Амангелді АЙТАЛЫ: Өзін сыйламаған ұлт басқаны да құрметтей алмайды

Амангелді АЙТАЛЫ,  философия ғылымының докторы, профессор

«Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда,

олардың артында басқа халықтарды

белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары

тұрғанын есте ұстауымыз керек».

Н.Назарбаев.  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»

I

Қуатты мемлекеттердің экономи­ка­лық, қаржылық, саяси, әлеуметтік-мәдени экспансиясы бүгін басталған жоқ, ол капитализмге тән құбылыс. Бұл үрдістің жаһандану заманында адамдардың ұлттық төлтума қасиеттерін, рухани сипатын өзгерту пиғылы айқын көрініс алып отыр. Жаһандану («глобализация», «глобализм») ұғымдары XX ғасырдың 80-шы жылдары АҚШ-та қолданыла бастады. Алғашқы еңбектер «Шекарасыз әлем», «Біртұтас әлем», «Біртұтас экономика» деген тақырыптармен жарық көрді. Өзара байланыстар мен идеологиялар жасаушы, өндіруші Голливуд сияқты трансұлттық корпорациялардың, білім мекемелерінің ықпалының ұлғаюына ұласты. Олар тек тауар, капитал, технология, ақпарат қана емес, идеялардың да, тіпті ірі тұлғалардың да «айналымға түсуіне» дем берді. Ең бастысы, жаһанданған әлемдік қауымдастық өмірге трансұлттық корпорацияларды әкелді. XXI ғасырдың басында олардың саны 64 мыңды құрады, олардың 830 мың шетелдік филиалдары бар, олар біздің елімізде де жұмыс жасап жатыр. Оларда 79 млн адам жұмыс жасайды. Жылына 1 трлн доллардан астам өнім береді. Ал олардың басқа да қо­сымша салалармен жұмыс жасайтынын ескерсек, олар жұмыспен 150 млн адамды қамтамасыз етіп отыр. Басқаша айтқанда, трансұлттық корпорациялар дүниежүзілік өнеркәсіп өндірісінің 50%-ын, әлемдік сауданың үштен екісін басқарады. Олар патенттер мен ғылыми жаңалықтар лицензиясының 80% -ын иеленіп, жаңа технология мен ноу-хауға бақылау жасайды. Осының өзі бүгін экономиканың қозғаушы күші ұлттық мемлекеттер емес, трансұлттық компаниялар мен банктер деуге негіз болып отыр. Қуатты жаһандық экономика, жаһандық саясат ұлттық меммлекеттер дербестігін әлсіретті, үйде кім қожа екенін біліңдер дегендей пікір ұялатуда. Мемлекеттің маңызды функцияларын бүгін сырттан келген инвесторлар атқарып жатыр. Экономика өзара тәуелділік ортаға бейімделген сайын, ұлттық мемлекеттер, аймақтық билік қауқарсыз болып барады. Инвесторлар ұлттық мемлекеттерге емес, мемлекеттер инвесторларға тәуелді. Жаңа жұмыс орындарын ашу, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешу, табысты бөлу, басқа да мәселелер қолдан шығып бара жатыр. Гиперглобализм жақтастары айтуынша, бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптасқан тұста ұлттық мемлекетті бәсекеге қабілетсіз етеді. Мемлекет өз өкілеттігімен инвесторлармен, одақ­тар­мен бөлісті, ал мемлекеттен, ұлттан жоғары органдар өз мүдделерін орындау­ды мақсат етеді. «Саяси, экономикалық, әлеуметтік өмір мемлекеттің шеңберінен кетіп барады» дейді жаһандану идеологтары. Мемлекеттің азаматы, мемлекет құ­раушы ұлт деген ұғымдар шайылып ба­рады. Мемлекеттің азаматы бүгін жай ғана мемлекеттің тәртібіне, заңына ғана бағынатын адамдар. Олар әртүрлі тіл, көзқарас, дін, ұлттық мәдениетке бө­лін­­ген, ал рухани байланыс өте әлсіз, олар сый­ламаса да мемлекетке өзін жат­қыза береді, қаржыларын шетелдерде ұстайды. Тәуелсіздіктен бас тартып, әлем­дік үкімет құру идеясын қолдау­шылар Біріккен Ұлттар Ұйымына мол өкі­леттіктер берілсе, әлемдік қазына­шы­лық, әлемдік бюджет, әлемдік арбитраж экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге кепілдік береді дейді. Осы ұсынысты жүзеге асыру үшін бірінші кезеңде бүгінгі ұлттық мем­ле­­кет­терді 12-15 федерацияға бөлуді ұсынады.

