Алмас АРЗЫҚҰЛОВ: "Ұлы даланың жеті қыры" тарихымызға терең үңілуге үндейді
2018 ж. 30 қараша
4370
0
Алмас АРЗЫҚҰЛОВ, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Ақпараттық-талдау
жұмысы бөлімі басшысының орынбасары:
"ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ" ТАРИХЫМЫЗҒА ТЕРЕҢ ҮҢІЛУГЕ ҮНДЕЙДІ
Елбасының жаңа жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы өзінің мазмұны мен мәні жағынан, орындалуы тиіс жобалардың бағыты бойынша шынымен де бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті. Өйткені, ұлтты рұхани жаңғырту негізгі үш бағыт – ұлттық (мемлекеттік) тіл, ұлттық дәстүрлер мен мәдениет құндылықтар және отандық тарихты жаңғырту негізінде жүргізілуі тиіс. Кез-келген ұлттың қалыптасуы және оның мәдени-генетикалық ділі аталынған түсініктермен тікелей байланысты. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тілімізді дамыту үшін латын қарпіне ауыстыру, мәдениетке қолдау көрсету бойынша «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жария еткен болатын. Енді міне, өткенімізді түгендеп, ескімізді еске алып, болашағымызды айқындау мақсатында «Ұлы дала тарихына» терең үңілуге шақырып отыр. Әлемнің озық елдерінің мақтан тұтатын тарихи мұрасын мысалға тартқан Елбасы, біздің де тарихымыз тереңде жатқандығын атап өтті. Ежелден қазақ жерін мекендеген сақ, ғұн және одан кейінгі түркілер сияқты мемлекет құрушы тайпалар ешқайдан келмеген, ешқайда кетпеген автохтонды халық. Олардың заманында жасалған барлық мәдени-материалдық жәдігерлер мен рухани жетістіктер ешқайдан көшіріліп алынған жоқ, керісінше осында жасалынып, «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезеңінде жан-жаққа таралды. Кезінде тарих ғылымында орын алған еурацентристік көзқарас ұлы даланы мекендеген тайпалар этностық тұрғыдан кейінгі көшпелі халыққа еш қатысы жоқ деген ұстаныммен тарихи сабақтастықты есепке алмады. Сондықтан да, Елбасы төл тарихымызды жаңаша көзқараспен, ой елегінен өткізе отырып, терең зерделеуді ұсынып отыр. Әлемдік мұрағаттардан елімізге қатысты материалдар жинау, Ұлы Даланың ұлы есімдері, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Дала өнері, музыкасын зерттеу, оны заманауи бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танымал ету мен жарнамалау да ел имиджін арттыруға септігін тигізеді. Заманауи әлемде еліміздің озық елдер қатарына еніп, бәсекеге қабілетті болуы тек дамыған технологиялар мен білімге ғана негізделмей, сонымен бірге өткенін танып, мақтан тұтатын және болашаққа сеніммен қарайтын халқымен де танымал болады.qazaquni.kz