«Дарын» тіл орталығы дарынды жастарды шақырады
2018 ж. 20 шілде
4067
0
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Әрбір Қазақстан, әрбір халық өзінің рухани орталығын анықтап алуы керек», деп деп атап көрсеткен. Осыған орай, Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі №4 кітапхана-бөлімшесінде осы бағдарламада көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының Алмалы аудандық филиалының басшылығымен салтанатты түрде «Дарын» тіл орталығы ашылды. Жастарға арналған орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне - ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Чечен Республикасының «Ұлт намысы» орденінің және «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегері Рафаэль Ниязбек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Құрманқызы Рысберген, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газетінің президенті Қазыбек Иса, «Нұр Отан» партиясының Алмалы аудандық филиалының кеңесшісі Төрехан Cамат Сұлтанұлы, «Ел-шежіре» қорының үйлестірушісі Бейбіт Нәлібаев және оқырман жастар қатысты.
Кітапхананың жанынан ашылған «Дарын» тіл орталығының мақсаты - Мәңгілік Қазақ Елінің мұратын ұлықтайтын білімді шығармашыл жастарды сөз өнеріне баулу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, жас ұрпақ бойына сөз құдіретін сіңіру,тіл көркемдігін тереңдету, талантты жастардың талабын ұштау, ақындық өнер құдіретін таныту, жастардың әдемі әдеби тіл байлықтарын қалыптастыру болып табылады. «Дарын» тіл орталығы өз жұмысын 3 бағдарлама аясында жүзеге асыратын болады: «Інжу-маржан» - отандық және әлемдік әдеби жәдігерлердің озық туындыларын насихаттау арқылы жастарды шығармашылық шеберлікке, сөз өнерінің құдіретін тануға баулиды, ақындық өнерге ден қойған жастардың талантын ашып, дарынды жастарды көркемсөз шеберлерінің байқауларына, әдеби жарыстарға дайындайды. «Ғажайып қазақ тілі» - басқа ұлт өкілдерін қазақ тілінің әліпбиімен, сөздердің үндесім әуезімен таныстырып, мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылықтарын ояту, қазақ тілінде таза, сауатты сөйлеуге үйретіп, ойын еркін айтуға, тіл байлығын дамытуға тәрбиелейді; «Латын әліпбиі» - латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің оңтайлы технологияларын меңгерту, латын әліпбиін үйрету. Осыған орай латын әліпбиі туралы көрнекті ғалымдармен шеберлік дәрістер, дөңгелек үстелдер, сабақтар ұйымдастырылады.
Дарынды жастарға арналған «Дарын» орталығын Рафаэль Ниязбек ағамыз ақ батасымен ашып беріп, кітапхана қорына өзінің жаңадан шыққан кітаптарын сыйға тартты. Қазыбек Иса жастарға әртүрлі салада қол жетімді білім беріп, ақпараттық көмек көрсету мақсатымен ашылған орталыққа сәттілік тілеп, қолдау көрсететінін жеткізді. "Ақ жол" партиясы шығарған "ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы" кітаптарын сыйлайтынын айтты. Мемлекеттік тіл мәртебесі, Латын әліпбиінің маңызы туралы толғады.
Арнайы шақырылған қонақтар латын әліпбиі туралы, қазақ тілінің болашағы туралы көкейкесті ойларын ортаға салды. Филология ғылымдарының докторы Қыздархан Құрманқызы Рысберген латын тілінің терминологиясы толығымен зерттеліп жатқанын айта келе, Тіл институтының қызметкерлері жастарға латын тілін үйретуге, шеберлік дәрістер беруге дайын екенін атап өтті.
Салтанатты шараға «Қасиетті , киелі мекен – Қазақстан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған Ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тамыры бар Ұлы Дала Елінің тарихы мен дара тұлғалары туралы, еліміздің қасиеттіжерлері мен киелі ескерткіштері : Ұлытау төріндегі жәдігерлер, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Тараздың ежелгі ескерткіштері, Жетісудың киелі мекендері, Алматының 5 жәдігері туралы құнды кітаптар, ұлттық салт-дәстүріміз, бен ғасырлар қойнауынан жеткен әдеби жәдігерлеріміз, тіліміз бен заманауи мәдениетіміз туралы құнды кітаптар қойылған.
Оқырмандардың білім көкжиегін анықтау мақсатында әдеби-танымдық викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген қатысушыларға құнды кітаптар сыйға тартылды. Жаңадан ашылған орталықтың «Інжу-маржан» бағдарламасының алғашқы шымылдығын кітапхана қызметкері Ақгүл Айдарбекова тарихтан сыр шертетін монологпен ашса, орталықтың мүшелері Нұрбек Жаңғабаев, Айжарық Мұралқан, Нариман Балтабай жырдан шашу шашты.
Ақгүл АЙДАРБЕКОВА