Әлемдік үкімет қайшылық тудыратын ұлттық мемлекеттерді ыдырату арқылы ғана өмірге келеді. «Бұл жағдайда әлем азаматтарының саяси баспана сұрайтын мүмкіндіктері де болмайды-ау» деген бір автордың әзілі еске түседі. Планетарлық үкімет – күдікті жоба, ол қызығушылық та туғызар, бұл бірақ айналып келгенде баяғы «жұмысшылардың отаны жоқ» деп Маркс пен Энгельс айтқандай, коммунистік арман сияқты утопия, әйтеуір, революция­лық төңкеріске шақырмайды. Бұл көзқа­рас тым радикалды көрінгенмен оны қолдаушылар аз емес. Жаһандану қазақтар үшін тек батыс­тану, американдану қауіпімен ғана емес, терең тарихы бар және әдіс-тәсілдері жолға қойылған орыстану саясатымен де қауіпті. Бұл жерде орыс мәдениетімен араласу, жақсысын үйренудің маңыздылығы өз алдына бөлек әңгіме. Мәселе бұрынғы кеңес республикаларын, бірқатар бұрынғы социалистік елдерді орыс идеясына икемдеу, әлемге тараған орыстарды қорғауға байланысты «Орыс әлемі» («Русский мир») доктринасы туралы болып отыр. Ол саясат бүгін орыстілді қазақтарға, қазақстандық орыстарға, жалпы славяндарға да ықпал етеді. «Орыс әлемі» терминін XIX ғасырдың 30-жылдары қолданысқа енгізген граф С.Уваров болатын. Сол кезде Болгария сияқты славян елі оны олардың ішкі ісіне араласу деп санаған. Себебі мемлекеттер қарым-қатынастары қай заманда да мызғымас мына қағидаға негізделген: Ұлтына қарамастан адам азаматтығын қабылдаған елдің мүшесі және азаматын қорғау әр мемлекеттің міндеті. Сондықтан «отандас» («соотечественник») деп азаматтыққа бәсекелестік туғызу, басқа елдердегі орыстарды ұлтына, дініне қарай Ресейге икемдеу, тіпті орыс, славяндармен шектелмей, басқа мемлекеттерде тұратын орыстілді қазақ, басқа да ұлт өкілдерін, орыс идеясына икемдеу халықаралық шарттарға қарама-қарсы. 2014 жылы В.Путин «Орыс әлемі» туралы айта келіп, «нас объединяет не только наш общий генетический культурный код, но и исключительно мощный генетический код» (Путин В.В. «Для русского на миру и смерть красна». «Социологические исследования, 2015, №5,150 бет) деген еді. «Орыс әлемі» идеясының жанжалдарға итермелейтіндігін айта келіп, ресейлік ғалым В.Л.Иноземцев мынадай уәж айтады: Егер Ресей «орыстілділерді сылтау етсе, неге Франция «француз тілдерді» қорғап Камерун мен Синегалдың ішкі істеріне араласпайды? Егер Ресей «орыс тілділерге» паспорт үлестіргенде, неге Қытай әлемде тараған қытай диаспорасына сондай қадамға бармайды?» (сонда, 151 бет). Шындығында «Орыс әлемі» деген бірыңғай тұтастай әлем емес. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресейдегі 6,5 млн орыс өз қалауымен шетелдерге қоныс аударды. Жиырма миллионнан астам адам, бұрынғы Кеңес елінде тұрғандар бүгін тәуелсіз мемлекеттерде тұрып жатыр. Басқа да себептермен, мысалы, орыстілді еврейлер, орыстілді немістер шетелдерде тұрады. Әлемде 7 миллиондай орыс ешқашан Ресейде тумағандар, олар бір кезде қоныс аударған орыстардың ұрпағы. Сондықтан шетелдік орыстарға, орыстілділерге бірыңғай тұтас қауымдастық деп қарауға негіз жоқ. Егер Қазақстандағы орыстарды айтатын болсақ, олардың басым көпшілігі тек төлқұжатымен емес, ниетімен, адал ісімен, пікірімен Қазақстан азаматы. Олар, әрине, тарихи Отанының да тілектестері, орыс мәдениетінен, тілінен қол үзбейді, оны Қазақ мемлекетінің