Тағдырлы жырдың тарпаңы
2019 ж. 09 ақпан
4141
1
Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті ақыны Жүрсін Ерманның 5 томдық шығармалар жинағы жарыққа шыққанын естіп, ақын туралы көптен көңілде жүрген пейілімді тілектес тілге түсірдім.
Интернетте ию-қию қайшыласқан ақпараттар ағысының арасынан осы хабар көзіме оттай басылды. Жақсы хабар. Жүрсін достың қуанышына ортақтас көңілден арада өткен жылдардың сан алуан самалдары көңіл жайлауында қайыра шалқып соқты. Алматы бауырында іргелес жүрген ізгі шуақты күндер мен жастық шақта көңілқос болған сәттер ойға оралып, айтыс пен тартыстың ортасында ауыздығын шайнап, жігерін қайрап, терлігі терге бөгіп, талмай шауып келе жатқан кең қолтық қазанаттың жыр жәрмеңкесіндегі осы жаңалығы қалам ұстатып, қатарласа қанат қағып, «өлеңнің азабы мен ғажабын» бірге бастан кешіп келе жатқан ақын достың қуанышына құтты болсын айтуға пейіл таныттым.
Аламан бәйгеде салғаннан озып, алдыңғы алғыр топта кекілі желмен сүзіліп, сүрінбей, шапқаны білінбей, төрт аяғын тең тастап көмбеге қарай ұмсынған, тебінген сайын ұмтылған жүйріктің сұлбасы көңіл терезесінде көлбеңдегенде, неге екенін білмеймін, тағдырлы жырдың тарпаңы – Жүрсін Ерман есіме түседі. Баяғы Жүрсін, ең алғаш көргенімде екпіндеп жыр оқып тұрған, шымыр денелі, жүзін күн қаққан, бір қарағанда едірең, бір қарағанда адыраң, бірақ тоқтап қарасаң Қобыландының қыз Құртқаға тайбуырылын тапсырып тұрған толқынысты сәтін жадыңа жазып салатын Жүрсін. Өзі де «Қобыландының екі ондықтан тұратын ұрпағымын» деп даусына екпін қосқанда, кеңес заманында да кең пішілген келбеті көз алдыңа келе қалады. «Арыстанбайдың Мұқышы деген осы» деп Бейімбет атамыз жазғандай, өрелі жырдың өрені, өрісті сөздің берені, айтыстан шыққан беделі, таусылмаған берері Жүрсін Ерман деген осы. Ақиық ақын.
Осы «ақиық» деген сөзді ақындарға көп қолданады, бірақ соның нақты бояуын әлі дәлдеп таба алмай жүрген сияқтымыз. Ақ иық па, «ақиық» деп жұртымыз айтқан жекеменшік тіркес пе, әйтеуір, осы сөзде бір жұмбақ бар. Қалай десек те, ақиық сөзі ақын Жүрсіннің аннотациясы секілді болады да тұрады. Аршыл ақын, шамшыл ақын, бүйірі қызғанда бұйдасынан ұстатпайтын ақын. Қадыр көкем: «ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» деп жазғандай, (бұл жырдың алғашқы нұсқасында «жындылық керек аздаған» болатын, кейін ақылды ағам «ақылды» сөзіне қол қойды) Жүрсінде жақсы мағынасында «жындылық» бар ақын. Кейін «ақыл» сөзі заманға сай беделге ие болғанда, «асаулық» сөзі оған дәл келе кетті. Бұл не? Бұл – мінез. Демек, онда өзіне тән мінез бар, басқаға ұқсамайтын энергетика, демі асау динамика бар. Осы энергетика оны белестен-белеске жігер мен қайрат болып алып келе жатыр. Осылайша, қазақ жырының қайраты мен қуаты Жүрсін сынды тарпаң таланттың жүрегінен шығып, жұртының жүрегіне жетумен келеді.
