Тоқаев Қытайдың мұнай өндіретін компаниясына қазақ жұмысшыларының жалақысын көтеруді тапсырды
2019 ж. 14 қараша
2674
5
Қазақстан Президенті қазақ-қытай арасындағы тату көршілік қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне «CNPC» компаниясының қосқан үлесін жоғары бағалады, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
– «CNPC» компаниясы мұнай өндіру, өңдеу, көмірсутегін тасымалдау салаларында еңбек етеді. Сіздің корпорация жүзеге асырып жатқан жобалар Қазақстан экономикасында аса маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «CNPC» басшылығының алдына қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеруге, олардың айлығын шетелдік жұмысшыларға төленетін еңбекақы деңгейімен теңестіруге, сондай-ақ, тауар сатып алу және қызмет көрсету ісінде қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға байланысты бірқатар міндет қойды.
Ван Илинь Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты компанияның алдына қойылған міндеттерге түсіністікпен қарайтынын жеткізді.