Павлодар полиция департаментінің экс-басшысы Мәсімовке іздеу жарияланды
2022 ж. 22 сәуір
1586
0
Павлодар облысы полиция департаментінің экс-басшысы полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімов пара алды деген күдікке ілініп, іздеп жарияланды. Бұл туралы ҚазАқпарат Агенттікке сілтеме жасап хабарлайды.
«Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Павлодар облысы полиция департаментінің экс-басшысы полиция генерал-майоры Н.М. Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша). Осы факті бойынша оның іс-әрекеті сырттай сараланып, тергеу соты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасымен санкциялады. Қазіргі уақытта Н.М. Мәсімовке іздеу жарияланды, іс бойынша оның орналасқан жерін анықтау бойынша қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары және істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған басқа да тергеу іс-әрекеттері жүргізілуде. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті іс жүргізу шешімі қабылданатын болады», - делінген хабарламада.
Өзге ақпарат қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
Нұрлан Мырзаханұлы Мәсімов 2019 жылы 4 қарашада Павлодар облысының Полиция департаменті бастығы лауазымына тағайындалған. Ол 2022 жылы 17 ақпанда қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Айта кетсек, Нұрлан Мәсімов ҚР ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің немере інісі.
Естеріңізге салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты осы жылдың 6 қаңтарында ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігімен мемлекетке сатқындық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Биыл наурыз айында Бас прокурор Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты.