ӨМІРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖАЙЛЫ ОЙ ӨРБІТКЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ (фото)
2019 ж. 21 қаңтар
2881
0
Академик Серік Қирабаев ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Баянды бақыт» атты мақаласында: «Күні бүгінге дейін отыз том көлемінде көркем шығарма жазып, жарыққа шығарған Сәбит шығармашылығы біздің ұлттық әдебиетіміздің бағалы үлгілерінің бірі» деп жазды. Аға сыншының сөзінен бастау алған Сәбит Досановтың Алматыдағы шығармашылық кеші тағылымы мол аса тартымды кеш болды.
Кеш шымылдығы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау хатымен ашылды. Бірінші болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов қаламдас досын күні кеше жазып бітірген жаңа шығармасымен құттықтады.
Алыстан ат арытып келген Әзірбайжан жазушысы Эльхан Зал Карахан С.Досановтың әзірбайжан тілінде жарық көрген таңдамалы шығармалар жинағының бір томдығын тарту етіп, Әзірбайжанда қазақ қаламгерінің алдағы жылы 80 жасқа толатын мерейтойына әзірлік басталып кеткенін хабарлады. Түркиялықтар сәлемін Эльчин, қырғыз бауырлардың ыстық ықыласын Мархабай Ааматов, өзбек туысқандар құрметін жазушы Мехмонқұл Исламқұлов пен Өзбекстанның бас консулы Аброр Фатулаев, өзбек театрының директоры Икрам Хошимжанов, жазушының туған өңірі қостанайлықтар құттықтауын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Аманкелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов атынан облыс әкімдігінің бөлім меңгерушісі Арман Әденов. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің сәлемін қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов. Оңтүстік Қазақстан халқыныңтақжарма ақ тілегін Нарзулла Оразымбетов, Жамбыл облысы жұртшылығы ыстық ықыласын Темірхан Әйменов жеткізді. Кеш иесін Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өтеген Оралбайұлы, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, "Қазақ үні" газеті Президенті, ақын Қазыбек Иса т.б. құттықтады. Ақын Мыңбай Рәш жырмен бата беріп, зейнеткер ұстаз Фаима Төребекова арнау өлеңін оқыды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева, әнші, Ғабит Мүсірепов театрының актрисасы Арай Болатқызы, әншілер Ғалымжан Әбдібеков, Өктем Алтаев әсерлі кешті әсем әнмен әрледі.
Бұл әдеби кеш қаламгерді мадақтаумен емес әдебиет, өнер жайлы сырласып, өмірдің өзекті мәселелері жайлы ой өрбітумен, тәуелсіздік туралы толымды ой толғаумен ерекшеленді.
Қазақ үні