ұлт саясаты да қолдайды. Олар өздерінің білімі, кәсіби тәжірибесімен, ақылы мен еңбектерімен еліміздің экономикасы мен мәдени байлығына өз үлестерін қосуда. Ал біржақты ресейшіл орыстар біздің арамызда көп емес. Әлемде жаһанданумен қатар, оған қарсы ұлттық идея да үлкен қарқын алып отыр. Бүгін көптеген елдерде, мысалы, Ирландия, Ирак, Ауғанстан, Үндістан, Испания, Италия, Бельгия, Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Ресей және басқа да елдерде ұлт мәселесі, соның негізінде қақтығыстар әлемдік сипат алып отыр. Кеңес Одағы мен Югославия ыдырағаннан кейін, әлемде жаңа 20-ға жуық ұлттық мемлекет пайда болды. Бүгін әлемдік, жалпы өркениеттік сәйкестіктен гөрі этникалық қауымдастықтың мәні өткір болып, ұлттық құндылықтар алға шықты. XXI ғасыр басында еуропалықтардың 90%-ы өздерін, ең алдымен, өз ұлтының өкілі екенін алға тартқан. Шындығында Еуропа бүгін терең этникалық жікке бөлінді, сырттан келген қоныс аударушылар көбейді, мұсылмандардың саны 25 млн. жетті деген деректер келтіруде. Олар өз дініне, дәстүріне берік, бөтендерге сіңісіп кетпейді. Осының өзі ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар туғызуда. Сондай-ақ Латын Америкасынан АҚШ-қа ағылып келіп жатқан, негізінен испан тілділер бұл елді де екі халыққа, екі мәдениетке, екі тілге бөлуде. Жаһандануды бірыңғай тек жағымды құбылыс деуге болмайды. Оның төңі­ре­гінде екіұдай пікір қалыптасқан. Гло­бализм, әлемнің тұтастығын, өзара тәуелділігін, өзара икемділігін санаға сіңіреді. Шындығында, бұл бүкіл әлемді бір қалыпқа салу емес, әртүрлі, әр текті ұлттық, діни, саяси мүдделердің ық­палдасуы. Жаһанданудың сапалық мәні осында. Бірақ жаһандану қоғамның барлық саласына ықпал жасайтын күрделі құбылыс. Жаһандану идеологы Э.Гидденс ұлттық «Мен» игілікке емес, дауға, жанжалға апарады деп есептеп, космополиттік ұлт, планетарлық үкімет идеясын ұсынады. «Оны кім жасайды?» деген сауалға, «Билік басындағы элита жасайды» деген. Қазақ еліндегі интеллигенцияның бір тобы, олар көп емес, әсіресе кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, кейбір әдебиет, өнер қайраткерлері ұлттық құндылықтарды менсінбейтін космополиттік бағыт ұстанса, екіншілері патриоттық, ұлттық рухты жоғары бағалайтындар, олар, шүкір, бүгін басымдық топ. Космополитизм еліміздің тәуелсіздігіне төнген қауіп, оның бетін тек бай мәдениетімізбен, адамгершілік тәрбиесін қарсы қою арқылы қайтаруға болады. Космополиттер жаһандану, ұлттан алыстауды бүгін прогреске жетудің жалғыз жолы деп есептейді. Өз қарсыластарын надан, тар шеңберде ойлайтындар деп сынайды. Олар Еуроодақ елдерінің американдық киноларға шек қоятынын жақсы біледі. Әсіресе француздар американдық, басқа да шетел музыкасына, әртістердің ағылып келуіне, оларға ұлттық өнер иелерінен артық еңбекақы төлеуге, шетелдік қойылымдар мен киноларға шектеулер белгілеуде. Басқа мәдениеттерге айқара есік ашу, еуропалықтар айтқандай, «Оны қаржылай қолдау» деген сөз. Сондай-ақ кино, театр ұлттың мінез-құлқына, ойлау мәдениетіне ықпал етеді. Германия азаматтықты тек неміс тілін меңгерген, неміс мәдениетін бойына сіңіргендерге, елдің Конституциясын білетіндерге береді. Демек, космополитизм идеясы АҚШ, Жапония, Германия, Ресей, Англия, Франция сияқты