Сыр өңірі - Алаштың Рухани Анасы
2018 ж. 13 тамыз
9283
0
Ел ішінде «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы үш-ақ сөзге сәл тереңірек ой жүгірткен адамға оның аржағында санаңды сан-саққа сүйрелей жөнелетін мән мен мағынаға толы сыр жатыр. Көз түгіл көңілдің көкжиегі жете қоймайтын көне заманда-ақ елім деп еңірегенде етегі жасқа толып, жансерігі қылқобызымен жүгірген аң, ұшқан құстың жанын тебіренткен аты алты алашқа мәшһүр Қорқыт бабаңыздың өзі осынау қасиетті де киелі Сыр өңірінде дүниеге келіп, жаны осында мәңгілік мекен тапқан. Оның бержағында бүкіл түркілік жыр өнерінің Майлықожа, Бұдабай, Кете Жүсіп, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары кешегі Мұстафа Шоқай сияқты небір ұлттық ұлы ұғымдарды жасап кеткен ғұламалар түгелімен Сыр перзенттері. Ал тағдыры Мәскеу орнатқан залым қоғамның тепкісіне түсіп, өлгеннен кейін де сол Мәскеу айтақ десе тұра шабатын шолақ белсенділер оның өлігін де қайта қаздырып маза бермеген кемеңгер ойшыл, әр сөзі қалаған жерінде қара тасты қақ айыратын Тұрмағамбет Ізтілеуов ше? Айтпақшы, ұлы Фердоусидің әлемге әйгілі «Шахнамасын» қазақтың төл туындысындай жырдарияға айналдырған осынау ғажап шайыр туралы сол кездегі билік басындағылар әлі де саяси итаршылықтан арыла алмай әрі-сәрі күй кешіп жүргенде оның ескерткішін орнатып, елдің ескірген санасында қайта жаңғыртуға алғаш атсалысқан бүгінгі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі Елеу Көшербаев болатын. Ұзын сөздің қысқасы сол Қорқыт бабадан басталып, кейін жоғарыда аты аталған, әлі де аталмай жатқан сыр сүлейлерінің әрқайсысы бір-бір жеке философиялық мектеп, бір-бір дүниетанушы ұлттық тәлімгер екенін ескерсек Сыр өңірі Алаштың Рухани Анасы да екеніне көз жеткізер едіңіз. Бұл бір деңіз. Екіншіден қазақ даласына қан жаудырған талай-талай жаугершілік, ашаршылық, әртүрлі табиғи да адам қолымен әдейі жасалған аласапырандар сияқты тарихи зобалаңдар кезінде қазақ осы Сыр бойына келіп, жан сақтап аман қалған. Сыр бойы оларды сәбиін аман сақтауға жанын салатын анасындай әлдилеп, қамқоршы болған. Міне, сондықтанда «Сыр-Алаштың анасы» атануының аржағында осындай да бір сыр жатыр.
Әрине, Сыр өңірі дегенде ең әуелі сылаң қаққан сұлу Сыр атты дария (өзен емес»), күні кешеге шейін суының мөлдірлігі жөнінен дүния жүзінде екінші орында келген ( Эгей теңізінен кейін) айдынды Арал және бұл аймақ бүгінгі заманауи тілмен айтқанда Қызылорда облысы аталатыны еске түседі. Кезінде Қоқан хандығы салдырған, Ақмешіт деп аталған бұл мекен патша генерал-губернаторы Перовскийдің атымен де аталған шағы болды. Осындайда Алаш арыстарының бірі Сұлтанбек Қожановтың ел астанасы қандай болуы керектігі туралы айтқан мына бір лебізі еріксіз еске түседі: Қазақстанның астанасы зәулім биік, көп қабатты ғимараттардан ғана тұруы шарт емес. Мейлі, ол ылғи киіз үйлерден құралса да қалың қазақ тұратын қала ғана Қазақстанның астанасы болуы керек деген екен. Сол қалың қазақ тұратын, тілі, бүкіл тіршілігі қазақи қала Қызылорда біраз уақыт ел астанасы болып тұрғаны