СӨЗСЕМСЕР
2019 ж. 17 мамыр
3346
0
Марқасқа МАРАТ АҒА!
Марқасқа Марат ағамыз мамыражай мамырдың 17-ісі күні жемісі мол Жетпіске толуда! Біз секілді қалам ұстаған інілеріне бағыт-бағдар беріп, ұлтттық мүддені ұлықтауда ұлағат көрсетіп жүрген ағамызға МЕРЕКЕҢІЗ БЕРЕКЕҢІЗГЕ ҰЛАССЫН дейміз.
Марат ағаның алдына «Қазақстан» Ұлттық арнасының директоры кезінде кірген едім. Шардарада «Көкпардың көкбөрісі» деген атымен Орта Азияға танымал әйгілі бапкер, батагөй атамыз Күзенбай Тілегенұлы туралы деректі фильм түсірген едік. Соның шаруасымен кірген едім, біраз қыстап алғанмен, меселімді қайтармады.
Ана бір жылы Марат ағамыздың ұсынуымен Иран Ислам революциясының 31 жылдығына Теһранға барып, апта бойы аралап келгенім бар. Келгесін газеттің екі номерінің айқарма беттеріне «Иілмейтін Иран» атты жолжазба мақала жаздым. Оны кейін Иран елшілігі парсы тіліне аударып, Теһранға жіберді, маған алғыстарын айтты. Мен «алғыстарыңызды алдымен мені сонда баруға ұсынған Марат ағаға айтыңыздар» дегенмін сонда. Сол жолсапарда «Сапар сазы» атты топтама жыр жазып, парсы аруына жыр арнап келген едім… Иман жолында жүрген қажы ағамызға Теһраннан арнайы жайнамаз бен тәпсі алып келіп, сыйлап едім, батасын беріп, разы болып, қалды.
Марат ағамыз қазір соңғы бір жылдан бері Тоқашба-ЕВ емес, Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ! Бұған, яғни «ОВ» деген орыстың құлдық жалғауын алып тастауға біз секілді інісінің үлесі бар екенін ағамыздың өзі осы тегін осылай ұлттық негізге ауыстырғанда - Байділдаұлы болғанда атап жазды да. «ОВ» деген орыстың құлдық жалғауынан қашан құтыласыз?» -десек, ұлттың атынан сөз сөйлеп, азуын айға білеп жүрген атақты ағаларымыздың өзі жақтырмай: «Сонда тұрған не бар? Мәселе соған тіреліп қалып па?»-деп шырт ете қалады. «Әрине, мәселе сонда, бәрі адам атынан, бастан, бас есімнен басталады»-десең, тіпті теріс қарап жатып алады… Ал Марат ағамыз орынды сынды бірден қабылдап, шешім шығарды. Елге өнеге көрсете білді.
Тәуелсіздігіміздің іргесі берік, Туы биік болуы үшін Ұлт зиялыларының рөлі ең алдымен Ұлттық мүддемізді қорғауға қосқан үлесімен анықталуы тиіс. Бұл жолда Марат ағамыз әрбір жәйтті әділдік таразысына салып, саралап беретін салмағымен саңлақтар сапында алда келеді.
Қасиетті Рамазан айында жетпіс белеске көтеріліп отырған Марат қажы Байділдаұлы ағамызға бар тілегіңізге жетуге Алла нәсіп етсін дейміз.
Адал еңбекпен маңдайынан маржан үзіп, маңдайалды марқасқаға айналған Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ ағамызға Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін деп тілек айтамыз!
«Қазақ үні» газеті атынан
Қазыбек ИСА
ТАМЫРШЫ
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі публицист-жазушы, кейбір әріптестері дәл бағалағандай, әрдайым жан ауыртып, халқының мұңын мұңдаған атпал азамат, қара қылды қақ жарған тура би, профессор, академик, республикалық «Президент және Халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев жетпіс жасқа келді.