мемлекет үшін емес, Қазақстан сияқты жас мемлекеттерге ұсынылып отырғандығы анық. Мемлекеттік биліктің ең басты белгісі оның тәуелсіздігі. Тәуелсіз мемлекет қана мемлекеттің ішінде тәртіп орнатуға, – қажет болса күш қолдануға құқы бар және халықаралық қатынастар да тәуелсіз саясат жүргізеді, басқа державалармен бәсекелестікке түседі. Тәуелсіздік саудаға, бөліске түспейді, ол, әсіресе мемлекеттің территориялық тұтастығына ешқандай мемлекет, ұйымдар қол сұға алмайды. Егемендік пен тәуелсіздік ұғымдары­ның классикалық тұжырымы бүгінге заманға үйлесе бермейтінін назар ауда­рар­лық мәселе. Әсіресе, мемлекеттің қауіп­сіздігі оның негізі екендігі белгілі, ал оған мемлекеттердің ресурстарын, технологиясын, ақпараттық күш-қуатын, билік өкілдіктері бірлесіп әрекет жасағанда ғана қол жетеді. Бұл салада тәуелсіз оның мемлекеттің өз еркімен кейбір өкілеттігін жан-жақты келісіп барып беру дербестігін әлсіретпейді, керісінше, күшейтеді. Сондықтан бүгін тәуелсіздіктің интегративтік концепциясын қолдаушылар көбейіп келеді. Оның негізгі ерекшелігі халықаралық кооперациялық қатынастарға түсе отырып, әр ұлттық мемлекет қуатты болады, күш алады, бірлескен саясаттың тиімділігі артады. Осындай кооперация ғана тәуелсіздікке кепілдік береді. Бірақ өкілеттікпен бөлісудің шегі бар. Мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, әсіресе мәдени, рухани, ұлт, діни қауымдастықтар салаларына қол соғуға болмайды. Глобализмге, планетарлық үкімет сияқты идеяларға талай ғасырлық, рухани мұрасы бар 2 млрд астам христиан, 1,6 млрд мұсылман, миллиардқа жуық будда діндері мен ұлттық мәдениеттер қарсы. Әр өркениет өз құндылықтарын қорғауда, бүгін батыс құндылықтары мен мұсылман, конфуциялық, басқа әлемнің құндылықтары бәсекелестік, қайшылық жағдайда өрістеуде. Ол бәсекелестіктің астарында ұлттық мемлекет мүдделері де жатқаны белгілі. 2016 жылы Ресейдің «Социально-гуманитарные знания» журналы «Евразийская интеграция: социально-политическое измерение» атты тақырыпқа арналған пікірталастар ұйымдастырды. Ресей ғалымдары Еуразиялық Одаққа байланысты мәселелердің тек прагматикалық-экономикалық мәселелер төңірегінде болатындығына өкініштерін айта келіп, «Казахская сторона на этом достаточно энергично настаивает» деп қынжылыс білдірді. «Казахстанская сторона» дегенде президент Н.Назарбаевтың ортақ валюта, ортақ парламент, басқа да саяси мәселелерге үлкен сақтықпен қарайтындығын меңзеп отырғаны анық. («Социально-гуманитарные знания», 2016, №4, 121 бет). Әлеуметтану ғылымы ұлттардың болатынына байланысты статика және динамика заңдарына сүйенеді. Бір жағынан, ұлт өз рухани тегін, мұрасын сақтап, өзінің тарихи субъектісінен айырылғысы келмесе, екінші жағынан, әр ұлт жаңаруға, басқадан үйренуге бейімді, мүдделі. Осы екі үрдісті ұштастыру оңай емес. Жапондықтардың, Оңтүстік Азия елдерінің ұстанымы: «Ойың жан-жақты, амалың дәл, нақты болсын!». («Думай глобально, действуй локально!»). Жаһандану мемлекеттердің экономикасына емес, адамдардың ішкі дүниесіне, ақыл-парасатына, ұлттық болмысын билеуге дейін ықпал етуде. Бірақ ол қауіптен қашып, оқшаулануға тағы да болмайды. Осы екі пәннің ортасынан икемді, сабырлы жол табу, рухымызды заман ағымына икемдеу біздің де тағдырымызға жазылған.