Қанаттас оқыдық. Қатарласып жыр жаздық. Қабаттасып поэзия кештеріне қатыстық. Атамыздай болған Алатаудың баурайында қоян-қолтық араластық. Ол менің таудағы гүл туралы өлеңіме пародия да жазған. Артық-кемі, алыс-жұлысы жоқ базына. Талай жыл бірге жүрдік. Алаштың сұсы Ақселеу аға, әңгіме айтқанда суды сөйлетіп, тасқа тіл бітіретін Қажығали аға, тағдырлы ақын Темірше, тамыры таза Танаш аға, жаны жұмсақ Жәнібек әнші, қазақ жырының Қазтуғанындай Несіпбек көкем, қашанда жағасы жайлауда Қайырбек көкем, футболдан өткен әлем чемпионатының бәрінде дерлік бас трибунада отырған Несіп дос, Жуалы аспанындай жарқырап тұратын Қасым құрдас, қарқылдап күліп, жарқылдап сөйлеп отыратын Әлеухан – Қажымұқан, күлкісі мен жұдырығы қатар жүретін баһадүр Баянғали, ой несін айтасыз, талай жыл тай-құлындай тебісіп, апта сайын көрісіп, ала қағаздың ай тақырында көңіл қуғанбыз.
Ойынның өзі адамның жан-дүниесін, мінез-құлқын көрсететіні бар. Қалаубек ағамның маңғаз күлкісі, Сәкен серінің буырқанған түр-түсі, Сағи ағамның «тұқымың өскір» деген жекеменшік лебізі, Сабырхан ағамның қымыз жұтып отырып, баппен қозғайтын әңгімесі, Тұманбай ағамның кинг дегенде ішкен асын жерге қойып, «әкелеп» әлек болуы, Тынымбай ағамның «қан таратайын деп қызығып келдім» деп ала қағазға қол созуы, бәрі-бәрі Жүрсіннің де жадында жазулы болар. Өткен күнді еске алғанда жырға айналып, ақ парағына қонған-дүр . Мерзімді баспасөздерде жарқ ете түсетін ақын өлеңдерінен сол күндердің сұлбасы мен тұнбасын көріп қаламын.
Кей-кейде, алыста қалған аяулы күндерді еске алғанда, сол бір сері шақтар жүрек тұсын бүлкілдетіп, шабандау тарта бастаған қимылды қауырт қозғалысқа салатыны бар. Сондай бір сәтте Жүрсін туралы мына өлең қағазға түсіп еді:
Баяғы балаң күндер тылсым деймін,
Оралмасын білемін, күрсінбеймін.
Бір үйір асау көрдім арындаған,
Шабысына қарасам – Жүрсін деймін.
Күн өлтірген қызықты құрсын деймін,
Тұз көзірдей шабынып тұрсың деймін.
Жерде жатқан өлеңді төрге сүйреп,
Жүргеніңді жамағат білсін деймін.
Оқымаса, кінәлі ұлыс шығар,
Жырмен жуу барлығын дұрыс шығар.
Алтын көмбе ақша емес – ар секілді,
Бұл өмірдің ойыны – күліс шығар.
Ұттың талай кезінде, ұтылдың да,
Қарызыңнан берешек құтылдың ба?
Жүрісіндей картаның бұл ғұмырда,
Аранына уақыттың жұтылдың ба?
...Іштен жанып, ойланып, тына берме,
Мың күн түспей, бір түсер шуақ ерге.
Бұл өмірдің қолында кілең үш тұз,
Үш королім бар ғой деп қуа берме.
2012 жылы Жүрсін мемлекеттік сыйлық бәйгесіне түсіп, көмбеге жақын қалғанда, жүйрікті сүріндіріп кетті. Тілектес болып едім. Содан кейін осы өлең туған. Бұл оған жанкүйер көңілімді білдіріп, жырмен жұбатқаным. Қолында үш тұзы барлар толассыз ұтып жатқан заманда ақынға бәйгеден алқынбай келу де оңай емес. Оны мен айтпасам да Жүрсін жақсы біледі ғой, менікі достық рәуіш. Сол жылғы сыйлыққа ат қосқандардың ішіндегі жүйрік те сүйрік жырлар Жүрсін Ермандікі болатын. Жалпы, Жүрсінде жаман өлең жоқ деп айтсам, ағайынның апшысы қуырылмас. Салмағы да, санасы да, сыры да, сыны да, қысқасы бабы келіскен байтақ өлеңдері бағасын алмай қалса, оған ақын кінәлі емес-ті. Ол қиналмай жазатын ақын. Дұрысы оқырманды қинамай жазатын ақын. Жазарына назары тереңнен ауатын ақын.
