Жээнбеков халықтан отставкаға кетуіне мүмкіндік беруін сұрады
2020 ж. 09 қазан
1288
0
Қырғызстанның премьер-министрі болуға үміткер Садыр Жапаров президент Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кеткісі келетін мәлімдеді. Мұны ол алаңға жиналған жақтастарының алдында айтты.
Айта кетейік, Қырғызстандағы халық көтерілісі төртінші күннен бері жалғасып жатыр. Бүгін ереуілге шыққандар Үкімет үйіне басып кірмекші болған. Алайда, «көк жилетті» еріктілер тобы оларға бөгет болды. Айтуларынша, митингке жиналғандардың көбі – уақытша үкіметті қолға алған Садыр Жапаровтың жақтастары. Ал, осы жақтастарының алдында сөз сөйлеген Жапаров мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбековтің отставкасы жайлы сөз қозғады.
Жээнбеков бір депутат арқылы өзінің тыныш отставкаға кетуіне мүмкіндік беруін сұрады. Мен бұл жағдайдағы жалғыз бейбіт жол деп санағандықтан келістім. Егер біз бүгін тұрақтылықты қайтармасақ, онда мен ертең не болатынын айта алмаймын. Қазір ақша таратып, арандату оқиғалары болып жатыр. Оған ілеспеңдер. Мен тек жастар жағындамын. Осы жерден тарап кетіңіздер. Мен күніне екі рет мағлұматтарды айтып тұрамын. Бүгін төртінші күн ұйықтаған жоқпын. Бабановқа да бардым, Текебаевқа да жолықтым. Қосан Асановқа да бардым. Үш күннен бері тек кездесулермен жүрмін, - деді Жапаров.
Алайда, оның өтінішін ел тыңдамады, алаңға жиналғандар тарай қойған жоқ. Микрофонға ұмтылған адамдар саны арта түскен соң, Жапаровты қолтықтаған топ оны Үкімет үйіне жылдам алып кетті. Ал, оның артынан ғимаратқа кірмек болғандарды «көк жилеттілер» ұстап қалды.
Арандатуға ұрындырмай, тыныштықты сақтау үшін үш күннен бері жүрміз. Мемлекеттік ғимараттарды күзетіп жатырмыз. Жастардың басын біріктіріп, осы үстіміздегі форманы да өз ақшамызға тіктірдік. Қырғызстанның жастары ұрлыққа бармай, елде тәртіп оранғанша осылай жүреді, - деді «Елдік қоғам» еріктілер ұйымының мүшесі Есентөре Асылмырза.
Көтеріліске шыққан халықтың талабы көп. Ең негізгісі – талан-таражға түскен кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару. Айтуларынша, бұрынғы билік халықты тентіретіп жіберген. Салдарынан, шетелге жұмыс іздеп кеткен қырғыздар саны арта түскен.
Партиялық жүйеден шаршадық, сайлау әділ өткен жоқ. 30 жылдан бері сасыған саясатқа шыдап келдік. Қиналып кеттік. Елдегі кен орындары, Жалалабад облысындағы алтын кенішінен шыққан байлықты өзге елдерге тасыды. Басқа елге құл болмауымыз керек. Әке-шешесінен, баласынан айрылып, өзі түрмеге отырып шықса да, алған бетінен қайтпай билікке келген Садыр Жапаровты қолдаймын, - дейді қоғамдық белсенді Гулмира Ахматова.
Халық Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен билікшіл үш партияның жетекшілері әлі де күрес жүргізіп жатқанын айтады. 5 қазан күні «Достық» қонақүйінде өткен Жогорку Кенештің отырысында Парламентегі 120 депутаттың 67-сі Үкімет басшысына уақытша Садыр Жапаровты сайлаған еді.
Қырғызстанда қазір тыныштық орнап келеді. Ел билікке жастардың келгенін қалайды. Алайда, бұрынғы биліктегілер жас саясаткерлердің артында тұр. Мәселен, Тілек Тоқтағалиев «Ата Мекен» партиясы арқылы сайлауда жеңген. Ал оның артында Қырғызстанда бұрын сотталған Омурбек Текебаев тұр. Ол сотталып шыққандықтан сайлауға түсе алмады. Осылайша, бұрынғы кландар жастар арқылы қайта билік жүргізгісі келеді. Ел лидер көре алмағандықтан Садыр Жапаровты қолдап, алаңға шықты, - деді митингіге жиналудағы мақсатын түсіндірген тәуелсіз сарапшы Жоодар Бузумов.