да мәлім. Қазақты қырып-жоюдың, қолдан келгенше құлдық қорлыққа салудың алуан айласын сонау патша заманынан бермен шебер қолданып келе жатқан Мәскеуге, әсіресе арамзалық ата-тегінен қанына сіңген Голощекинге ел астанасы Қызылорда тәрізді қалың қазақтың қақ ортасында болуы ұнаған жоқ. Сөйтіп, ел ордасы сол кезде жергілікті қазақтарды бір шыбықпен айдаған Семиреченское казачьи войсконың орталығы, орыс ұлты көбірек қоныстанған, патшалық Верный бекінісі – Алматыға көшірілді. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазақтың тілінің орысшамен араласып шұбарлануы, ділінің, ұлттық ерекшеліктерінің өзгеріске түсіп, бүгінгідей дүбара күйге түсуі тұп-тура сол кезден астананы Верныйға көшіруден басталды. Сол Сыр өңірі, яғни, Қызылорда уәлаяты Құдайға шүкір, күні бүгінге шейін ұлттық тілі мен ділін, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық сана-сезімін шашау шығармай сақтап келе жатқан өңірлердің бірі. «Жақсылыққа да бір себеп, жамандыққа да бір себеп» екені рас екен. Өйткені, Сыр өңірінің өз тарихында ұлттыққа, елдікке төнген талай сыннан аман өтіп, ұлттық қадір-қасиетін, елдік ерекшелігін сақтап қалуының бір себебі қашанда бұл аймақты басқаруға ылғи бір елім, ұлтым деп ділін, тілін, ұлттық намысын ту етіп көтеретін азаматтар келетінінен де болуы мүмкін. Олардың түгел атын атап, түсін түстеп атқарған абыройлы істерін түгендеп жату ыңғайсыз да, мүмкін емес те шығар. Бұл да Жаратушымыздың Сыр бойына берген үлкен сыйының бірі болуы ықтимал.
Ақиқатына келсек, ел басқарып, ел көшіне жөн сілтеп келе жатқан әкім-қара, басшы атаулыны бас салып орынды орынсыз, аяқ-қолын жерге тигізбей мақтай беру әдептілікке кереғар келері сөзсіз. Алайда, дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген екен. Ендеше, әңгіме осы киелі Сыр өңірі туралы болып отырғаннан кейін осы аймақтың, яғни, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың кіндік қаны тамған, өзі туып өскен, өлке алдындағы перзенттік парызын өтеу жолында атқарған, атқарып жатқан ірілі-уақты істеріне бірқыдыру тоқталып өту де соншалықты өрескел емес шығар.
Халқымыздың тектілік, дегдарлылық туралы айтқан қанатты сөздерін былай қойғанда «Әке көрген оқ жонар» деген нақылының өзі есі бар пендеге талай-талай ой салары хақ. Қырымбектің әкесі Елеу ағамыз кезінде ел басқарып, өз құзырындағы жұртшылық не көрсе, ол да солардың ащысы мен тұщысын бірдей көріп, суығына бірге тоңып, ыстығына бірге күйіп үлкен бір өнегелі өмір кешкен азамат еді. Сөйлесе тілі оралымды, ойы ордалы, мінезі сабырлы, келбеті келген бұл ағамызды алғаш көргенде-ақ біртүрлі жан-дүниесі өзіме жақын адамдай көрдім. Оным бекер емес екен: Қазаққа белгілі бір ақсақалдың үйінде ол кісі екі-үш адаммен әңгіме-дүкен құрып отырды. Мен жасым кіші болғасын олардан төменгі тұста отырып, жанымда тұрған домбыраны естілер-естілмес қып тартып отырғанмын. Кенет Елеу ағамыз маған қарай сәл бұрылып мына тартып отырғаның Қазанғаптың күйі ғой. Аты есімде жоқ, әйтеуір әуені таныс деді.
–Аға, бұл Қазанғаптың «Көкіл» деген күйі ғой.
