Ерлан Карин: Ауыл әкімдерін тікелей сайлау - үлкен саяси бетбұрыстардың басы
2020 ж. 09 қыркүйек
1380
0
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау - үлкен саяси бетбұрыстардың басы. Мұндай пікірді ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшсі.
«Қыркүйектің бірінші күні Парламенттің жаңа сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жариялады. Жолдау көлемді де мазмұнды болғаны соншалық кейбір бақылаушылар Президент Парламент мінберінен 88 минут бойы үздіксіз сөз сөйледі деп есептепті. Шындығында да, Президент Жолдауы көлемді құжат болып шықты. Биылғы Жолдау 11 ірі тараудан тұрады: экономика, мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат, аймақтардың дамуы, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, экология, құқық қорғау саласы, саяси реформа және жаңа құндылықтар. Кейбір сарапшылар Президенттің биылғы Жолдауында «саяси тақырып аз қамтылды» деп баға беруде. Өкінішке орай бұл сарапшылар аталған маңызды құжатты мұқият қарап, терең талдамағаны көрініп тұр», - деді Ерлан Карин.
Оның атап өтуінше, шын мәнісінде Президент биылғы Жолдауда бір емес бірнеше тарауды өзекті, түрлі саяси-қоғамдық мәселелерге арнап, көптеген жаңа саяси бастамаларды жариялады.
«Келесі саяси бастамаларды айтуға болады: азаматтарға реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн петициялардың бірыңғай институтын құру, жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдау, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мәртебесін көтеру, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндігін нығайту, мәслихаттардың ревизиялық комиссиясын күшейту, мәслихаттарға өңірді дамыту бойынша петицияға қол жинауға, әзірлеуге құзірет беру, мәслихат отырыстарының онлайн көрсетілімін енгізу, қоғамдық бақылау туралы заңды әзірлеу және қабылдау, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестерді құру, мүліктік меншік иелерінің бірлестігі институтын енгізу бойынша реформа жасау», - деді ол.
Ерлан Карин сонымен қатар биылғы Жолдауда құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша да жаңа, тың бастамалар ұсынылғанын айтады.
«Мысалы, Экономикалық ынытымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыспен күрес саласын өзгертіп, өкілеттіктердің ара жігін нақты ажырататын үш буынды енгізу, жергілікті полиция қызметін реформалау, учаскелік полиция мәртебесін көтеру, полицияның қызметтік ғимараттары мен түзету мекемелерінде жаппай бейнебақылау орнату. Сондай-ақ биылғы Жолдауда адам құқықтары мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бала құқығына қатысты халықаралық конвенцияның факультативтік хаттамасына қосылу, азаматтарды кибербуллингтен қорғау бойыша заңнамалық шараларды қабылдау, халықаралық конвенцияның қосымшасына сәйкес азаптаудың барлық түрімен күрес бойынша заңнаманы жетілдіру және адам саудасына қарсы күрес бойынша заңнаманы жетілдіру», - деді ол.
Президент кеңесшісінің пайымынша, ең басты саяси реформа ол келесі жылдан, яғни, 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайланатындығы болып отыр.
«2010 жылдан бастап ауыл әкімдері мәслихаттар арқылы жанама 4 жылға сайланатын. Сондықтан 2017 жылы кезекті сайлау өтіп, 2021 жылы, келесі жылы ауыл әкімдерінің өкілеттіктері аяқталатыны белгілі. Соған байланысты Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келесі жылдан бастап өкілеттігі тоқтаған ауыл әкімдері енді тікелей сайланатын болады деп шешім қабылдады. Бұл біздің еліміз үшін өте маңызды саяси реформа, үлкен саяси бетбұрыстардың басы деп қабылдауымыз керек. Осылайша, Президенттің жаңа бастамаларын саяси реформалардың 2-топтамасы деп қабылдауға болады. Естеріңізге салып өтейін, бірінші топтама өткен жылы Ұлттық кеңестің 2-отырысында жарияланды. Мазмұны жағынан жаңа топтама ауқымды. Саяси жаңғыруға қатысты тарауды түйіндей келе Президент саяси саланы жаңғырту жалғасатынын және мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттары реформаланатындығын тағы да басып айтты. Ал барлық реформалардың негізгі мақсаты - тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру», - деді Ерлан Карин.