Бес томдыққа кірген, бесенеден белгілі белді өлеңдерін қарап отырсаң, биігін еркін меңгерген, қазынасын өңгерген, қазақ жырына өң берген, талантын тауға теңгерген тарпаң тағдырлы қаламгердің тапқаны – өлеңдікі, танығаны – өнердікі. Қанжығалы ақынның қаламынан туған туындылары «мен Жүрсін Ерманмын» деп ақындық куәлігін қолына ұстап тұрады. Теңіздің дәмі – тамшыдан:
Әкем маған жаттатқызды бірде аят,
Қияқтай ай көк желкемде тұрды аяп.
Қойнымдағы қағазымды су-су ғып,
Жаңбыр талай жазып берді рубаят.
Ақынмын деп қырға шықтым алшаңдап,
Қуанушы ем құшаққа жел толса алдап.
Шыр-пыр болды қарлығаштар ақ тамақ–
Қонар ем деп басыңа егер– болсам бақ.
Жаттым сайда саққұлақтай тың тыңдап,
Төбемде ұшты көкала үйрек сымпылдап.
Саз-саз болған менің жалаң басыма,
Дәл сол күні қонған шығар мүмкін бақ?
Сырласам деп төбемдегі тырнамен,
Ғашық болып қалдым ба екен жырға мен.
Содан бері таңдайыма жабысып,
Өлең болып келе жатсың, нұрлы әлем!
Ақын өлеңге келу жолын осылайша тосыннан мөлдіретеді. Сендіріп, көндіріп, ақылыңды сезіміңе жеңдіріп жазады. Төгілген тіл, толқыған діл ақынның қалам қанжығасын қай кезде де қандандырып, айтар ойы мен ұсынар түйінін көркем кестемен жандандырып тұрады. Бұл ақынның – шеберлігі десек, конспектіге қарап лекция оқитын кейбір профессорлардың кейпін көз алдарыңызға әкелуім мүмкін. Жүрсін өлеңмен күрескенде алып та жығатын, шалып та жығатын палуан ақын. Әлгі сыйлыққа түскенде ол екі жыр жинағын ұсынған. Екіншісі – «Арнадым сізге» деген арнау өлеңдердің жинағы.
Жалпы, қазақ әдебиетінде арнау өлеңдерге деген салқын көзқарас бұрыннан бар. Жамбылдың өзін жеңілдеу ойлап, жатсынап жатқанымызды айтпай-ақ қоялық, Абайдың да арнау жырларын көп айта бермейміз. Арнау жырлар, одалар мен эпитафиялар бұрын да жазылған, жазыла да береді. Әңгіме оның қалай, қай деңгейде жазылғанында ғой. Жүрсіннің арнау өлеңдері – таза поэзия, көркем дүние. Себебі ол өлең арнаған кейіпкерінің болмыс-бітіміне, мінез-құлқына, тағдыр-талайына, кісілік келбетіне, тек соған тән ерекшелігіне дендеп кіреді, дәлдеп айтады, дәйектеп жазады. Арнау жыр болса да көркемдік кестесі келісіп, ойы мен образы тұтасып, алғашқы кездегі «е, арнау өлең екен ғой» деген жеңіл пікіріңді салмақтандырып жібереді.
