ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРТУ
2018 ж. 24 желтоқсан
4687
0
Алматы қаласындағы №4 кітапханада белгілі журналист, «Қазақ үні» газетінің тұрақты авторы Жексен Алпартегінің «Тағылым» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Шараға ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Жомарт Қарабаев, Жанарбек Әшімжанұлы, Нұржамал Байсақал секілді ғалымдар мен қаламгерлер және қала тұрғындары қатысты.
Көптеген жылдар «Айқын» газетінде еңбек етіп, қазір зейнет демалысында жүрсе де әріптесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналистер арасында өткен бірқатар байқаулардың лауреаты Жексен Алпартегі қаламын қолынан тастаған емес. Оның танымдық, тарихи тақырыптарға жазған туындыларымен біздің оқырмандарымыз да жақсы таныс.
Бұған дейін қаламгердің «Ғибрат», «Жоржияның жұмбақ әлемі – Загадочная Грузия» кітаптары жарық көрсе, бұл жолы «Тағылым» атты туындысын оқырмандарына тарту етті. Кітапта кеңес заманының халқымыз басынан өткерген1937 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысында қан майданға қатысқан қазақ жауынгерлердің ерлігі кеңінен қамтылған. Сонымен қатар отандық ғылым мен ұлттық өнер иелерінің өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған мақалалар да оқырманды өзіне тартады. Бүгінгі кейіпкерлер жайында жаза отырып, өткенге де көз жүгіртіп, тарих қойнауына да тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.Кітаптың алғы сөзін филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, журналист-публицист Сағатбек Медеубекұлы жазған.
Осы тектес шараларды жиі өткізетін кітапхана ұжымының ұтымды ұйымдастыру қызметін де атай кеткен жөн. Кітапхана бөлімінің меңгерушісі Сағын Иманбаевтың айтуынша электрондық жүйе жайлаған бүгінгі заманда мұндай шаралар оқырмандарды тарту үшін де аса қажет. Қалай десек те, білім көзі – кітаптан қол үзуге болмайды. Ал кітап авторы Жексен Алпартегіне «Қазақ үні» газеті мен осы аттас ұлттық порталдың қалың оқырмандары тарапынан шығармашылық табыстар тілейміз.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz