ШАҚПА ТІЛДІ ШАРАПХАН
2018 ж. 21 шілде
4897
0
Шарапхан Кенжеханов – Оңтүстікке белгілі сатирик ақын, журналист, суретші... сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Көзі тірі болғанда 80-ге толып, дүркіретіп тойын жасап жатар еді. Амал нешік, дүниеден өткеніне де 15 жылдың жүзі болыпты. Артында қалған ұрпақтары тамыздың 11-жұлдызында Жетісай қаласында ас беріп, еске алу шарасын өткізіп, кітап шығармақ ниетте көрінеді. Сол кітапқа енетін естеліктердің бір шоғырын газетімізге жариялап, «ас қабыл болсын!» айтамыз.
ТАҒДЫР
Осы естелігімді «Тағдыр» деп атағанды жөн көрдім. Олай дегенім, өзімнің өткен өмірімнің бәрі сол тағдырға байланысты болды.
1956 жылдың күзінде мен оқитын мақта иіру фабрикадасындағы жүзден астам қыздармен бірге Оңтүстікке мақта теруге бардық. Сол барған жерімізде – өмірлік жарым – Шәкеңді кездестірдім. Бізді орталықтағы мәдениет үйінің алдына әкеліп тоқтағанда биік сатыға шығып тұрған қап-қара бозбаланы көрдім. Бойы аласа, шашы бұйра, тура негрді көргендей болдым. Сонда қыздарға дауыстап айтқаным: «Бізді Африкаға әкеліпті, қараңдар, мұнда негрлер бар екен, – деп. Қыздар ду күлді. Сол негр кісі – клубтың маңдайшасына: «Жаппай мақта терімге шығайық!» деп ұран жазып тұр екен. Келешекте өмірлік жарым болатынын сол жерде шешіпті. Содан бері алпыс екі жыл өтіпті. Оның қырық жеті жылын екеуміз отбасы құрып өткіздік. Сезім шіркін, екеумізді бірдей баураған екен. Сол мақталықтың басында өзінің әңгімесімен, қалжыңдарымен, күнделікті көрсеткен жәрдемімен, киноларға апаруымен өзіне қарай жақындатып келді. Ең бірінші мені таңқалдырғаны – өзінің ішкі дүниесінің кеңдігі, мәдениеттілігі, этикасы, тазалығы, елден, жерден қандай тәрбие алғанына қарай сөйлескен сайын мені баурап алғанын өзім де сезбей қалдым. Оқыған кітаптары, жатқа айтқан өлеңдері және өзінің шығарған өлеңдерін маған күн де оқып, айтып беретін. Бір айдың қалай өткенін байқамай да қалдым. Сол кездегі қамқорлығы – менің шашым ұзын да қалың болатын. Шашымды жуа алмай қиналып жүргенімде, сол жерде тұратын бір кемпірге апарып, таныстырып, жағдайымды жасады. Ол кісі кейін өзім келін болып барғанда маған «ене» болып шықты.
Бір күні қасымдағы досым екеумізді қонаққа шақырды. Өзінің үйі жоқ, ағасының үйіне бардық. Ол кісі Ерғалидің әкесі – Шәмбіл қайнаға еді. Өздері жас, үйленгендеріне 3-4 жыл болған. Аңқаш деген келіншегімен бір қоржын тамдары бар екен. Олар дастархан жайып қарсы алды. Барын қойыпты. Бір кезде ет әкелді, кәрі жілікке көзім түсті. Есіме апамның кәрі жілікті қызға бермейді, алдына да қоймайды деген сөзі түсіп кетті. Соны Шәкеңе айттым. Сонда ол таңқалып, «сен мұны қайдан білесің, қаланың қызысың ғой» – деді. Бізді мал соймайды, түк те білмейді деймісің? – дедім. Кейін ол кісілер ең жақын қайнағам мен абысыным болып кетті. Келін болып бірінші сол үйге түстім. Ең жақын адамдарым, қайнағам – ақылшы болды. Қиналған кездерімде сол кісілерден күш-қуат алатынмын.
Соңғы кешті қоштасумен өткіздік. Сондағы Шәкеңнің аспанға қарап, айдың жарығына мені қаратып қойып, шығарған бір шумақ өлеңі әлі есімде:
«Алтыным, алтын жалатқаным,
Еріксіз айға бұрып қаратқаным.
