге уақыт бөліп, бірлескен жобалар туралы баяндауға мүмкіндік бергеніңіз үшін Сізге алғыс айтамын. Сондай-ақ бүгінгі «Иннопром» көрмесі үшін ризашылығымды білдіремін. Дайындық өте жақсы жүргізілген әрі жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз 100-ден астам адамнан және 38 компаниядан тұратын үлкен делегацияны ала келдік. Біздің міндетіміз – ірі бизнесті таныстырып, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту ғана емес, сонымен қатар шағын және орта кәсіпорындарымыздың Сіздің еліңізбен белсенді жұмыс істеуіне септігімізді тигізу, – деді Татарстан Раисы.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық форумы өзара ынтымақтастық үшін оңтайлы алаңға айналғанын атап өтті. Биыл қараша айында Қостанайда өтетін Форумның тақырыбы ауыл шаруашылығына арналмақ.
Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісіндегі мол тәжірибе мен осы саладағы серіктестік әлеуетінің зор екенін ескере отырып, Татарстан кәсіпкерлері бұл бағытқа қызығушылық танытатынына сенім білдірді.