–Ай, бәсе! Қазанғап керемет күйші ғой. Толған ой, толған философия. Әсіресе, әнебір "Домалатпай» деген күйін біздің Аралда бірталай жігіт тартады. Ой, сай-сүйегіңді сырқыратады-ау,-деді ағамыз. Оның қасында отырған екі қарт естіп отырса да бұл әңгімеге онша исіне қойған жоқ. Елекеңді ең алғаш жаныма жақын адам деп сол жолы түсінген едім. Өз басым кейбір ақындарша кез-келген адамға арнау өлең жазу дегенді онша суқаным сүймейтін еді. Кейін Елеу ағаға арнап бір өлең жаздым. Ол кісінің әртүрлі басшы қызметте істеп жүріп елге, ұлтқа, әсіресе ұлттық мәдениетке сіңірген еңбегі туралы оны көзі көргендер әлі де айтып отырады. Мұны айтып отырған себебім бүгінгі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев міне, осындай есті де ойлы, білікті де дегдарлы адамның тәрбиесін көріп өскен ел ағасы. Өнерге, өлең-жырға өте жақын. Сонау жылдары ел аузына кеңінен тараған "Аралдың табанынан су кетсе де, халықтың жүрегінен жыр кеткен жоқ" деген өлеңнің б«р-екі жолын жиі қайталайтынын байқап күлгенім де бар. Сөйтсем, Қырекең сол өлең жолдарын айтып отырғанда жүрегінің тереңдегі бір түкпірінде бекіресі бақаға, айдыны ақ сортаңға айналып, ақ шағаласы ұя салар алақандай жай таппай аласұрып басынан бағы тайған қайран Арал туралы бір ауыр ой жатады екен ғой. Иә, Сыр өңірі, Арал аймағы үшін ауыртпалығы мол сол жылдары бір ақынның бір отырыста сәл қызып алып:
Адамдардан аяныш таба алмай дым,
Ертеңіне тұқымы таралмайтын
Өміріне өкпелі дана қарттай
Арал қайтып барады, Арал қайтып
Бардым, көрдім арнасын арамдалған,
(Көлтабандар-көз жасы тарамдалған)
Қайран Арал телміріп тілсіз жатыр
Бір мейірім өтініп адамдардан!-деп мұңды ән созып отырғанын да көрген едік. Уақыт өте келе Аралдың адамдардан күткен сол мейірімі де оянды. Соның өзінде де сол жылдары Елбасыға Арал аймағының келешегі жоқ, бұл жердің халқын түгелдей басқа жаққа көшіріп, Қызылорда облысын таратуды ұсынған кертартпалар болыпты. Сол кезеңдегі жан-жақтан қыспаққа алған әлеуметтік те, экономикалық та, басқа да қиыншылықтарға қарамай Елбасы Н.Назарбаев мұндай ақылшысымақтардың бетін қайтарып Қызылорда облысын сақтап қалуды ұйғарды. Сыр атты киелі дарияның қос қанатын, қарт Аралдың арғы-бергі бетін атамзаманнан жайлаған қалың ел Президенттің осынау даналық та қамқоршылық ұйғарымы үшін күні бүгінге шейін оған алғысын жаудырып отырады. Елбасымыздың Аралды, Сыр бойын түгелдей аман сақтап қалуды көздеген аса маңызды бастамасы Көкарал бөгетін салу, қазір Кіші Арал аталып жүрген айдын шалқарды суға толтыру жобасы болды. Бұл расында да жұрт айтып жүрген «ғасыр жаңалығы» болды. Өйткені, бұл жоба тек қазақ елінің ғана емес, бүтін әлем экологиясының тағдырын шешетін, табиғатты апаттан аман сақтап қалатын жоба дерлік-ті.
Иә, қашанда бастама мен басшылық осындай ұлы игіліктерге бағышталғанда ел ішінен оны іскерлікпен іліп әкетіп жүзеге асыруға жергілікті, білікті тәжірибесі мол басшы әбден қажет. Елбасының осынау ұлы жобасын ел игілігіне айналдыру облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қыруар шаруаларының ең бастысының біріне айналды. Бүгінде Арал айдынында ойнақтаған ақжал толқынды, көк аспан мен көк теңіздің ортасында әлдебір шаттық үнмен шаңқыл қағып шырқай ұшқан ақ шағаланы, ақ бауыры жарқыл қаққан сары сазанды көргенде баяғы бала кезде көрген айдынды Арал әлдебір құдірет күшпен қайта айналып келгендей көрінеді екен. Қазір Аралда бұрынғыдай бекіре мен атақты Арал қаязын (сүген деп те атайды) қайта өсіру қолға алынып, басқа балықтың отызға жуық түрі тіршіліктің бір нәріне айналды. Бұл орайда облыс әкімінің тынымсыз еткен
еңбегінің жемісі аз емес екенін Сыр дариясының (өзен емес, дария!) қалың жамағаты жақсы біледі. Осы облысқа Қ.Көшербаев әкім боп келгелі Сыр өңірінің атакәсібінің бірі – балық өндірісі 65% артқан екен. Қолымыздағы кейбір мәліметтерге қарағанда 2012 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы әлеуметтік те, экономикалық та жағынан даму көрсеткіші бойынша республикадағы 16 аймақтың соңғы жағында болған екен. Облыс кейінгі бес жылдың көлемінде ең алдыңғы екпінді бес аймақтың қатарына қосылыпты. Осы жігіт әкім боп келгенге шейін облыста «мәселесі ауыр» 40-қа жуық құрылыс нысаны болса көп ұзамай соның бәрі жаңа тіршілікке бет бұрды. Ал білім, мәдениет, спорт салаларындағы «басынан ауыртпалық арылмаған» мәселелер түгел дерлік жаңғырып, жаңартылды. Қызылорда уәлаятында өсірілетін дақылдардың ең бастысы – күріш. Соңғы жылдары, яғни, уәлаятқа осы әкім келгелі күріш алқабының әр гектарынан 50 центрден өнім алынуда. Бұл көрсеткішке түкірігі жерге түспей шаруасы шалқып тұрған Кеңес Одағы кезінде ешкім қол жеткізбеген-ді.
Ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері тағы да былай депті.
Хакімдіктің мағынасы
Білікті деген секілді
Дүнияны түгендеп
Біліпті деген секілді
Біле білсек, сол біліктілік дегеніңіздің өзі әманда шаруашылықпен шұғылданып қазына-байлық, бақ-дәулет жинаудан емес, яғни, тәндік қажеттіліктен емес, жан сусынын қандыратын мәдени, әдеби, рухани дүниеге деген сүйіспеншіліктен, соларды қастерлеуден басталады екен. Және киелі қасиет те адам баласына мейлің хан бол, мейлің қара бол, адамға әкенің қанымен, ананың сүтімен, арғы-бергі текпен келеді екен. Қырымбек әкімнің әкесі Елеу де осындай рухани дегдарлылықтың адамы болғаны туралы аз ғана тоқталып өттік, әлгінде. Міне, сол рухани дегдарлылық Қырымбек Көшербаевтың бойында да өрістеген қасиет екенін ол бұған шейін Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын басқарып тұрған шақта талай байқағанбыз. Ол еліміздің қай түкпірінде жүрсе де өзі басқарып отырған сол аймақтағы мәдениет, өнер, әдебиет, қолөнер саласын, әсіресе ұлттық рухани қазыналарға қамқорлық жасауды, оның ортайғанын толтырып, кемдігін кемелдендіруді өзінің үлкен бір азаматтық парызы санайтынын сол аймақтардың қарапайым халқы да, өнер, әдебиет саласының өкілдері де әлі күнге аузынан тастамай айтып келеді.
Қарап отырсаңыз, көркем әдебиет кейіпкерлеріне арнап қойылған ескерткіштер әлемде санаулы-ақ. Сол әлемдік өлшеммен салыстырғанда алақандай ғана Арал қаласында әйгілі қаламгер Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» диологиясы бойынша қойылған ескерткішке көз салыңызшы. Ақ қар, көк мұз құрсанған елсіз айдында Алланың аманатқа берген жалын қайта тапсырғалы ақырғы демін алып жатқан алпамсадай азамат – Жәдігер. Оның жанында қу тіршілікте сол Жәдігердей ерінің қадірін білмей, қара басын тау-тасқа соғып күн өткерген, енді міне, өмірдің соңғы сәтінде кеш те болса есін жиып, тәубеге келген сыңайлы Бәкизат. Әлде Жәдігердің кеудесінен шыр етіп ұшып шыққан шыбын жаны ма, әлде отбасылық дәурені өкініш пен өксікке толы осы қос бейбақтың өмірінің жалғасы ма кім білсін, әйтеуір жұдырықтай жүрегін қос қанатымен көкке қарай көтеріп шырқырап әкетіп баратқан кіп-кішкентай бозторғай. Осынау еңселі ескерткішке қарап тұрып, көкірегінде сәл ғана саңылау бар адам бұл ойлы да озық дүниені орнатудың бастамашысы кім болды екен дері сөзсіз. Осындай ескерткіш орнату, оның идеясы қандай болуы керектігі және оның ұлы жобасы туралы, оған қай мүсіншінің туындысын таңдап алу сияқты мәселенің ешбірі әкім Қ.Көшербаевтың қатысуынсыз, оның пікірі мен көзқарасынсыз талқыланған емес. Қаржы табу – өз алдына бір өзекті шаруа. Ал енді осы ескерткіш орналасқан жердің өзі үлкен бір саябақ дерсіз. Бұл саябақтың территориясындағы кейбір бұталық және діңгекті ағаштардың өзі әлемнің Қазақстаннан шалғай елдерінде ғана өседі. Арал өңірінде бұрын-соңды көпшілік көре қоймаған осынау сәнді саябақтың қақ ортасындағы дөңестің үстінде еңселі, көркі көз тартарлық ғимарат тұр. Ол аталмыш роман «Соңғы парыздың» авторы Ә. Нұрпейісовке арналған мұражай. Мұражайдың ішіндегі қонақбөлме, зал, кең асхананы, ондағы жиһаз, мүліктерді айтпағанда оның безендірілуінің өзі бір мектеп болуға лайық. Қырымбек Елеуұлы міне, осының бәріне тікелей өзі басшылық жасап, әр істің қалай атқарылып жатқанын өз бақылауында ұстаған көрінеді.