Ұлттық жаңғыру –  заман ағымына икемделу

«Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалар­дан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес».

Н.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»

II

Елбасы Н.Ә.Назарбаев экономикалық саладағы келбетімізді анықтап, дамыған 30 елдердің ортасынан өз орнымызды алуға бағыт берді. «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетеді» деді Н.Назарбаев. Жаһандану тұсында тауарлар, ақша шексіз алмасқан тұста ұлт туралы көзқарас та өзгеруде. Ұлт дегеніміз бүгін тілдік, мәдени, атамекен, діни қауымдастық қана емес, ол бренд, оның бәсекелестікке сай өндіретін тауары. Ұлт беделі, жақсы аты (имиджі) оның өндіретін тауарларымен өлшенетіні де анық, ал ол өлшем ұлттың халықтар арасындағы орнын, беделін анықтайтыны белгілі. Бренд тауар мен ұлттықпен бірге ол елдің тарихы, дәстүрі, ұлттық мәдениеті бірге тарайды. Біздің жас мемлекетіміз жаһандану тұсында өз тауарымен танылмайынша бәсекеге қабілетті ұлттардың қауымдастығына ене алмайтыны анық. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дейтін қазаққа ақша, дүние бұрын аса құндылық болмаған. Социалистік идеология да байлықты қолдамайды. Ал католиктер мен протестанттар еңбек пен байлыққа зор мән берген. Америкалықтар «біз әлемдегі ең дәулеті тасқан ұлт қана емеспіз, сондай-ақ ақшаны басқа халықтардан гөрі жоғары қоятын елміз. Көркімен жарқыраған жігіттеріміз бәсекелестікте өлімге бел байлап, өздерін ақшаның құлы болуға қияды». «Ең құнды жанармай – еңбекпен шыққан тер» дейді олар. Еңбек пен ақша олар үшін егіз. Біздің халық тер төгіп еңбек етуге әлі енжар. Қоғамдық сана стереотиптерге толы. Стерео­типтер – қайталана беретін түсініктер мен бағалар, олар қыстан кейін жаз келетіні сияқты санаға терең сіңеді. АҚШ-та бірнеше ғасырлар бойы қоғамдық санада адамдарды нәсіліне қарай кемсітушілік стереотипке айналған. Осы стереотипті америкалықтар теңдік, адам құқы, еркіндік сияқты құндылықтармен ығыстырды, тіпті афроамерикалық Б.Обаманы президент етіп сайлады. Біздің Конституциямыз да демократиялық құндылықтарға негізделген. Ал қазақстан­дық­тарға «халық биліктің көзі» десең, көбі «бізде қандай билік бар, бізге не қарап тұр?» дейді. Алайда қазақ халқының дәстүрлі саяси, мәдениетінде қара қылды қақ жарған билер институты болғанымен, кеңес­тік стереотиптер әлі де, әсіресе аға ұрпақ, орта жастағылар арасында терең орнаған. Біздің бойымызда әлі де тоталитаризм дәріптеген психология көріністері байқалады. Әлі де бізге сақтық, абайлап, аяқты аңдап басу, тіпті үрей сияқты психологиялық құбылыстар тән. Сондықтан мемлекетке иек арту, одан көмек, жәрдем күту, өз күшіне сену, қоғамның қолдауымен озбырлықты, жемқорлықты ауыздықтауға болатынына илану, еркіндік әлі дамымаған. Экстремизммен күресті әлі де елдің емес, тек құқық қорғау органдарының ісі деп ойлау басым. Сөйте тұра қалай да байлыққа, лауазымға жету, мол табысқа ие болуға деген ұстаным тіпті дамыған демократиялық елдерден бізде басымырақ. Ал әділдік, төзімділік, табиғатты қорғау, ортаны сыйлау деңгейіміз төмен. Бұл тек қазақстандықтарға ғана емес, бірқатар посткеңестік елдерге тән жағдай. Байлыққа, табысқа, молшылыққа құштар болғанымызбен батыл іскерлікке, тәуекелге, жаңа іс қимылға дайын емес­тер арамызда баршылық. Үлкен табысқа, молшылыққа тер төгіп емес, оңай жолмен жетуді көздеген, торға түсіп жатқандар соның куәсі. Сондықтан бізде альтруистік бауырмалдық санадан гөрі басқалардың есебінен өз пайдасын табуға, ынтымақтастықтан гөрі оқшаулануға, ағайын-туыстық қатынастан гөрі жеке мүддесіне пайдалы отбасылық, кландық, топтармен үйірлік көрініс алуда. Бай-байға, сай-сайға құятын заманның белгілері күмәнсіз. К.