Мейірхан Ақдәулетұлы: Ресей мұрағатында тарихымызға қатысты тың дерек көп
2018 ж. 23 қараша
4062
0
Ресей мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты беті ашылмаған құнды деректер әлі де табылады. Әсіресе Астрахань, Орынбордағы мұрағаттарды тағы бір ақтарып шығу қажет. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқыған ақтөбелік зерттеушілер осылай дейді. Олар «Архив-2025» бағдарламасы жасалса, үлес қосуға дайын екендерін жеткізді.
Бұл туралы 24.kz хабарлады.Таяуда жаңа ғимаратқа көшкен облыстық тарихи-өлкетану музейі де қор жинау мен зерттеу жұмыстарын жандандырмақ. Батыс өңірінде баламасы жоқ музейде қазір 100 мыңнан астам жәдігер сақтаулы тұр. Ендігі мақсат - деректерді сандық форматқа көшіру.
Мейірхан Ақдәулетұлы, ақын:
- Біз осы мәселелер жүзеге асқан сайын не үшін қуанамыз? Келе жатқан ұрпақ өзінің тарихынан, рухани байлығынан, мәдени байлығынан хабардар болады. Демек, біз болашақ үшін алаңдамаймыз. Егер біз осы мәселемен дұрыс айналыспаған болсақ, келер халықтың, жастардың дүбәра болып кетуі мүмкін. Бұл негізі болашаққа айтылған аманат сияқты нәрсе. Біз әйтеуір сөз көмегімізді беріп, осының ортасында жүреміз деп ойлаймын өзіміздің идеяларымызбен.
Мейрам Дүйсенғали, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Сандық форматқа көшірілген деректер көпшіліктің қолына тиеді. Бұрын зерттеушілер ғана архивпен жұмыс істеп, өзінің қорына жинайтын болса, енді, қазіргі таңда сол жинаумен қатар, сандық форматқа көшірілген архивтер кең көлемде айналымға енгізіліп, кез-келген қызығушы, зерттеуші сол архивті пайдаланады деген сөз.