Жүрегі сонда, өзі мұнда жүрген,
Есіңде болсын әркез
Шарапханың!»
Осы да өлең болып па деп мен күлдім. Сонда Шәкеңнің айтқаны: – Мен өмір бойы саған арнап өлең жазуға дайынмын, тек менің сезімімді қабылдасаң, түсінсең, өмірлік серігім, жарым болсаң, арманым болмас еді – деді. Мен оған уақыт көрсетер дедім. Содан қайттық. Алматыға келгеннен бастап хаттарды алатын болдым. Ол хаттар, екеуміздің сезімімізді оята түсті. Ол өзім үшін ғана жазылғандықтан жариялаудың қажеті жоқ деп ойлаппын. Хаттардан кейін жаңа жылға өзі де келді. Содан 1958 жылдың сәуір айында Түзел деген нағашысымен мені айттырып келгендей болды.
Содан біз қосылуға келістік. Менің әке-шешем, туған-туыстарым кішігірім той жасады. Сол жылы мамырдың 4-күні некемізді қиып, ерлі-зайыпты болдық. Мен Шәкең екеуміздің қалай қосылғанымызды ғана айтпақпын. Өміріміз солай басталды. Алланың берген несібесін көріп, бала-шағалы болдық. Оқуды да оқыдық, қызметті де істедік, ешкімнен кем болған жоқпыз. Бірімізге біріміз қашан да сүйеу болдық. Алланың қолдауымен шамамыздың келгенінше тырыстық, абыройлы болдық десем де болады. Шәкеңнің ең бірінші қасиеті – туған-туысқандарға, жора-жолдасқа деген көзқарасы еді. Осылардың көңіліне қарап, соларға қызмет істеуге әр кезде дайын тұрады. Ағайынға келген келіндердің беташарын тек өзі өткізетін, әрқайсысына бөлек-бөлек шумақтарды жазатын, бір-біріне еш ұқсамайтын. Менің ренжігенім – Шыңғыстың сүндет тойын берейік дедік. 150 адам шақырып, палатка құрып, дастархан жайып, бәрі дайын болғанда, Шәкеңді Сапар келіп, өзінің жиенінің құдалығын өткізуге алып кетті. Шәкең деген жиналды да кетті де қалды. Ал мен ештеңе де айта алмадым, бәрібір тоқтамайтын еді.
Әйтеуір сол тойды қайнағаларым, жора-жолдастардың арқасында өткіздік. Мен қиналғанымды ешкімге білдірген жоқпын. Сондағы ол кісінің айтқаны – достың көңілін қалдырмау, ал сенің қолыңнан келетін болған соң, өзіңе сендім дегені. Ондай жағдайлар көп болып тұрды. Ол кісіге ештеңе дей алмайтын едім. Балалардың оқуы, ер жеткендері, әрқайсысының үйлі-жайлы болуы, өз кезегімен болып жатты. Оның бәрін жаза берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Басымыздан талай жағдайлар өтті. Бәрін де ойлаумен, ақылдасумен өткізуге тырыстық.
Екеуміздің ойымыз бір жерден шығатын, келіспесек, біраз сөйлеспей, үндемейтін едік. Бірақ, бірінші болып әңгімені өзі бастап, келісетін едік. Біздің айтатын тақырыбымыз да, сөзіміз де еш таусылмайтын. Бөлісетін ойымыз көп болатын. Мені шамасы келгенше еркелететін, жылдың қай мезгілі болмасын, гүл сыйлайтын, кітап сыйлайтын, көңілімді көтеру үшін аяқ астынан өлең жаза салатын, болмаса сурет-шарж салатын... Соларымды сағынамын қазір, аңсаймын. Амал қанша, ол кездер қайтпасқа кетті.
Тағдыр тағы да осылай ұйғарыпты. Оның мәңгілік мекеніне кеткеніне биыл 15 жыл болды. Алла бірге қартаюға жазбапты. Мені тағы да қалдырып кетті. Осы 15 жылдың ішінде түсіме кірмеген түн болған емес, әлі сол баяғы күндердей бірге жүреміз, бір жаққа бара жатамыз – келе жатамыз...
