Зейнетақыны пайдалану: ҚР Президенті шекті межені 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін көтермеуді тапсырды
2021 ж. 09 желтоқсан
2253
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Facebook-те мәлім етті, деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты.
Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім – негізінен осы бағыттағы дұрыс қадам.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды», - деп жазды Б.Уәли.
Еске салайық, 2022 жылдың 1 қаңтарынан біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткіліктілік шегі 1,8 есе көтерілетіні мәлім етілген болатын.
Сол мәлімдемеден кейін "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев БЖЗҚ қоғаммен ақылдаспай зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін көтеріп жібергенін бірінші болып сынға алды.
Депутаттың айтуынша, зейнетақы жинақтарының нақты ең төменгі жеткіліктілік шегі ешбір заңда белгіленбеген.
- Жалпы, қазіргі жағдай Қор мен оның бүкіл қоғам болып табылатын инвесторлары арасында кері байланыстың жоқтығын айғақтайды. Меніңше, Қор мұндай маңызды шешімді формулаларды механикалық түрде толтырып, қоғаммен ақылдаспай қабылдамас бұрын оны Үкіметпен, салалық министрлікпен талқылап, қоғамдық алаңдарда ықтимал тәсілдерді пысықтауы керек еді. Себебі, бұл мәселе жинақтары БЖЗҚ-ға емес, салымшылардың өздеріне ғана тиесілі болып табылатын миллиондаған азаматтарымыздың тағдырына тікелей қатысты. Қоғам бұл қаражатты жақсы басқару үшін Қорға сеніп тапсырды, ол ашық және адал жүргізілуі керек, - деген еді А. Перуашев.
Халық үнін жеткізген халық қалаулысының дабылы Президент құлағына жетті! “Еститін үкімет” деген осы емес пе!.