Президент Нұрлан Ермекбаевтың отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады
2021 ж. 31 тамыз
1729
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли желіде жазды.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға өтініш беруге дайын екені туралы айтқан болатын.
«Қазіргі уақытта басты мақсатым - апаттың салдарын тез арада жою. Ал сіздерді отставка мәселесі қызықтыратын болса, онда мен осы хабарды естігеннен кейін бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым. Мен отставкаға өтініш беремін, отсавкаға жіберуін сұраймын. Ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді», - деді Нұрлан Ермекбаев.
26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 15 адам қаза тапқан.