Француз қызы денесіне Димаш Құдайбергеннің суреті мен Қазақстанның туын салдырып алған (фото)
2018 ж. 19 желтоқсан
4950
0
Франциялық ару денесіне Димаш Құдайберген мен Қазақстанның туы бейнеленген тату салдырған. 35 жастағы Рози алғаш рет қазақстандық әншіні ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріндегі гала-концертте көрген.Бұл туралы Tengrinews.kz агенттігі хабарлайды.
"Бұл 2017 жылдың 7 қазан күні болатын. Мен Димашты тыңдаған кезде "Бұл мүмкін емес" деп ойладым. Ол ән айтқанда, мен өзімді көкте қалықтап жүргендей сезіндім", - дейді келіншек. Рози алғашқы татуын 2018 жылдың наурыз айында салдырған. Ол өзінің жігіті қызғанбас үшін Димаштың есімін кирилл әліпбиімен жазып қойған екен.
"Ол не жазылғанын түсінбейді", - дейді француз бикеші. Артынша мамыр айында Рози қазақстандық орындаушымен кездесу үшін Каннға барған.
Сол кезде ол денесіне тағы да сурет салдыруды ойлаған. Осылайша, шілде айында француз аруы санына Қазақстанның туы мен орындаушының қолтаңбасы, сондай-ақ, қазақ тіліндегі "жаным сол" сөзі жазылған тату салдырғанын айтады. Өйткені, Рози бұл сөздің аудармасы қандай мағына беретінін білетін көрінеді.
"Менің Димашқа деген сезіміме сөз жоқ. Ол менің өмірімді қатты өзгертті. Сол себепті, оны қатты жақсы көремін. Ол менің жанымды аман алып қалған. Оны кездестірмей тұрып, өмірімде алға қойған мақсатым болмаған еді. Ал қазір жанкүйерлердің арасында көп достар таптым және әлем аралауға деген қызығушылығым артып кетті. Димаш пен оның жанкүйерлері менің өмірімнің бір бөлігіне айналды", - дейді Рози.