"Қазақстандамыз". Димаш орысша қойылған сұраққа қазақша жауап берді
2018 ж. 18 қараша
9765
0
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қанат Айтбаевпен және Димаш Құдайбергенмен кездесіп, 19 қарашада өтетін концерттің жайын талқылады, деп хабарлайды "Қазақ үні".
«Астаналық «Терра балет» тобы, сонымен қатар ұлт-аспаптар ансамблінде керемет өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздар барып, біздің қазақтың әндеріне ұлттық реңк пен өң бере отырып, сүйемел жасайды. Осы концерттің ұйымдастырылуына қыз-жігіттер атсалысып, көмектесіп жатыр. Амандық болса, нәтижесін көресіздер. Орындалатын әндердің 60 пайызы қазақ тілінде болады», - деді Қанат Айтбаев.
Өз кезегінде жас әнші Лондонда жанды дауыста, оркестрмен отызға жуық ән айтатынын хабарлады.
Кездесу барысында БАҚ өкілдері жас әншіге екі тілде сұрақтар қойды. Бірнеше тіл меңгерсе де, Димаш барлық сұраққа тек ана тілінде жауап берді.
"Рұқсат болса, мен қазақша жауап берейін. Қазақстандамыз", — деп сөзін бастады ол.
Міне, осындай дүниежүзіне әйгілі дүлдүліміздің мәдени және саяси сауаттылығы мен ұлттық сана еркіндігі біздің мемлекеттік тілге миы жетпейтін министрлеріміз бен орысқұл әкімдерімізге үлгі болса жарар еді?Айта кетсек, осы айдың 19-да Лондонда Димаштың жеке концерті өтеді.