Маркс айтқандай, капиталдың отаны, ұлты, діні жоқ. Оның құдайы да, діні де, өзімшілдік эгоизм, өз қамын ойлау құндылыққа айналып барады. Оның да өзіндік себептері бар. Кеңестік патерналистік жүйе қираған тұста, мемлекет «өз күніңді өзің көр» деп, әсіресе дағдарыстар тұсында әлеуметтік міндеттерді жеке адамға аударды. Өндіріс, жұмыс беретін ұжымдар тарады. Осы тұста әр адам өз қара басының, отбасының мүддесін ойлайды. Оны жағымсыз бетбұрыс деуге де болмайды. Бірақ жеке бастың қамы бірыңғай алға шығып, қоғамның қамы, адал еңбек енді бұрынғыдай құрметті болмай, қалай тапқанына қарамастан ақшалы адам сыйлы болды. Заманында тер төгіп табылған, көздің қарашығындай қорғалған меншік, жер, кәсіпорындар таратылды, болмаса жеке қолға көшті. Билік пен байлықтың, ақшаның құндылығы алға шықты. Кезінде еңбекпен келген дипломдардың, құрметті атақтардың құны түсті. Оларды сатып алуға да болатын жағдай орнап, қасиеті кетті. Ғылым мен білім құнсызданды. Осы кертартпа психология бүгін инновациялық жүйеге, ғылым саласына инвестиция тартуға, арнайы экономикалық аймақтар, технопарктар, басқа да шараларды жүзеге асыруда тосқауыл болуда. Батыл да жүйелі идеялар әлі де қалыптасқан менталитетіміз бен эгоизм, менменшілдік психологияға тіреліп беті қайтуда. Үздіксіз жаңалықтарға негізделген инновациялық экономика мәдени ортаға, ғылымға, білімге, кәсіпкерлікке, интеллектің дамуына талғампаз келеді. Қазақстан инновациялық дамудың көш басшыларын қуып жетуші экономикалар тобына жатады. Бұндай мемлекеттерге көптеген мәдени тосқауылдарды еңсеруге тура келеді: бюрократия, құқық жүйесінің әлсіздігі, ағайындық-туыстық қатынастар, авторитаризм, жемқорлық және т.б. Бұл көрініс аграрлық экономика мен авторитарлық басқару моделіне негізделген құндылықтар. Инновацияны кейде «жаналық», «жаңа идея», «жаңалық ашу» ұғымдарымен байланыстырады. Дегенмен, инновацияның нақты мәні жаңа идеяларды ашу, болмаса басқалар ашқан идеяны іске асыру. Біз негізінен жаңа технология, маркетинг, менеджмент идеяларын пайдаланып, жаңа тауар өндіруге ұмтылатын елміз. Ал сол жаңа өнімді өндіретін елдің азаматтарының рухы, әдебі, қоғамдағы мәртебесі, ұстанымы, мінез-құлқы, құндылықтары мен пікірлері өте маңызды. Сондықтан инновация экономикалық, техникалық мәселе ғана емес, ол қоғамдық сананың өзгерістерімен, жаңаруымен байланысты. Егер қоғам тек вертикальдық, иерархиялық жүйеге негізделіп, жоғарыдағылар төмендегілерді ноқталап, бақылап, «мен білемін» деп отырса, ғылыми ізденістер, белсенділік басылып, талайлардың жігері құм болады. Иерархиялық қоғамда тек бастық пен оның қол астындағылар ғана емес, орталық пен аймақ, жоғары менеджерлер мен қарапайым қызметкерлер арасында сенім азаяды, әкімшілік психология басымдық алады. Сонымен бірге инновациялық экономикаға байланысты ғылыми ізденістер мен жаңа идеялар жүзеге асқан тұста әлеуметтік өзгерістер, қызметкерлерді қысқарту да болады, оған иерархиялық билік, жең ішінен жалғасу психологиясы тосқауыл болуы да мүмкін. Инновациялық экономика жеке бастың еркіндігін, жаңа идея табу үшін сырттан ақпарат іздеуді де талап етеді. Жаңа идеялар авторларын мемлекет ақшалай қолдауы еңбегін мойындауы, қадірлеуі қажет. Бұл демократиялық қоғамның бір белгісі. Сонымен, инновациялық экономика