Берік Уәли: Әділет министрінің түсіндірмесін қисынсыз деп санаймын
2019 ж. 24 қазан
2307
0
Президенттің баспасөз хатшысы әділет министрі Марат Бекетаевтың сөзін қисынсыз деп, қоғамда пікірталас тудырған жарлықтың мазмұнын тағы түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik.kz.
Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Әділет министрінің пікірталас тудырған сөзіне қатысты түсініктеме берді. Марат Бекетаев мемлекет басшысының жуырда қол қойған жарлығының мазмұны жөнінде журналистердің сұрағына жауап берген болатын. Министр кадрлық тағайындауларға қатысты «соңғы шешім – Қауіпсіздік кеңесінің құзыретінде» деген пікір айтты.
«Әділет министрінің түсіндірмесін қисынсыз деп санаймын. Мүмкін Бекетаев мырза тілшілердің қысымынан абдырап қалып, қате тұжырым жасаған шығар. Дегенмен мұндай жоғары деңгейдегі лауазымды тұлға кез келген мәселені өзінің функционалдық міндеті аясында әрқашан біліктілікпен түсіндіруі тиіс», - деді президенттің баспасөз хатшысы.
Берік Уәли бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойғысы келетінін атап өтті.
«Конституция – негізгі заң. Құжатта мемлекет басшысының функциясы мен өкілеттілігі анық жазылған. Әртүрлі көзқарас туғызған 2019 жылдың 9 қазандағы жарлықтың ережесі бар. Соған сәйкес, президент "Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілері мен өзге де лауазымды адамдарын қызметке келісу, қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі туралы ережеде» көрсетілген процедуралардан тыс шешімдерді қабылдауға құқылы», - деді Уәли.
Осыған байланысты тек президент мемлекеттің басты лауазымды тұлғасы, Конституцияның кепілі, Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде еліміздің Ата заңына сәйкес, үкімет мүшелерін, күштік құрылым басшылары мен өзге де ведомстволардың жетекшілерін, сондай-ақ, өңірлердің басшыларын тағайындауға қатысты барлық шешімдерді қабылдайды, деді ол.
«Пікірталас тудырған осы жарлыққа қатысты айтар болсақ, ол тек рәсімдік сипатта ғана. Сондықтан мемлекет басшысының конституциялық міндеттері мен функциясын атқаруға ешқандай кедергі келтіре алмайды», - деп түйіндеді өз сөзін Берік Уәли.