ҚАЗАҚТЫҢ БАРИТОНЫ

Бүгінгі қазақ өнерінің майталманы, аса дарынды қазақтың опера әншісі, талайды тамсандырған тамаша талант иесі, жаһандану дәуірінің жарық жұлдызы берері мол, белесі биік азамат, Римнің үлкен опера театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының» жетекші опера әншісі Сүндет Байғожин.

Еліміздегі опера өнерінің алға жылжыуы мен кең қанат жаюына әлемдік деңгейде танылуына бірден бір үлес қосып келе жатқан азамат, әлемге танымал қазақстандық опера әншісі (баритон) Сүндет Әбдірахманұлы Байғожин 1984 жылы 13 наурызда Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген.

Кейде адам болған соң бір біріне жаратылыстары келіп жатады. Ал екеуміздің ұқсас жақтарымыз өте көп. Соның бірі Алланың екеумізге де тарту еткен ерекше сыйы Сүндет есімімен мұсылман болып өмірге келуіміз. Осы орайда Сүндет сөзінің түп төркініне тоқтала кеткен дұрыс болар. Сүндет - араб тілінен алынған (суннэт) рәсім, әдет, дәстүр деген мағананы білдіреді. Өткен замандардан ой қозғасақ адамзат баласының ішінде алғаш мұсылман болып дүние есігін ашқан Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарымыз екен.

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарымыз ең бірінші боп қонақ күткен адам, ең бірінші сүндеттелген, бірінші боп мұртын қысқартқан, ең бірінші боп шашындағы ақты байқаған Алланың ең сүйген құлы. Міне сол заманнан бері жалғасып келе жатқан дәстүр сабақтастығы Сүндет Байғожинның да бойынан табылып келеді.

Ата бабадан берілген қасиет пен өнерге деген ынта-ықыласының арқасында орта мектепте өте жақсы оқыды. Мектеп қабырғасында жүріп көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Түрлі қойылымдарды сақыналады, өзі спектакілдер ұйымдастырды, не керек мектеп қабырғасында жүріп ақ болашақта кең тынысты опера әншісі болатынын көрсетті. Анасының өмірден ерте озғанына қарамастан еш бір қиындыққа мойымады. Отбасында өзінен кейінгі бауырларына қамқоршы бола білді. Интернатта жатып оқып жүрсе де бауырларымен жиі хат алмасып, жағдайларын біліп тұрды. Осы кезде жас Сүндет алдына үлкен мақсаттар қойып, биік шыңдарды бағындыруды арман етті. Мектепті ерекше үлгіде бітірді.

Үлкен өмірге қадам басу жолында жас түлек бір жоғары оқу орнына түсу үшін көп ойланбастан ауылы Байғабылдан автобусқа отырып Астана қаласына жол тартады. Мұнда Сүндетті күтіп тұрған ешкім де жоқ. Не баратын үйі, не туысқаны жоқ. Вокзалдан түскен бойда кішкентай ғана Астананы аралап көріп оқу орындарын жағалайды. Алғашқыда бала қиялы медик боламын, заңгер боламын деп ойлана келе бір тоқтам жасайды да, бүгінгі күнгі Сүндеттің альма-матері Қазақ Ұлттық өнер университетіне табан тірейді. Қабылдау комиссиясына келіп құжаттарын тапсырып, талапкерлерді байқау күнін біліп кетеді. Күн кеш болып қалған бір үйді жалдап уақытша сонда тұрады. Мемлекеттік грантқа түсетіндерді, байқау үшін уақыт сағаты да келіп жетті. Университеттің кілең ығайы мен сығайынан құрылған комиссия талапкерлерді қатаң сұрыптаудан өткеріп