Иә, бүгінгі Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы қызмет еткен облыстарды былай қойғанда өзінің кіндік қаны тамған туған жерге, оның рухани қазынасына деген қамқорлығын бір мақалада айтып түгесу міндет емес. Әйтсе де солардың соңғы кездері ғана атқарылған мынадай бірсыпырасына тоқталып өтудің артықшылығы жоқ шығар. Осыдан сәл ғана бұрын ел астанасында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында Қорқыт ата ескерткішінің кешені түгелдей қайта жаңғыртылып, толықтырылып туристік нысандар тізіміне кіргенін естідік. Ел қорғаны, әрі әулие, әрі батыр Жанғожаның, түбі бір түркінің
басын біріктіруді өмір бойы көксеп жат жұртта топырақ бұйырған Мұстафа Шоқайға, ұлтым деп, елім, тілім деп еңіреп өткен Темірбек Жүргеновке, өзге де мемлекет, өнер, мәдениет қайраткерлеріне ескерткіштер қойылып, әлеуметтік нысандардың аттары берілді. Әдетте, ұлтының, елінің тарихынан бейхабар ұрпақ оның қадірін білмейтін, өзгенің қаңсығын таңсық көретін не мәңгүрт не тиянақсыз бір дүбәра боп өсетіні аян. Осыны ескерген ел азаматының, Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Сыр өңірінде ортағасырларда орналасқан Сығанақ, Шірік Рабат, Жанкент қалаларында ауқымды қазба жұмыстарын жүргізу жолға қойылды. Археология саласындағы бұл кешенді іс-шаралардың арқасында ЮНЕСКО-дағы әлемдік мұралар тізіміне осы Сығанақ, Шірік Абат, Жанкенттермен бірге Кескен күйік, Жент, Баланды мекендері, Жетіасар деген жалпы атауы бар мәдени ескерткіштер, Бәбіш-бейіт, Сауысқандық петроглифтері енді.
Сауысқандық демекші, қазір осындағы ваннадий қорын игеру басталып та кетті. Әнебір жылдары шаруашылығының кенеуі кетіп көзге күйік болып тұрған «Шалқия» кен орны қайтадан қызу тіршілікке кірісті. Шыны зауытының құрылысы қайта басталды. Әкім болған адам өткен замандарға да ой көзін жүгіртіп, көненің керегін алып, қажетсізін жайына қалдырып отыруы да шарт. Сонау Кеңес заманында жыл сайын өткізіліп тұратын думан іспетті «малшылар слеті» деген біраздан бері елдің есінен шыққан-ды. Қырымбек Елеуұлы келгелі осы малшылар слеті жыл сайын өткізіліп тұратын болды. Облыстағы мал басы 1993 жылдары ең көп деңгейге көтерілсе, бүгінде ол одан әлдеқайда асып кетті. Қазір облыста төрт түлік мал түгел өсіріледі. Оны айтасыз мал еті шетелдерге экспортқа шығарылатын болды. Бұның бәрін қысқаша да болса келтіріп отырған себебіміз әнебір жылдары бүкіл тиын-тебені мұнайға ғана қарап қалған уәлаят экономикасы соңғы жылдары тіршілік көзінің сан тараптарын қамтитынын атап өту болатын.
Иә, қашан көрсең жарғақ құлағы жастыққа бір тиіп, бір тимей тыным таппай ат үстінде жүретін, Сырдың сырына қанып, Аралдың аманатын арқалаған, Қырымбек Елеуұлын – Ел ұлы дегенді естідік ел ішінен. Осылайша елі ер қадірін білуінің өзі азамат арманының бір шырқау шыңы емес пе?! Әрине, бүгін қолымызға қалам алудағы мақсатымыз – өзіміз қысқаша ғана тоқталып өткен Сыр өңіріндегі игілікті істерді атқаруда бір ғана адамның еңбегін паш ету емес. Мақсат – сол ұлы істердің бастаушысы Елбасының ұлы жобаларын іске асыруға қалың елді жұмылдыра білген өңір басшысының да, бақыттың бір көзі еңбек, мехнат деп білетін еңбеккер елдің де табанды тірлігін, болашаққа деген зор сенімін қал-қадерімізше хатқа түсіріп, үлгі есебінде ұсыну-тұғын.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Қазақ үні