ҰЛТТЫҚ НАМЫС ПЕН САНАНЫ ШЫҢДАР БАСЫЛЫМ
2018 ж. 11 тамыз
3686
0
«Қазақ үні» газеті алғаш «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы 11-тамызда жарық көрді. Кейін ұлт зиялыларының ұсынысымен 2013 жылы 1 қаңтардан бастап, "Қазақ үні" деген атпен оқырманға жол тартты. Газеттің алғашқы қадамына сәттілік тілеп, ақ батасын берген ұлт зиялыларының жүрекжарды лебізін атаулы күні оқырман назарына қайта ұсынуды құп көрдік.
ОЙЛАНАР, ҚИМЫЛДАР КҮН ЖЕТТІ...
Бүгінгі таңда қазақ халқының халықтық қасиетін сақтап қалудан артық міндет жоқ. Мемлекетіміздің гимнінде айтылғанда: «Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалыппыз» деп тек шындықты, айту менен жүрсек, одан тиісті қорытынды жасау қолымыздан келмесе, кешегі күніміздің қайталанбасына кім кепіл? Басқалар таңқаларлық ғасырлар бойы өркендеп өскен бай тілімізбен, шешендік өнерімізге, мәдени-рухани байлығымызға соңғы жылары білім, ғылым саласындағы айтарлықтай табыстарымызға құлдырау қаупі тағы да төніп тұр. Бүгінде қиындық жалғыз біздің елдің басына түсіп тұрған жоқ. Дегенмен де, қазақ халқының үлесіне тиген ауыртпалық еңгезердей, өзгеше зіл. Ананың ақ сүтіп ішіп, адал болғанымыздың азабы ма, әлде ұйымшылдығымыздың әлсіздігі мен төзімділікке қарапайымдылыққа үйренген әдетіміздің салдары ма? Әлі де кеш емес. Рухани қазына байлығымыз, алға ұмтылған ынта-жігеріміз, ата-бабаның аруағы мен аманаттарын ұраны етіп ұстаған азаматтарымыз бен жастарымыз баршылық. Оларға қолқабыс көмек-тіркеу керек. Осы жолда «Жас қазақ» газетінің, оны ұйымдастырушылардың алдына қойып отырған күрделі мақсаттары жемісті болсын деген тілегімді айтқым келеді.Салық ЗИМАНОВ
Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі
ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТІҢДЕР
Қазақтілді басылымның дүниеге келуі – қуаныш. Ал ол руханият және білім мәселелерін қозғап жатса, тіпті жақсы. Тілейтінім – ешкімнің қас-қабағына қарамай, ақиқатты ашып айту керек. Үлкен демей, кіші демей, лауазымына қарамай шындықты жазған басылым ғана бағалы болады. Елге, халыққа қызмет етіңдер! Алдарыңнан жарылқасын!Қадыр МЫРЗА ӘЛІ
Қазақстан Халық жазушысы
ЖАСТЫҚ ЖІГЕР ТІЛЕЙМІН
Әдебиет пен мәдениеттің қамын ойлап шығып жатқан жас газетке даңғыл жол, ұзақ өмір тілеймін. Елдің рухын жырлайтын, дәріптейтін бұл басылымды әрқайсымыз да, бөбегіміздей сүйіп, әлпештейтін болайық. Жастыққа тән жігер мен сенім, жалынды махаббат осы газеттің өн бойынан көрініп тұрса екен деп тілеймін. Іске сәт, бауырларым!Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ
Қазақстан Халық жазушысы
ҰЛТТЫҚ НАМЫС ПЕН САНАНЫ ШЫҢДАР БАСЫЛЫМ БОЛҒАЙ...
Біздің елде қазақтың қамын жеп, шындықтың тізгінін ұстап, әділет жолын мұрат тұтқан басылымның саны біраз бар. Алайда қазіргі қаптаған шетелдік және орыс басылымдарының қабатында бұлардың үні халыққа кейде жетіп, кейде жетпей жатады. Бұл бірде шығып жатқан басылымдардың мазмұны мен тіл шеберлігіне байланысты болып жатса, бірде қазақ тілін жетік білетін оқырманның барған сайын азая түсуіне де байланысты сияқты. Мұның үстіне қазақ тілінде оқитындардың қалтасы жұқа, ал қалтасы қалыңдардың көбі орысшаға ынталы, тіпті кейінгі кезде олар шет тіліндегі басылымдарға ден қойған. Жылдан жылға таралымы сиырқұйымшақтанып селдіреп бара жатқан газеттері әупірім деп күнелтіп отырған шақта мемлекеттік тілде жаңадан газет шығару үлкен ерлік. Міне осындай кезеңде "Жас қазақ үні" деп аталатын жаңа басы- лымның бас көтеруі нағыз тәуекелдің ісі. Мұны шығарушылардың мақсат мүддесіне құлақ түрсеңіз көтеріп, мән бергелі отырған мәселелері көкейге қонады. Рухани әлемі жұтаңданып, ұлттың рухы бәсеңсіген жастар легінің мәнсіз, мағынасыз өмірі мен сүреңсіз, сұйық әрекеттерін көргенде, олардың жанбай жатып сөнуге айналған жігерін шыңдайтын, ұлттық намысын қайрай түсетін жалын атқан ойлы сөзбен тағы да қалғи бастаған сананы селт еткізер басылымның қатары көбейе түссе артық емес. Тек ол өзінен бұрынғыны қайталамасын, өзге газеттердің көшірмелі көлеңкесіне айналмасын деңіз! Әсіресе кейінгі кезде иесіз қалған жас буынның сенделген санасын бір арнаға бағыттап, ұлттық мүдде үшін күресе білетін мақсаткер, отаншыл азамат тәрбиелеу қажет-ақ. Неге десеңіз жүздеген жылдар бойы аңсаумен әрең жеткен тәуелсіздік тұғырының бекітіле, нығая түсуі жастарға тікелей байланысты. Өйткені болашақ ел иесі солар. Егемендік үшін және "тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің" демеуші ме еді қазекем. Абай дана айтпақшы, жігіттердің істі бастауына сүйіне отырып, бұларды ата-баба әруағы қолдасын дейік! Қан мен терін аямай төккен халқымыздың құдай қолдап осындай мәртебеге жетіп отырғанда, соның құны мен парқын тереңірек түсініп, бірлік пен ынтымаққа жетелейтін жігерлі әрекеттерге бару орнына немқұрайдылыққа салыну орны толмас өкінішке апаруы мүмкін. Елін, жерін, тілін жан аямай қорғай білетін отаншылдар тәрбиелей алмасақ, тәуелсіздіктің тізгінін қолдан шығарып алу ғажап емес. Құдай сақтасын, әрине. "Жас қазақ үні" осы тектес мәселелерді қазақтың шешен тілінде жалындата жазып, жастар қолыңдағы ойға, ақылға, береке-бірлікке жетелейтін қуатты құралға айналса екен деп тілеймін.Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
"Қазақ тілі" халықаралық қоғамының вице-президенті
11.08.2000 ж.
(Материал "Қазақ үні" газетінің архивінен алынды)
qazaquni.kz