Димаш Құдайберген неліктен қытай қызымен сүйіскенін түсіндірді (ВИДЕО)
2018 ж. 17 қыркүйек
4830
0
Махаббаттың көкжиегін көзбен көру жеткіліксіз. Оны сезініп, тұнығына дейін түсіну — үлкен өнер. Осылай деп пікір білдірді Димаш Құдайберген шетелдік арналарға берген сұхбатының бірінде. Сондай-ақ, әнші жуырда түсірілген кішігірім туындыға қатысты да пікір білдірді.
Бұл туралы Sputniknews.kz хабарлады.
Жуырда Қытай режиссерлері Димаш Құдайберген туралы кішігірім фильм-бейнебаян түсірді. Сондай-ақ, олар әлеуметтік желіде осы бейнебаянға қатысты әншінің айтқан пікірін де ұсынды. Аталған видеода Димаш Құдайберген бұл бейнебаянды түсіруіне не түрткі болғанын түсіндіреді.
«Махаббаттан өзге қандай тақырыпты көтерген дұрыс деп ойлайсыз?! Ең ерекше сезім махаббат қой. Бұл махаббатты аңсап жүргендерге, оны сезініп үлгергендерге де, махаббатын тапқан және махаббатынан айырылған жандарға да әсер етеді. Бір-бірлеріңізбен бақытты өмір сүрсін деген ниетпен осындай кішігірім көріністі дайындаған жайымыз бар», — деді ол.
Әрі қарай қазақстандық жұлдыз махаббат сезімін қалай түсінетінін сипаттап берді.
«Махаббат деген — әлемдегі ең ұлы сезім. Оның шегін ешбір адам сезініп көрмеген шығар деп ойлаймын. Өйткені, оның көкжиегін көзбен көру жеткіліксіз. Оны сезіну, тұнығына дейін түсіну — үлкен өнер.
Осы ұлы сезім әрқайсыңыздың жүрегіңізде ұяласын деген ниетім бар. Өмірлеріңіз сыйластыққа, махаббатқа, жылулыққа толы болсын», — деді Димаш Құдайберген.