жатыр. Кезек Сүндетке де келіп жетеді. Залға кірген бойда бір орнында тұрып аудитория ішіне көз сүзе қарайды. Өмірінде бұрын соңды мұндай кәсіби деңгейлері жоғары мамандарды көрмеген. Біртіндеп комиссия мүшелері сұрақ бере бастайды. Кімсің, қайдан келдің, қай колледжді бітірдің деген секілді сұрақтарды жаудырады. Бұл кезде Сүндеттің орта білімінен басқа музикалық білімі болмаған. Мәселе де осыдан туындап жоғары оқу орнына қабылдану қабылданбауы екіталай болып қалады. Таңдаған мамандығы анау-мынау емес білдей жеке орындаушы. Комиссия құрамынан жаны ашыған біреуі жекелеп туындыларды айтқызып дауысын тексеріп көрейік, сосын шешім қабылдайық деп барлық комиссия мүшелері бір сөзге тоқтам жасайды. Орайлы сәтті Сүндет жіберіп алсын ба, берген үзінділерді жақсылап айтып дияпазоны кең, тынысы жоғары екенін байқатып музикалық білімінсіз-ақ Қазақ Ұлттық өнер университетіне студент болып қабылданады. Талантты әнші ешқандай қиындықтарға мойымай 2006 жылы Қазақ Ұлттық өнер университетінің жеке орындаушы мамандығын Қанат Әбдіқадыровтың класынан бітіріп, классикалық опера өнеріне қадам басады. Дауыс ырғағын қоюдағы кәсіби деңгейі жоғары маман, Сүндетті баритонға ырғағына күні-түні жаттықтырады. Классикалық операды баритонар аз, оның үстіне тынысы тарылып көбісі басқа ырғақты таңдап кетеді. Ал әлемде баритон дауыста айтатын адамдар операның нағыз саңылақ жұлдыздары саналады.

Сүндет университет қабырғасында жүргенде-ақ өзін жан-жақты жақсы қырынан көрсете бастайды. Бірге оқыған студент достарының арасында көшбасшы бола білді. Сабақты жақсы оқыды, аррияларды жоғары деңгейлерде орындады. Әлемдік классикалық шығармаларға ден қойды. Студент кезінде Күләш Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрында жеке орындаушы болып орналасты, оқу орнын бітіргеннен кейін де біраз жыл осы театрда жемісті еңбек етті.

Сүндет қазақ өнерін Европаға танытты. Екі жыл Италяда тұрып музикалық білімін шыңдады, сонымен қатар Римнің үлкен опера театрында да өз өнерін паш етті. Италян тілін үйренді, өнерін үйренді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен 2013 жылы ашылған «Астана Опера» театрына шақырылып, жетекші опера әншісі болып орналасып осы күнге дейін осы шаңырақта жемісті еңбек етіп келеді.

Сүндет қолы қалт еткенде шығармалар жаттаумен айналысады. Үйде жүрсе де, рульде отырса да, шай үстінде болса да ылғи ыңылдап еңбек үстінде жүргенін көресің. Түннің бір уағына дейін, кейде тіпті таңға дейін көз ілмей қырық-елу беттік шығармаларды нотамен жаттайды. Оркестрдің орындауында ойша елестетіп, дыбыс ырғақтарын келтіріп Баритон даусын жиі жаттықтырып отырады.

Бірде Сүндет мені «Абай» операсына арнайы шақырды. Екеуміз «Астана Опера» театрына сәл ертерек барып мені толықтай театрдың залдарымен, дайындық болатын кабинеттерімен, грим жасалатын бөлмелерімен, әріптестерімен таныстырды. Бұрындары бұл театрға бірді-жарым келіп кетіп жүргенім болмаса аса бір мән бермеген екенмін. Міне осы

күннен бастап менің операға деген жан-дүнием оянды. Бастан аяқ «Абайдың» Сүндет Байғожин айтқан ариясын тыңдадым. Мендегі бас демалды, ой демалды, көңілім жай тауып жаным жадырады. Шығарма деп осыны айту керек. Үлкен еңбекпен келген керемет туынды. Көрерменнің көңілінен шыққаны соншалық адамдар тұрып-тұрып жарты сағатқа жуық қол шапалақтады. Келген көрермендердің санында есеп жоқ. Гүлге құшағы толған Сүндет халықтың ырзалығына сүйсініп, қаншама күндік еңбегінің жемісін көрді. Нағыз әнші, өз ісінің кәсіби маманы екенін халық алдында тағы бір дәлелдеді.

