Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Төрағасы болды
2021 ж. 15 қаңтар
2124
0
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Төрағасы лауазымына сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар жаңа төрағаны жасырын дауыс арқылы сайлады. Дауыс беру барысында депутаттар аталған кандидатураға қолдау білдірді.
«Нұрлан Нығматулин қалада да, министрлікте де, облыста да, партияда да, әкімшілікте де басшы қызметтерде болып, өмірдің үлкен сынағынан өтті. Елбасының сынына шыдас берген, қазақша айтқанда, от пен судан өткен тұлға. Нұрлан Нығматулиннің Мәжіліс төрағасы ретіндегі қызметті танытқан талапшылдығын, іскерлігін, жауаптылығын біз алтыншы шақарылым кезінде өз көзімізбен көріп, күн сайын куә болып жүрдік», - деді депутат Сауытбек Абдрахманов.
Сонымен қатар жалпы отырыс барысында «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров Мәжіліс төрағасы лауазымына ұсынылған кандидатураны қолдады.
Еске сала кетейік, 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі қызметіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Фракция депутаттары Елбасының ұсынысын бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, Мәжіліс спикері лауазымына Нұрлан Нығматулинның кандидатурасын ұсыну мәселесі де қаралды.