Осынау өз ісінің «сүйегін шағып, майын ішкен» дейтіндей білікті маманның аталған уақыт аралығындағы қадау-қадау белестеріне қарасақ, оның балғын жас шағынан үлкен өмір мектептерінен өтіп ысылғанын аңдар едік. Ат жалын ерте тартып мініп, тағдырдың сұрапыл толқындарымен жастай арпалысқанын байқар едік. Нағыз зиялылық эталонындай аса қарапайым көрінетін айрықша ақыл-парасат иесінің күрделі ғұмырбаян жолдары көз алдымыздан жөңкіліп, қым-қуыт қаламгерлік сапарға қаршадайынан бел буғанын аңдап, толғанар едік.
Иә, баспасөз әлеміне ботатірсек бозбала шағында келіп, аудандық газет редакциясы ұстаханасында шыңдалған алғыр жеткіншек жиырма жасында Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа орналасады. Одан ақпарат әлемінде Ақселеу Сейдімбек сынды марқасқалармен, Мұрат Әуезов, Сәбетқазы Ақатай сияқты серкелермен үзеңгі қағысып, ұдайы өсу, өрлеу жылдарын өткереді. Әр жылдарда «Білім және еңбек», «Халық кеңесі» «Қазақстан – ZAMAN», «Заң» басылымдарында, «Астана Медиа Пресс» баспасында тізгін ұстайды, сондай-ақ телевизия саласында тер төгеді. «Қазақстан» корпорациясының «Ақшам» ақпарат бағдарламасының бас редакторы, одан осы телеарнаның Бас директор қызметтерін атқарды.
Марат Байділдаұлының басты ерекшелігі – әр кезде қоғамдағы құбылыстар ауанын тамыршыдай дөп басып, кез келген «дерт» диагнозын мейлінше дәл қоятынында болса керек. Және ол әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың барысын күнібұрын біліп, әрдайым оқиға алдында отырады.
Бірде танымал журналист, «Алаш айнасы» басылымының бас редакторы Серік Жанболат бұқаралық ақпарат құралдары жетекшілері бас қосып қалған әлдебір жиында: «Маған рахат! Газеттің әр нөміріне Марат ағамның фейсбук парақшасынан күн тәртібінде тұрған кез келген өзекті мәселе туралы деректерді кертіп алып жариялаймын да отырамын. Бұ кісі белгілі жәйттің қаржылық көрсеткіші, проценті, көлемі, салмағына дейін бұтарлап талдап, соқырға таяқ ұстатқандай жарқырата көрсетіп береді» деп әзілдегені бар еді. Онысы рас, ұдайы тек әділдікті, дәлдікті діттейтін көшбасшы Мәкеңнің бұл қасиеті үшін бәріміз де бас иеміз.
Осыдан он жылдан аса бұрын Халық артисі Асанәлі Әшімовке әлдебір тілші: «Жетпіс қандай жас екен, аға?» деп сұрақ қойғанда ол: «Жетпіс – құлшынып жұмыс істейтін жас екен!» – деп жауап бергені есімізде қалыпты. Сол айтқандай, жетпіс жасқа шалқар шабыт үстінде жетіп отырған Марат Байділдаұлының биік елдік мүдде жолындағы атқаратын міндеті әлі де ұшан-теңіз болса керек. Сол себептен абзал әріптес ағаға зор денсаулық, мол шығармашылық табыс тілегіміз келеді.
Құлан САҒАТҰЛЫ
ЕҢБЕКСІЗ ӨТКІЗБЕДІҢ ӘР КҮНІҢДІ
(Марат Тоқашбаевқа)
Айтулы азаматсың бір білімді,
Еңбексіз өткізбедің бір күніңді.
Орнықты ойыңды орап ақ қағазға,
Жұп-жұмсақ жеткізбедің кімге үніңді?!
Қашанда анық басқан нық қадамы,
Өзіңсің бұл заманның мықты адамы.
Жалпыға жақсы таныс жазушысың,
Қолынан түспей жүрген құт қаламы.
Өмірдің алмай қойман қандай да өрін, –
Дедің де көп төгілді маңдай терің.
Өтеуі еңбегіңнің осы емес пе,
Жетпістің нық бастың ғой айдай төрін.
Жазуға болатындай біз бір дастан,
Есте жүр, жолдарыңсыз сіздің басқан.
Сүйеніп, біліміңе білерім сол –
Ешкімге берген жоқсың тізгін жастан.
