ҚР Президенті: Латын әліпбиін қолдану барысындағы олқылықтар ескеріледі
2019 ж. 03 сәуір
2201
0
Қазақстанда латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Бұл туралы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне берген сұхбатында айтты.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады», — деді мемлекет басшысы.
Тоқаевтың пікірінше, отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет.
«Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», — деп атап өтті ол.
Осы орайда президент бүгінде Қазақстан халқы замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отырғанын айтты.
«Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі», — деп түйіндеді Тоқаев.
Дереккөз: sputniknews.kz