Өскеменде Рүстем Есдәулетов атындағы ІІ республикалық театр фестивалі өтуде
2018 ж. 12 қараша
4502
0
Кеше Өскеменде мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, режиссер, актер, ақын Рүстем Есдәулетов атындағы кіші формада сахналанған спектакльдердің ІІ республикалық театр фестивалі өтіп жатыр, - деп жазды egemen.kz.
Облыстық драма театрда өткен, 14 қарашаға дейін жалғасатын фестивалдің ашылу салтанатына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, қала әкімі Жақсылық Омар бастаған құрметті қонақтармен қатар тұлғаның отбасы мүшелері де қатысты.
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 театрдың арасынан іріктелген 9 театр ұжымы облыс орталығының тұрғындарына 4 күн бойы өнерлерін паш ететін болады. Мәдени шараның ашылуында сөз алған облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов екі жыл қатарынан ұйымдастырылған фестивалді алдағы уақытта халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.
«Рүстем Есдәулет Шығыстың театр өнерін жаңа белеске көтерді. Өскемен театры елімізден шығып, шет мемлекеттерде өнер көрсетті. Сондықтан бұл фестивал жалғаса береді», деді ол.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, режиссердің ағасы Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөзінде Рүстемнің Өскеменде еңбек еткен 7-8 жыл мұғдарында 25 қойылым қойып, театрдың атын әйгілі еткеніне тоқталып, бүгінгі жаңа театрдың салынуын тағатсыздана күткенін тілге тиек етті.
«Осы театрды түсінде көріп жүретін. Осы театрдың жобасын жасатып, макетін сыздырып алып келіп, сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа тапсырған еді. Ол кісі маған соны көрсетіп: «Міне, мынадай театр салып берейін деп отырмын» деген еді. Кейін Рүстем дүниеден өткеннен кейін театрға оның есімі берілетінін айтып, ел алдында уәдесін берген еді. Алматыдан осында келерде атақты әртіс Асанәлі Әшімовтің «қазіргі әкімдеріңе айтшы, театрға неге әлі күнге дейін Рүстемнің атын бермей жүр?» деп айтты», деді Ұ.Есдәулет.