Жаза берсем, біздің өміріміздің тарихы болып кетер, айтатын сыр да, сөз де жетерлік. Қалғанын өзіммен бірге ала кетермін. Қыздарым, ұлдарым, немере-шөберелерім, біздің әулетке қосылғандарым – бәріне Алла тағала өмір берсін, қосақтарымен қоса ағарсын. Біздің болғанымызды, өмірімізді естеріне сақтап алып жүрсін деген ниетпен жаздым.
Райхан Кенжеханова,
Шарапханның жары
ӘР ӘЗІЛІ ЕЛ АУЗЫНДА ЖҮРЕТІН ТАПҚЫР ЕДІ
Көкем туралы көп айтуға болады, әлі айта береміз де. Кез-келген ауылдағы отырыстарда, көкемнің сықақ өлеңдерін еске алмайынша отырыс отырыс болмайды. Себебі, кез-келген қимыл іс- әрекет,әңгімелер сол кісінің айтқан әзілдерімен ұштасып жатады. Кішкентай кезімде ауыл ағаларынан еститінбіз, «Алматыда бір жоғары білімді ініміз бар, елден шыққан, оқып үлкен азамат болды» – деп отыратын. Кейін ағайындар сол кісіні яғни, Шарапхан көкемді 1960-шы жылдардың ортасына таман елге көшіріп алып келді. Көкем Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген болатын.Келе салып қызметке орналасты. Алғашқыда, менің білуімше Аудандық атқару комитетіне нұсқаушы болып қызметке кірген. Кейін редакцияға ауысты. Қызметі жоғарылап, Өзбекстандағы Мырзашөл ауданының «Достық» газетінің бас редактор қызметін бірнеше жыл атқарды. Мен сол 1965-ші жылдан сол көкемнің үйінде жатып оқыдым. Үй М.Әуезов атындағы орталық көшесінің бойындағы екі қабатты алғашқы үйлердің бірі еді.Көкеміз өте ақкөңіл, кіршіксіз таза жан еді. Ал, әзілдері бір бөлек-тін. Көп адамды ойландырып қоятын. Ауылдағы жаңа түскен келін біткеннің бәрінің беташар өлеңдерін өзі жазатын. Әр адамның мінез-құлқына, қызметіне сай дәл тауып, айнытпай суреттейтін. Беташар басталғаннан тойда қыран күлкі болып, біреулері риза, біреулері өкпелеп кетіп жататын. Сол сияқты көкеміз, өте сөзге шебер, әрі тапқыр еді. Қай сөзге болмасын, жауабы дайын тұратын. Мен көкемнің үйінде жатып оқимын ғой. Бір күні дүкеннен ауа-райын өлшейтін құрал сатып алдым. Сөйтіп оны балконның бұрышына қадап қойдым. Күн де таңертең соған қарап ауа- райын болжап жүремін. Химия пәнінен сол өлшегіш құрал туралы сабақ болды. Мен үйге келе салып сол градусникті сындырып, быт-шытын шығардым. Сондағым, ішінде не бар екенін көру ғой. Балалық қой, әжептеуір тұрған затты құрттым. Кешке көкем келген соң, ана қылығымды көріп ұрысты-ай келіп. Жеңешем ара түсіп жатыр. Менің ойым өзім сатып алған затты не істесем де болады деген түсінік қой. Ал, көкем маған кез-келген бүтін тұрған затты бүлдірмеу керектігін айтып жатыр ғой. Оның бәрін кейін, есейген соң түсіндік. Ол градусник оншалықты маңызды да емес қой, маңыздысы сол – бүтін затты бүлдірмеу. Негізі, ашуы жоқ, балаларға еш зекімейтін. Кейін де, мен студент кезімде де Жетісайға соғып, көкемнің қолын алып кететінмін. Менімен өзімен тең кісідей сөйлесетін, жарықтық. Сол үйде жүрген соң жеңешемнің де маған деген ықыласы ерекше зор еді. Мен мектепке ерте тұрып кетемін. Жеңешем ерте тұрып, маған шәй беріп, мектепке шығарып салатын. Ол кезде Жаннат, Ләззат, Шынар кішкентай, Шыңғыс енді туылған еді. Қазіргі