Арыстанбек Мұхамедиұлы: Ұлттық киноны дамыту – кезек күттірмейтін мәселе
2019 ж. 07 ақпан
1956
0
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаеав: «Мәдениет - ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деп ұлттық мәдениетімізді ұлықтау арқылы ғана өркениетті ұлтқа айнала алатындығымызды атап көрсеткен-ді.
Бұл тұрғыда қазіргі таңда елімізде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жетекшілігімен ауқымды істер атқарылып келеді. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мәдени саясатының тұжырымдамасының аясында жүзеге асып келе жатқан жүйелі жұмыстар осы сөзіміздің нақты дәлелі болса керек-ті. Төл мәдениетіміздің көсегесін көгерту жолындағы ілкімді істердің бір парасын оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.
Қазақтың ұлттық кино өнерін дамыту жолындағы атқарылған істер мәдениетіміздің дамуына қосылған зор үлес екені белгілі. Сала жұмысын жандандыру бағытындағы істер күннен күнге қарқын алып келе жатқаны қуантады. Таяуда ғана ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бас қаламыз Астанадан «Астанафильмнің» құрылатындығын, сондай-ақ «Қазақфильм» аумағында еркін экономикалық аймақ болатынын мәлімдеген-ді.
Сондай-ақ. Мемлекет басшысының «Кинематография туралы» заңға қол қоюы да сала жұмысына жаңа серпін бергенін айтуға тиіспіз.
«Елбасымыз «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойғаны баршамызға белгілі. Бұл ауқымды құжат кинематография саласында құқықтық негіз орнатуға бағытталған. Заң жобасы үш жыл бойы дайындалып, жасалып, енді бекітілді. Бұл кино саласы үшін маңызды, яғни ұлттық кино өндірушіні қолдау, ұлттық киноны прокатта шығару, қазақстандық киноны әлемдік кино нарығына белсенді түрде шығаруға бағытталған осы сала үшін өте маңызды заң. Заң туралы кеңірек айтқым келіп отыр», – деп атап өтті А.Мұхамедиұлы. Министрдің сөзінше, еліміздің кинокөрсетіліміндегі барлық фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасау, не субтитр беру, немесе кадрдан тыс аударманы қамтамасыз ету – көптен бері шешімін күткен мәселе. Аударма көрсетілім иесінің, дистрибьютор есебінен жасалатын болады. Аударма түпнұсқадан немесе ресейлік нарық үшін орыс тіліне тәржімаланған нұсқадан жасалады. Бұл өз кезегінде көрсетілім иесінің шешіміне байланысты жүзеге асады.Ереже көрсетілімі шектеулі фильмдерге қатысты болып табылмайды.
Ұлттық фильмдеріміз әлбетте, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде көрсетілмек. Өзге тілде тек қажеттілік туындаған жағдайда ғана берілмек.
«Қазақстанға жылына 300-ден астам фильм әкелінеді және олар қазақ тіліндегі нұсқасыз көрсетілетін. Мұның әртүрлі себептері бар, соның бірі –құқық иеленуші үшін кәсіби дубляж жасауға жұмсалған қаржы еліміздегі көрсетілімнен түскен пайдадан асып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, заңда фильмдерді жасқа қарай жіктеп, соған сәйкес категория берілуін, фильмдерді жүйелеп, есепке алып, мониторинг жүргізетін бірыңғай автоматтық ақпараттық жүйе құру қарастырылған», – деді А.Мұхамедиұлы.
Тағы бір айта кетерлік жағымды жаңалықтың бірі – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру жүйесінің қарастырылатындығы.Бұл тұрғыда кино өндірісімен айналысатын елдердің озат тәжірибесіне сүйену көзделуде.
Заң Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жұмысының құқықтық негізін айқындайды. Сондай-ақ, Ұлттық киноны қаржыландырудың жаңа моделі іске асады. Ірі киноөндірушілерді қолдау және инвесторларды тарту мақсатында субсидия төлеу, кинематография саласында салық жеңілдіктері, кино қызметін есепке алу және мониторинг жасау автоматтық ақпараттық бірыңғай жүйе құру, киноколлекцияларды цифрландыру шаралары қарастырылған.
Кино әлеміндегі орын алатын бірқатар жаңалықтармен хабардар еткен сала жетекшісі: «Қазақстан Үкіметі жанынан ұлттық фильмдерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау туралы ұсыныстар мен ұсынымдар мәселесімен айналысатын консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық фильмдерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау мәселелері бойынша мекемеаралық комиссия құрылады. Елбасымыздың тапсыруымен «Астанафильм» және «Қазақфильм» территориясында еркін экономикалық аймақ құру мәселесі қарастырылды. Біз бәріміз Елбасымыздың Заңға қол қоюын асыға күттік. Кинематографиямыздың дамуында шешуші кезең болып табылатын Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы «Кинематография туралы» тұңғыш заң қабылдануымен баршаңызды құттықтаймын!», – деп өз лебізін жеткізді.
qazaquni.kz