Қадірі кеткен Мемлекеттік сыйлық
2018 ж. 01 қараша
4004
0
Өркениетті елдерде осы Мемлекеттік сыйлықты алушы ақын немесе жазушы өмір бақи шығармашылықпен айналысып, сол саланың шыңына шыққан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сарапталып, сұрыпталып, майдан қыл суырғандай етіп барып береді. Ал, біздің елде керісінше, кімде—кім жағымпазданса, өз азаматтық көзқарасын білдіре алмаса біздің шенеуніктер үшін тиімді әрі қолайлы келетіні бесенеден белгілі.
Тәуелсіздік алғалы 27—жыл аясында қаншама ақын-жазушылар Мемлекеттік сыйлық алып үлгерді. Мемлекеттік сыйлықты алмақшы болып додаға түскендердің сұрқия сұмдықтарға баратынын былайғы жұрт білмеуі мүмкін. Арасында жүргендіктен қарапайым пендешіліктен бастап, адам айтса нанғысыз жағдайлар болып тұрады. Олар Мемлекеттік сыйлықты алып алған соң, қоғамдағы қордаланған мәселелерге қатысты жұмған аузын ашпайды. «Есек лайдан өтті, қу кетті» дегенге саяды. Мемлекеттік сыйлыққа тағайындаған 50 000 АҚШ долларды қалтаға салды, іс бітті. Қазақ қоғамындағы ащы проблемаларды қозғап, қазақ тілінен бастап, діні, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, саясаты туралы қара қылды қақ жарып жазып жүрген қоғам қайраткері, ақын Мырзан Кенжебайлардың айтып жүрген жәйттері тасада қалып қоя береді. Өйткені, біздің билікке шыңғырған шындық керек емес. Кейбіреулер Мырзан Қайғы деп келекелеп ұната қоймайды, өйткені ақиқатты айтып немесе жазып қояды деп ойлайды. Сондықтан кім көрінген алып жатқан Мемлекеттік сыйлықтың қадірі қалмады-ау деп ойлаймыз.
Жұмамұрат Шәмші