Сүндет елімізде ғана емес шет елдерге де аса танымал опера әншісі. Қазақтың сары домалақ баласы, маңдайына біткен опера жұлдызының репертуарында классикалық көптеген шығармалар бар. Олар: Марсель («Богема» Дж. Пуччини), Онегин («Евгений Онегин» П. Чайковского), Малатеста («Дон Паскуале» Г. Доницетти), Леско («Манон Леско» Дж. Пуччини), Шарплес («Мадам Баттерфляй» Дж. Пуччини), Алеко («Алеко» С. Рахманинова), Әнет баба («Қалқаман-Мамыр» Б. Қыдырбек), Оспан («Қамар сұлу» Е. Рахмадиева), Кокбай («Абай» А. Жұбанов, Л. Хамиди), Ризничий («Тоска» Дж. Пуччини), Қожағұл, Жиенқұл («Біржан-Сара» М. Төлебаев), Креспель, Лютер («Сказки Гофмана» Ж. Оффенбаха), Доктор Гренвиль, Барон («Травиата» Дж. Верди), Граф Чепрано («Риголетто» Дж. Верди) және тағы басқалары. Ал соңғы уақыттарда Ресей, Австралия, Австрия, Франция, Корея Республикасы, Жапония, Италия және тағы басқа шетелдерде гастрольдік сапарларға жиі шығады.

Талантты опера әншісі, дарынды өнер қайраткері көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Олар: Халықаралық "Шабыт" фистивальінің лауреаты. Н.Тілендиев атындағы халықаралық фистивальінің бас жүлдегері. Б.Төлегенова атындағы халықаралық фистивальінің бас жүлде иегері. «Тоти Даль Монте» халықарылық конкурстың бас жүлде иегері (Трэвизо, Италия). Arena di Verona халықаралық опера әншілері конкурсының бас жүлде иегері (Италия).

Еліміздегі опера саласының маталмандары, тамаша музыканттар өмірдегі, өнердегі аға-әпкелері Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Төлеген Мұхаметжанов, Нұржамал Үсенбаевалардың ізін жалғастырып келе жатқан айтулы өнер иесі.

Сүндет өнерде жүрсе де айналасындағыларға көз салып, қоғамда болып жатқан өзгерістерге өз ой-пікірлерін білдіріп тұрады. Өнердің шын жанашыры екенін халыққа сахынада көрсетсе, жанына шипа іздеген жандарға араша болып меценаттық танытып тұратын жүрегі кең азамат. Өмірде денсаулыққа мұқтаж жандармен бірге ән айтып, қаржылай да рухани көмек көрсетіп тұруды өзіне парыз санайды.

Халық алдында жасаған жұмыстары ескеріліп елінің сүйіспеншілігіне бөленген азаматтың еңбегі де ескерусіз қалмады. Әр жылдары Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы қоры сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасының Президент Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды. ТМД халықаралық парламенті ассамблиясының «ТМД мәдениет пен өнерге

сіңірген еңбегі үшін» алтын медалін иеленді. Өткен жылы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен Құрмет орденімен марапатталды.

Еңбек сүйгіш жанның ерен еңбегі Елбасы тарапынан да жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының Президент Н.Ә. Назарбаевтың қаулысымен 2018 жылдың 7-желтоқсанында жарияланған әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Сүндет Әбдірахманұлы Байғожин болуы мен үшін үлкен мәртебе және шын жүректен құттықтаймын.

Жоғарыда аталған «Абай» операсын орындаудағы шеберлігіне тәнті болған халық ендігі жерде жарты сағаттан да көп өз баласының өнеріне қол соғарына сенімдімін.

Қазақ өнерінің майталманы Сүндет Байғожиннің атындағы түрлі байқаулар ұйымдастырылып, опера әншісінің салған сара жолын жалғастырар шәкірттер тәрбиеленсе нұр үстіне нұр болары анық.

Осы орайда өмірде жолдас қылған аға досыма тек жақсылықтар тілеймін. Көктемнің шуақты күнінде келген туылған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қызыққа толы ғұмыр кешіп, көпшіліктің ыстық ықыласы мен құрметіне, ризашылығына бөлене бер. Шығар шыңдарың әрқашанда биік болғай.

Сүндет Каримов,

Қазақ үні