Жетісай қаласының әкімі ғимаратының жанында. Сол жерден өткен сайын есіме сол балалық шағым түседі. Біз тұрған көшеде мейрам сайын, 1-мамыр, 9-мамыр күндері халықаралық шеру өтетін. Қаланың сол кездегі көрнекті жері болатын. Көкемнен менің үйренгенім көп болды және көп еліктейтінмін. Ол кісі ақындығымен қатар жазу, сызу өнерін де өте жоғары деңгейде меңгерген болатын. Тума талант еді... Содан көкем Жетісай музыкалық драма театрында директор болып жүргенінде көп жерден арыз жазыла берген соң өз еркімен жұмыстан шығады ғой. Сол кездегі аупартком хатшысы С.Малдыбеков деген кісі кейінге уәде беріп автобазаның кадрлер бөліміне уақытша жұмысқа тұрғызыпты. Әні-міне дегенше алты айдың жүзі болады. Шыдамы таусылған көкеміз хатшыға автобазаның кемшілігін жырмен өткір сынап хат жазған екен. Жағдай қалай ақсақал, ел ағасы? Биік үйдің сияқты бел ағашы. Салмағына бейнеттің бой бермеңіз, Сонда тыныш болады ел арасы. Түрмеде отырғандай күн санадым, Тағдыр неге тұсаулап, тұмшалады? Алты айда айдаушы боп шыққандарға, Алты жыл оқыған нем жұмсалады? Сізден сыр, жасыратын пікір бар ма? Арамызда келісім, бітім барда, Құтқарады мені деп күтудемін, Қолыңызда айбарлы үкім барда ... Үмітімді арманға қанат қылып, Шыдап келем әзірше тағат қылып. Автобазаға мені айдап апарғанша, Жібергенің жақсы еді қаматтырып! – деген екен қапа болған көкеміз. Бұл хат хатшының қолына тиді ме, тимеді ме білмедім, көкеміз кейін зейнетке шығып кетті. Бірақ, осы бір хаты ел аузында қалып қойды. «Сегіз қырлы бір сырлы» демекші, біздің көкеміз дәл сондай жан еді. Жатқан жері жайлы болғыр, асыл ағамыз!.. Дүйсенбек Әйтенұлы, інісіДҰҒА МЕН БАТА
Еске алып ағайын-жұрт, көзкөргені, Еңбегін есті ұрпақ безбендеді. Алланың атқан оғы тимегенде, Сексенге келер еді сөз мергені. Жаратқан қолдаған соң қара халық, Ер Шәкең топтан озды дараланып. Ас емес мына жиын той болғанда, Ән салып жүрер едік, шарап алып... Қазақтың шақпа тілді Шарапханы, Көп болды елді өзіне қаратпады. Сыр қалды кейінгіге сексен түрлі, Жыр қалды қардай аппақ парақтағы. Қанша жыл қараша үй қаңырады, Қанша жыл асыл жарың аңырады. Отыңды өшірмейді ұрпақтарың, Ордаңның шайқалмайды шаңырағы. Әр үйде ұлдарың да, қыздарың да, Бас қосар дәстүріңді бұзғаның ба! Дұғаға қол жаямыз жұма сайын, Батаға қол жаюшы ек Сіз барында... Ғалым Қалибекұлы МАҚТААРАЛДЫҢ ТОПЫРАҒЫ КИЕЛІ Айтқан сөзі қысқа, нұсқа, жүйелі, Ал әзілі жүрекке ыстық тиеді. Дәл осындай абзал жанды әкелген, Мақтааралдың топырағы киелі. Жаны таза, жүрегі ақ, періштем, Кездескенде құшақ жайып көріскен. Адал достар аз-ақ қалды-ау өмірде, Досы үшін жан суырып беріскен. Күпірлік те, ынжықтық та емес-ті, Жаптым – жала, кінәламай Кеңесті. Бәрі сенің қарапайым мәрттігің, Тал бойында тәкәппарлық тең өсті. Солай бауырым аттап өттің белесті, Жүрегіңде адам-ақын тел өсті. Жұбайың мен ұрпақтарың шығарған, Бір кітабың он кітаппен теңесті. Санында емес сапасында маңызы, Әр бетінен көрініп тұр таң ізі. Тамсандырып жастарды да, қарттарды, Болып кеттің Мырзашөлдің аңызы. Оңғарбай Қалдыбаев qazaquni.kz