БАҒАЛЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСТАУЫ
2023 ж. 26 маусым
1762
0
Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер елімізге арнайы іс-сапармен келді. Қазақстан мен Германия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президенті бастап келген неміс делагациясына ілтипат білдіріп, Франк-Вальтер Штайнмайердің мемлекеттік сапары Қазақстан мен Германия арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға жол ашатынын атап өтті.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ытымақтастықты кеңейту мәселесіне баса мән берілді. Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия елдерімен сыртқы саудасының 80 пайыздан астамы біздің елге тиесілі.
Энергетика, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері, сирек кездесетін жер металдарын игеру және ауыл шаруашылығы салалары екіжақты қатынастардың маңызды бағыттары саналады. Осы ретте Мемлекет басшысы неміс компанияларын Қазақстандағы жасыл энергетика саласына инвестиция құюға шақырды. Атап айтқанда, тараптар жасыл сутегі өндіретін зауыт құрылысын бастауды құптады. Оны Svevind Energy неміс-швед компаниясы жүзеге асырады. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 50 миллиард долларды құрайды.
Кездесу барысында тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында өзара іс-әрекеттерді күшейтуге баса мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай – Еуропа бағдары бойынша құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетінін айтып, еліміздің өңірлік хабқа айнала бастағанына айрықша назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, Шығыс пен Батыс нарықтарын жалғайтын бұл көлік-логистикалық дәліздің стратегиялық маңызы зор. Былтыр осы бағдар арқылы 1,7 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары ауыл шаруашылығы, баламалы энергия көздері салаларындағы, арнайы экономикалық аймақтар мен қаржы институттары аясындағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды.
Франк-Вальтер Штайнмайер Астанаға арнайы шақырғаны және қазақ халқына тән қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқавқа алғыс айтты. Ол келіссөздер табысты өткенін атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін жеткізді.
Қазақстан Германияны мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі 4 мемлекеттің бірі. Сондықтан Маңғыстаудағы жасыл сутегін өндіруге арналған бірлескен жобаның маңызы зор. Немістің озық технологиясы мен тәжірибесі негізінде кәсіби мамандар дайындау қажет. Осы ретте Ақтауда Қазақ-Неміс инжиниринг институты ашылмақшы. Бұл жобалар екі елдің студенттері мен мамандары арасында тәжірибе алмасуға, өндіріс саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы жылына өзге елдер басшыларымен ондаған кездесулер өткізіп, көптеген келіссөздер жүргізіп келе жатқаны жұрт назарында. Бұл кездесулер еліміздің өзге мемлекеттермен саяси, экономикалық, мәдени байланыстарын арттыруға зор ықпал етеді. Ол өз кезегінде еліміздің жан-жақты дамуына жол ашады. Президенттің мұндай мемлекетаралық келісімдері – еліміздің экономикасын дамытудағы бағалы байланыстар бастауы болып табылады.
Зейнолла Қабиоллаұлы,
Қазақ үні