Иманғали Тасмағамбетовтың немен айналысып жүргені белгілі болды
2020 ж. 11 қараша
7181
1
Белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетов зейнеткер шыққалы немен айналысып жүргені белгілі болды.
"Құпия емес. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Мынау айтып келмеген індет басталғалы үйден алыстамауға тырысамын. Оның да бұрын аса мән бермеген қызығы көп екен. Ең бастысы – шығармашылық ойға, бұрын қол тие бермейтін сүйікті ісіңе уақыт жетеді", - деді ол "Қазақ әдебиетіне" берген сұқбатында.
Ол көп жыл елдің қызметінде жүріп, үйден алыста болғанын айтты.
"Әрине, оған өкініп отырған жоқпын. Өйткені, ер азамат үшін ел-жерінің игілігіне қызмет етуден артық бақыт жоқ. Осы жолда азды-көп халыққа пайдамыз тиіп, еңбегіміз еленіп жатса, ол да болса осы ақжүрек жұртымыздың арқасы", - деді Тасмағамбетов.
Өзінің зейнет демалысына шығуы күтпеген жағдай болмағанын атап өтті. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен келелі шешім деп отыр.
"Өз қалауым. Ашығын айтқанда, бұл өмірде «"құлақсыз сандық" секілді тиімсіз болуға арланамын. Сол үшін де, қайнаған істің жолына емес, лауазым-қызметтің қолына қарап отыратындардың қатарынан емеспін", - деген ойын бөлісті ол.
Сондай-ақ, ол сұқбат барысында латын графикасына көшу мәселесі, шығармашылық еркіндігі мен қоғамдағы жастар рөліне тоқталды.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың желтоқсан айында Тасмағамбетов зейнет жасына толуына байланысты өз еркімен қызметінен кетті.