Қазақ жырының көшесінде өлең арнауда қамшы салдырмай қара үзген бір ақын болса, ол – Тұманбай Молдағалиев. Тұмағаңның арнау жырларының өзі бірнеше том болып қалар. Тіпті кезінде ақын арнау жырларын аса көп жазады деп сынға да ұшырағаны бар. «Ірі тартар диірмен, жиі салса бидайды» деп жазған Қадыр құрдасының уәжі де сондай кезде туды ма екен, кім білсін. Арнау жыр ақынның қандай жағын көрсетеді? Әрине, ол қаламгердің адамға деген мархабаты мен махаббатын көрсетеді. Адамды жақсы көру, құрметтеу, сүю, оның жақсылығын айту ақынның жан дүниесінің тазалығын көрсетеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Жүрсін ақын Тұманбай ағасынан бір де кем қалмайды. Тұмағаңда мөлдіреген сезім мен жан шуағы көбірек болса, Жүрсінде азаматтық құрмет, астасқан әдемі де әдепті юмор, шырайлы шындық жан-жақты бой көрсетеді. Бірақ арнау өлеңдерге деген қасаң көзқарас оның сыйлыққа ұсынылған «Ырғай» атты тамаша жыр жинағының сүрінуіне себепкер болды. Мұны мен осы жағдайды жақсы білгесін және өзім куә болғасын айтып отырмын.
Тірлікте ақ пен қара сабылысқан
Ақын көп жолдасы – аяр, жары – мыстан.
Сұрайтын еріккенде ердің қасын,
Жанашыр дегеніңнің бәрі – дұшпан.
Бұл өзі әлімсақтан білетін іс,
Байыздап тауып жатсың міне, тыныс.
Үдеріп көшер кезде керуен-өмір,
Үзіліп кету қандай ұлы өкініш.
Көтеріп құрметіңе тостарымды,
Шараппен жұбатайын аш қарынды.
Тірі емес, өлілерден дос таңдасам,
Мен сені таңдар едім, дос Табылды!
Бұл оның Батыста ғұмыр кешкен бард ақыны Табылды Досымовқа арнаған өлеңі. Жай ғана арнау ма бұл? Шымыр, шыншыл реквием. Шығыс Түркістанда қилы заманды бастан кешкен Қажығұмар Шабданұлына арнаған жыры:
Жат жерде жан табылмай сөзін ұғар,
Қытайда көзін жұмды Қажығұмар.
Солығын баспай кетті сорлы жүрек,
Жүректің сонша кімге жазығы бар?..
Тауысып түрмелерде бар қайратын,
Сексен жыл сағыныштан сарғайды ақын.
Тарықса көк бөрідей ұлығанмен,
Зарықса кімнің атап қарғайды атын?!.
Сексен жыл суымады жалыны іштің,
Сексен жыл жуымады жанына ешкім.
Құшағын айқара ашып Ажал ғана,
Құтқарды түрмесінен сағыныштың!
Жүрегіңді суырып әкетердей солықты сөз емес пе? Әрине, Жүрсіннің тек қана арнау өлеңдері емес, жалпы ақындық болмысы жөнінде көлемді мақала жазуға болар еді, бірақ басылымның мүмкіндігі шектеулі. Ендеше, бұл мақаланың түйінін тарқатуды ақынның өзіне берсек, сол дұрыс болатын шығар:
Біздің ауыл шалғайда, жер түбінде,
Бөлек біздің ауылдың дерті мүлде.
Бір сапарға шығып ем он үшімде,
Енді мына тағдырдың еркі кімде?
Ауыл қалды шалғайда, жер түбінде.
Қайрылуға қайран жоқ, барам ұзап,
Жолдас болдым жандарға жанары жат.
Ішіп жүрген суымның бәрі– кермек,
Жұтып жүрген ауамның бәрі– аңызақ,
Қайрылуға қайран жоқ, барам ұзап.
Ұзап барам, қайтейін, барған сайын,
Қанша жылым бар енді, бар қанша айым?
Бәйтеректің басымын тамырынан,
Алыстайтын – жапырақ жарған сайын...
Мен ақынмен ауылдаспын. Оның ауылының аты да – Қарақұм, менің де. Оның Қарақұмы Жезқазған мен Қызылорданың шекарасында, зымыран ұшқан зымыстанның белінде, Байқоңырдың төрінде. Менің Қарақұмым – Маңғыстаудың қырында, Жем бойының жымында. Мен ақынмен сапарласпын. Жыр жайлауына бірге сапар шеккен жолаушымыз. Тағдырласпыз. Өйткені, бүкіл ақын – баласы бір ананың. Ол анамыз – қасиетті өлең. Бар бол, ақын дос, бес томдығың жұртыңа жүк болсын.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
qazaquni.kz