Н. Нығматулин: Елбасы саясаты Өзбекстанмен ынтымақтастықтың берік негізін қалады
2019 ж. 07 маусым
2092
0
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстан Республикасына ресми сапары барысында Олий Мажлисі Заӊ шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоиловпен кездесті.
Бүгінгі таңда Өзбекстан біздің еліміздің ең жақын, ең сенімді дос мемлекет екенін айтқан Мәжіліс Төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдар ішінде Өзбекстанмен ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.
- Мәжіліс делегациясының сапары Өзбекстандағы Қазақстан жылында аталып өтуі, стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қарым-қатынастардың дамып келе жатқанын тағы бір рет дәлелдей түседі, - деді Нұрлан Нығматулин.
Өз кезегінде Өзбекстанның Олий Мажлисі Заӊ шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін ерекше назар аударды.
- Қазақстан әлемдегі тарих пен мәдениетке бай елдердің бірі саналады. Біз Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жеткен Қазақстанның табыстарына қуаныштымыз. Сіздің Елбасы бүкіл өмірін қазақстандықатрдың игілігіне арнап келеді – деді.
Одан әрі тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға Парламент өкілдерінің де зор үлес қосып отырғанына тоқталды.
Нұрлан Нығматулин тиісті салалық комитеттер мен фракциялық және партиялар арасындағы диалогты нығайтуға, ынтымақтастық тобының әлеуетін белсенді пайдалануға қызығушылық білдірді.
Осы ретте Мәжіліс Төрағасы қазіргі уақытта Өзбекстан елінде қолға алынған реформаларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша депутаттардың үлкен жұмыстар атқарып жатқанын алға тарта келіп, қазақстандық әріпстестердің іс- тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, Н.Нығматулин Олий Мажлисі өткен жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының құрамына кіргенін айта келіп, парламентшілер арасындағы байланыстарды арттыру мақсатында өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстанның Олий Мажлисі Заӊ шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоиловты ағымдағы жылғы 23-24 қыркүйекте Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесіне қатысуға шақырды.