Назарбаев әскери дайындық деңгейін көтеруді тапсырды
2021 ж. 04 ақпан
2963
0
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Жиында Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі бағыттары, сондай-ақ Қарулы күштерді қайта жарақтандыру мен қорғаныс өнеркәсібін дамыту жоспарлары қаралды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы бүгінгі таңда басқа елдермен қатар Қазақстан да қауіпсіз ортаның сапалық өзгеру кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
– Біз біртұтас мемлекет және ұлт ретінде бетбұрыс кезеңіне келіп жеттік. Бұл өзгеріске коронавирус пандемиясы түрткі болды. Оның әсері алдағы онжылдыққа созылуы мүмкін. Қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан сын-қатерлер трансформацияға ұшырап, ассиметриялық әрі гибридтік қатерлер туындап жатыр, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мен қазақстандық қоғамның қазіргі жағдайларға жауап бере алатын жаңа ұлттық қауіпсіздік архитектурасын жасау қажеттігін атап өтті.
– Экономикалық, технологиялық, әлеуметтік ахуал мен сыртқы жағдайлар қалай өзгерсе де, біздің ешқашан мызғымайтын ұлттық мүдделеріміз бар. Бұл – Қазақстанның егемендігі, аумақтық тұтастығы, бірлік, саяси тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік әділдік. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы осы құндылықтарды қорғауға, биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Тәуелсіздігімізді нығайтуға негізделген, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселені талқылау барысында Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ә.Исекешев жаңа Стратегияның негізгі бағыттарын таныстырды. Онда қамтылған шараларға тәуекелдерді басқарудың заманауи әдістері басшылыққа алынып, ұлттық қауіпсіздік теңгерімді әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамумен берік байланысқан.
Елбасы белгілі журналист Михаил Дорофеевтің туыстары мен жақындарына көңіл айтты Спортшылардың өмірін жалмаған әуе апаттары Алматылықтар Елбасы атынан алғыс хаттармен марапатталды
Нұрсұлтан Назарбаев биологиялық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен ұзақ уақытқа дейін түспейтініне назар аударды, себебі инфекциялық және басқа да аурулар жаһандық сын-қатерлерге айналды. Осыған орай Елбасы биологиялық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы басты қауіп-қатерлерге тойтарыс беру үшін тиімді шаралардың маңыздылығын атап көрсетті.
– Енді денсаулық сақтауға ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі компоненті ретінде қарау керек. Пандемия кезінде әлеуметтік-экономикалық тежелістер болады. Ол – бірінші кезекте, халықтың табысының азаюы, өңірлердің, салалардың, қалалар мен ауылдардың арасындағы теңсіздіктердің өсуі. Бұл бағытта мақсатты түрде жұмыс істеу керек. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға кешенді қолдау көрсету қажет, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық қауіпсіздікті, киберқауіпсіздікті, ақпараттық қауіпсіздік пен адами капиталдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
– Нағыз қауіп – минералды-шикізат ресурстары бағасының құлдырауы емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетінің төмендеу қаупі. Бұл, бірінші кезекте, білім беруге қатысты. Біз дамыған елдерден көп артта қалған жоқпыз. Білім мен ілім таяу онжылдықта біздің ұлттық идеямыз болуы керек, – деп атап өтті Елбасы.
Сонымен қатар Елбасы ұлттық қауіпсіздіктің дәстүрлі түрлері – сыртқы және әскери қауіпсіздікке тоқталды. Мұндағы негізгі сын-қатерлер сыртқы күштердің өзара текетіресіне, Орталық Азия мен оның төңірегінде тұрақсыз аймақтардың құрылу мүмкіндігіне, террористік, радикалды, қылмыстық және басқа да іріткі салушы күштердің өңірде шоғырлануына байланысты.
Талқылау қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар Қазақстан Республикасының жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының тұжырымдық ұстанымдарын мақұлдады. Сондай-ақ талқылау барысында Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін лайықты қамтамасыз етуге тиіс Қарулы күштерді дамыту мәселелері қаралды. Елбасы жаңа технологиялар енгізуді және қару-жарақ пен әскери техника өндірісіндегі технологиялық прогресті есепке ала отырып, қарулы күштерді жетілдіру қажеттігіне де тоқталды.
– Қарулы күштерді 2030 жылға дейін қайта жарақтандыру және қорғаныс өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы армияны жабдықтаудың ұзақ мерзімге арналған тәсілдерін айқындайды және жаңа технологиялық сын-қатерлерге сай келеді. Отандық қорғаныс өнеркәсібі – қорғаныс қабілетінің маңызды бөлігі, ол Қарулы күштердің сұранысына бағытталған, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы күштердің, басқа әскерлер мен күштік құрылымдардың әскери дайындық деңгейін көтеруге, аумақтық қорғаныс күштерін нығайтуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.