Елінің ардақты ұлы
2019 ж. 02 мамыр
4121
1
Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,
Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.
Менің мына өмірге құштарлығым,
Сені жақсы көруден басталған-ау,
- деп ұлтымыздың ұлы ақындарының бірі Қадыр Мырзалиев жырлағандай, Тәуелсіз елін, туған өлкесін шынайы сүйіп қастерлейтін азаматтар киелі Мырзашөлден де көптеп шыққан. Осы қасиетті өлкенің дарынды ұл-қыздары бүгінде кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп, ел мерейін асырып жатқаны да белгілі. Солардың бірі һәм бірегейі Ислам Әлмаханұлы Әбішев десек ешбір қателеспейміз. Балалық шағынан алға ұмтылып биік белестерді бағындыруды арман еткен ол алғашқы еңбек жолын механизаторлықтан бастады. Алматы политехникалық институтының энергетика факультетін үлгілі аяқтаған Ислам Әлмаханұлы кибернетика институтында ғылыми қызметкер корпорация төрағасы , аудан, қала, облыс әкімдерінің орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарды, халықтың абыройына бөленді. 2014 жылдан бері Қазақстан Республикасы Су ресурстар комитетінің төрағасы болып істеді. Жалпы ол қай жерде, қай салада жұмыс істесе де барлық білімі мен ынта жігерін жұмсап еңбек етеді. Адалдық пен кішіпейілділік, бауырмалдық сияқты таза адами қасиеттерді бір бойына молынан жинақтаған басшы азамат жүрген ортасында үнемі құрметке бөленді. Мұнымызға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жүргенде су тасқынынан зардап шеккен Сарыағаш ауданының тұрғындарына берілген көмекті аса тиімділікпен ұйымдастыра білуі, Өскемен қаласына әкім болып тұрғанда оны шығыстағы шырайлы қалаға айналдыруы, оған ұлттық рух әкеліп ұлы Абайдың биік тұғырлы ескерткішін орнатуы, сөйтіп Халықаралық деңгейдегі «Шығыс шынары» мүшәйрасын өткізуі, тағы басқа да игілікті істері мысал бола алады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі Өскеменге келгенде құлпыра түскен қаланы көріп риза болғаны тағы рас. Сол орысы көп Өскеменнің кезінде Исекеңді қинала қарсы алып, кетерінде қимай қоштасқаны да көпшіліктің есінде. Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрған Б.Сапарбаев мырзаның оған «Қала мен облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін беруінде де үлкен мән-мағынажатыр. Мұны Ислам Әбішевтың атқарған қызметіне берілген әділ баға деп білгеніміз жөн.
Ислам Әлмаханұлы республикалық Су ресурстары комитетінің төрағасы болып тағайындалған соң «Сулы жер – нулы жер» қағидасымен еңбек етіп, Елбасымыздың тапсырмасымен маңызды саланың өрге басуы жолында тың жобаларды жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Ұзаққа бармай-ақ бүгіндегі Жетісай, Мақтаарал аудандары аумағындағы 60мың гектар егістік жерді ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы машиналы канал құрылысының пайдалануға берілуін, Шардараны Жетісай, Мақтаарал аудандарымен байланыстыратын қысқа жолдың ел игілігіне айналуын да халық осы Ислам Әлмаханұлының есімімен байланыстырады.
Исекең өнер мен әдебиетті жанындай жақсы көретіндігімен де өзге басшылардан ерекшеленетін азамат. Шығыстағы Өскеменде әкім болып тұрғанда тұңғыш рет қазақ тілді «Өскемен» газетін ашып, әлеуметтік – тұрмыстық жағдайы төмен талантты әнші-композиторлар мен ақын жазушыларға демеуші болғаны, оларға қуаныш сыйлағанына да ел куә. Көпбалалы қарапайым отбасынан шығып, тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, меценат дәрежесіне дейін жеткен жерлесіміз Ислам Әлмаханұлы Әбішев 63 жасқа толып отыр. Бұл жаны жайсаң азаматтың толдысқан шағы. Әлі де оның тәуелсіз еліне, туған өлкесіне бергенінен берері көп деп білеміз.
Ақындарымыздың:
Толқығанда сезім-ай,
Аппақ арым тілегім,
Туған елім өзің ғой,
Арқа сүйер тірегім, - деп жырлағанындай, Мырзашөлден қанат қағып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген абзал азаматты мерейлі жасымен құттықтаймыз. Оның денсаулығының мықты, отбасының аман болуына тілектеспіз.
Жетісай, Мақтаарал аудандарында тұратын бір топ азаматтардың атынан еңбек ардагерлері:
Т.Жүнісов, Б.Серіков, О.Нұржанов, А.Өтенов, И.Үмбетаев, Ж.Әбибуллаев және С.Әбдраймов.