МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
2018 ж. 05 қыркүйек
5784
0
Бүгіннен бастап Алаштың рухани көсемі, тіл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Қазақстан халқы Тілдері күні 5 қыркүйектен басталып отыр. Бір жағынан бұл дұрыс секілді. Өйткені Кеңес империясы кезеңінде, қабылданғалы бері 30 жылдай болса да, Тәуелсіздік алғалы 27 жыл болса да толық орындалмай келе жатқан Тіл заңымыз енді Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының атын алғасын, серпіліс пайда болып, нәтижесін көрсетер деп үміттенеміз.
Сондықтан да, бүгін Астанадағы Қазақконцерт залында Мәдениет министрлігі Тіл комитеті Шаяхметов атындағы "Тіл-қазына" ұлттық орталығында Қазақстан Халқы тілдер мерекесі аталып өтті.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекеттік тіл мүддесі үшін қайрат көрсетіп жүрген бірнеше тіл күрескерлеріне Құрмет грамотасымен марапттап, сыйлық тапсырды. Азат Шәуенов, Есен Елеукен секілді тіл жанашырларымен бірге біз де марапатқа ие болдық.
Сонымен бірге Қазақ радиосы ұйымдастырған Астананңы 20 жылдығына арналған жас ақындар мүшәйрасының жүлдегерлері де марапатталды.
Кеше ғана Астанада ұшақтан түссем, "Ақ жол" партиясы орталық офисінің алдында Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен Астанадағы №2 аурухананың басшыларын Мемлекеттік тілді менсінбегені үшін кешірім сұратқан Мұқағали Балқыбаев бауырым күтіп тұр екен. Қазақ тілін қорғаймын деп қиын жағдайда қалғанда қолдау жасаған бізге, "Қазақ үні" ұлттық порталына алғысын айтуға әрі танысуға келген екен. Сайттың бас редакторы, дарынды ақын Азамат Тасқараұлын шақырып алып, кафеден үшеуміз шәй іштік. Мүдделес тілектес болған соң, бұрыннан араласып жүргендей әңгімеміз жарасып кетті. "Ержесіз жекпе-жек " күресінен Мұқағали Астана қаласы бойынша өткен чемпионаттың екінші орын жүлдегері екен. Ережесіз күрес шебері енді ереже түгілі, заңсыз тіл үстемдігіне қарсы күреске бел байлап отыр...
Біздің шақыруымызбен Мұқағали бүгінгі Тіл мерекесі жиынына да келді. Концерттен кейінгі жайылған дастарханға да ертіп барып, Тіл комитеті төрағасы Қуат Бораш және Ербол Тілешов бастаған тіл саласының басшыларымен, белгілі ақын-жазушылармен таныстырдым. Қуат Бораш Мұқағалиды кездесуге шақырды.
Мемлекеттік тіл және ұлт мүддесі үшін қайраты бойына сыймай жалындап тұрған Мұқағали бұл жиыннан қуаттанып, әсерленіп қайтты.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz