Еске сала кетейік, Гаухар Әлімбекованың алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды. Отандық жұлдыздар сотталған Әлімбековаға қолдау білдірді.
Уайымдамаңыздар: Гауһар Әлімбекова темір тордың ар жағынан хат жолдады
2019 ж. 02 ақпан
2178
0
Қолына кісен салынып, сот залынан абақтыға жөнелтілген ГауҺар Әлімбекова өзін уайымдаған жұртқа хат жолдады. Әнші басынан өткен оқиғаны түсінбей қалғанын, қалай алаяқтарға алданып қалғанын білмейтінін жеткізді. Сондай-ақ, ол өзін сотқа берген Бақыт Назарованы Алла разылығы үшін кешіргенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Хатты журналист Бибігүл Дәулетбек желідегі парақшасында жариялады.
“Қалайсыңдар? Менде бәрі тамаша! Қайран қазағым-ай, не боп кетті, түсінбей қалдым. Ешбір дәлел болмаса да, ең бастысы-ақшаны алған адам толық мойындап тұрса да, қалай бәрі астан-кестен боп кетті, мең-зең боп, жүрегім бір сәтте тоқтап қалғандай болды…
Алаяқтық деген де-үлкен бір Өнер ғой, менің қолымнан ән шығарып, сол әнді жеткізгеннен басқа қолымнан ешнәрсе келмейді ғой, қайтем, маңдайға жазылғанды көріп жатырмын. Мүмкін Бақыт тәте мені темір торға отырғыздым деп, мәз боп бақытты боп жүрген шығар, мен оған жамандық тілемейм, Алла разылығы үшін кешірдім. Алланың осы бір сынақты бергеніне шүкір.
Ең маңыздысы, бұл шіркіндердің тұмшаланған темір тордың ішінде бас бостандығымнан айырғанмен, менің Аллаға деген сенімім мен халықтың маған деген-ыстық ықыласы мен менің халыққа деген үлкен махаббатымды тартып ала алмайды, себебі шығарып алған қолыма гипс салдыруға емханаға апарғанда, сол жердегі қыз-келіншектер мені танып қойып, құшақтап жылап, сабырлы бол-дегенде, түк түсінбей, бұлар қайдан біледі?-деп тұрып қалдым. Сөйтсем бәрі инстаграм желісінен хабардар екен. Көзімнің жасы мөлт-мөлт етіп, “Бір тамшы көздің жасындай” болды. Қысқасы, мейлі, уайымдамаңыздар, бәрі жақсы, Алла нәсіп етсе-амандықпен кездесерміз!
Айтқандай, кеше абыр-сабырмен ұмытып кетіппін, түнде осында келіп тар бөлмеге, тас төсекке кеп жатқанда көзім темір тормен қоршалған терезеге түсіп жатып-осы күні анам-марқұмның Жер-бесікке бөленген күні екені есіме түсіп, көз жасыма ерік бердім. Бір мезетте апамның алақаны мөлт-мөлт етіп аққан көз жасымды тоқтатып, маңдайымнан, шашымнан сипап, “Жасаған бере салғаным, сабырлы бол”-деп жұбатқандай болды. Әруағыңнан айналайын Ғазиз-Анам, Асқар Тау-Әкем, жатқан жерлерің жайлы, жандарың-жәннатта болсын! Сүйікті қыздарыңыз: Гауһар Әлімбекова, 2 ақпан 2019 жыл”, – делінген хатта.