Сен сөздің мінберіне бұрын келдің,
Қым-қиғаш жолын бастың жұмыр жердің.
Таныттың келбетінде барша әлемге,
Тәуелсіз Қазақ деген бүгінгі елдің.
Болмайын саған теңеу таппағандай,
Дос түгіл, білген сені жат бағалай.
Қолдағы қос тізгінді тең ұстаған,
Адамсың жаны таза аппақ ардай!
Мінуар Әкімханов,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
СӨЗСЕМСЕР
(Марат Байділдаұлының фейсбук парақшасынан)
Бүгін Жеңіс күнінде жұмыстан үйге қайту үшін Мәңгілік алау жанымен (Алматы) төтелей шықпақ болғам. Гоголь көшесінен өте берісте түрлі маркілі үстіне «Катюшаның», Т-34 танкісінің, пулеметтің макеттері қондырылған оншақты жеңіл көліктер мен джиптер қаптап келіп қалды. Орыс жігіттері айқайлап, шулап, сигналдатып, көшені басына көтеріп даңғазалатып келеді. Кейбір көліктерде «Спасибо деду за победу», «Можем еще повторит!», тіпті «1941-1945» деп эротикалық сурет салынған. Қазақстандық орыстардың қырымдық эйфориясы көзге ұрып тұр. Орыс нацизмінен орыс фашизміне бір-ақ қадам. Әсіресе, олардың осы күнге ұйымдасып әрекет еткені өте алаңдатады. Бір-екі сурет түсіріп үлгердім.
28 панфиловшылар паркімен келе жатсам, мәссаған, екі қазақ жігіті Георгиев лентасын сатып жүр. «Ей, жігіттер, патша бұл лентамен ата-бабаларымызды қырғаны үшін орыс солдаттарын марапаттағанын білесіңдер ме?», «Ұлы Отан соғысы кезінде бұл лентаны Гитлер жағында соғысқан Власов армиясы таққанын білесіңдер ме?». «Қазақстандық лента неге сатпайсыздар?» Жігіттер қипақтап қалды. Білмейді екен...
Биліктің бүгінгі Интернет желісін бұғаттауы әрі өкінішті, әрі масқара жағдай болды! Халықпен диалогтан қашқақтау халықтың ашу-ызасын туғыза береді. Бұл ахуалды шиеленістірген үстіне шиеленістіреді. Сөйтіп билік өздерін өздері тығырыққа тіреуде. Ақылға жүгінетін адамдар ана жақта ада болған ба?!.
Ертең Қазақстанның бірқатар қалаларында Ресейдің үлгісімен «Бессмертный полк» шеруі өтпек. Бұл «қызыл дерт» Қазақстанға жеткелі де бірнеше жылдың жүзі болыпты. Әсіресе, Қырымды аннексиялаудан, Луганскі мен Донецкідегі сепаратистерді қолдау қимылдарынан кейін «Бессмертный полк» орыс әлемінің ажырамас бөлшегіне айналып кетті. Өткен жылы 9 мамырда біздегі орыс диаспорасы өкілдерінің колорад лентасымен әлеміштеніп, көліктерінің төбесіне «танк мұнарасын», «пулемет расчетын» орнатып құтырғанын көзіммен көрдім. Алматы империялық астамшылықтармен суарылған ұлыдержавалық шовинизмінің өзіндік сахнасы болды да шықты. Осы сұмдықты бұдан былай жедел тоқтату қажет!
Біз тосыннан агрессия туа қалса елімізді қорғауға дайынбыз ба? Гибридтік соғыс жағдайына біздің әскердің мүлде дайындығы жоқ. Кейбір украиндықтар солтүстіктегі көршісі Қазақстанды бір тәулікте басып алады дейді. Өз басым қазақтардың отаншылдық ұлы сезіміне сенемін. Жанымыз – құрбан! Оған жол бере қоймаспыз... Сондықтан, қазақтың әрбір жігіті – қазақтың солдаты болуға тиіс! Отан үшін қару-жарақ қолдануды, соғыс өнерін үйреніңіздер. Қиын-қыстау күн туса Қазақстанды алдымен қазақ халқы ғана қорғайды.
qazaquni.kz