озық рух, пікірталас, еркіндік, ортақ мүмкіндік, сөз еркіндігімен байланысты. Инновациялық экономиканың ұлттық пен экологияға жағымсыз да жақтарынын барлығын, оның алдын алу мәселесін де бүгін ескеруіміз жөн. Президент «жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу» қажеттігін ескертті. «Цифрлы» экономика тек өндіріс емес, маркетинг, менеджмент, білім салаларына еніп жұмыс орындарын қысқартады. Компьютерлік технология 95%-ға дейін еңбекті роботтандырып, көптеген мамандықтарға сұранысты азайтады, жұмыс орындары қысқарады. Болжамдар бойынша, 2020 жылдың аяғына таман дамыған және дамушы елдерде жұмыс орындары 5 млн-ға дейін қысқарады. Социологтардың болжамдарына қарағанда, қылмыс пен алкоголь, наркотик пайдалану өседі, өзіне-өзі қол салу көбейеді, әлеуметтік шиеленіс жиілеп, тәртіпсіздіктер мен әртүрлі қарсылықтар көбейеді («Социально-гуманитарные знания», 2016, №3, 173 бет). Бұған да дайын болуымыз керек. Отандық ғылым және техникалық әлеуетке сүйене отырып, инновациялық экономиканы дамытуға ұмтылысты бүгін техникалық патриотизм дейді. Жаһандану заманында мемлекетіміздің тәуелсіздігін әлемдік ғылыми-техникалық байланыстарға икемделмей сақтау мүмкін емес. Мемлекет шағын болған сайын оның мүмкіндігі де шектеулі, оның сыртқы әлемге тәуелділігі, кіріптарлығы өсе береді. Бұл, әсіресе техникалық прогресс көшінен кем қалған Қазақстан түгіл, Ресейге де қатысты. Сондықтан әлемдік техникалық жаңалықтарды, ой-пайымдарды қабылдап, білім мазмұнының даму бағыт-бағдарын саралап отыруды қажет етеді. Бүгін экономикалық санкцияларды айтпағанда, экономикалық жағынан өзара жақын елдердің арасында да стратегиялық тауарлар төңірегінде қайшылықтар туып жатады. Дегенмен, Қазақстан сияқты кешеуіл­деп қалған елдердің өз артықшылықтары да бар. Кезінде бүгінгі дамыған елдердің басқадан үлгі алатын мүмкіндіктері болмаған. Ал біздің олардың алуан түрлі тәжірибесіне үңілуге, саралауға, сабақ алуға жағдайымыз бар. Экономикалық дамудың керемет үлгісін көрсеткен Тайвань, Сингапур сияқты елдер оған тоталитаризм, еңбекшілерді қанаудың шегіне жету арқылы табысты болған, ал Гонконг жұмыс күнінің ұзақтығы және ақылы демалыстың қысқалығы жөнінде әлемде алғашқы орында. Бұл мемлекеттер бізге үлгі бола алмас. Алаш көсемдері XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақтарды ішкі дүниетанымы жағынан жапондықтар сияқты ұлт болғанын армандағаны үшін жапон шпиондары деп айыптаған. Жапон ұлттық педагогикасында «майго» дейтін бала тәрбиелеудің, әсіресе патриотизмге баулудың әдіс-тәсілі қалыптасқан. Баланың аты бала, қай ұлттың болсын сәбиі, жасөспірім балалары мұғалімдердің, әке-шешелерінің айтқанын мүлтіксіз орындай бермейді. «Майго» деп бес жасқа дейінгі баланы супермаркет болсын, басқа да адамның көп жиналған жерінде әдейі ұмытып, тастап кетуді айтады. «Ұмытылған» балаларды жинайтын полиция пункттерінде арнайы орындар да бар, оларды тамақтандырады, ойнатады, ұйықтатады. Әке-шешелері телефон арқылы балаларының полицей учаскесінде екенін біліп, жағдайын сұрап тұрады. Күндер өткен сайын балалар ата-анасын сағына бастайды, күтеді, тіпті мазасызданады, зарығады, шаршатып барып әке-шешелері де келеді. Ата-аналары: «Енді түсінуің керек, сен – бізсіз, туған-туысқандарыңсыз, мектебіңсіз дәрменсіз бейшарасың, өскенде жұмыс істейтін ұжымыңсыз, отаның Жапониясыз әлсіз, қайратсыз боласың. Сондықтан ата-анаңды сыйлау – туған еліңді сыйлау» деп санасына сіңіре береді. «Жапондықтар кім?» деген сауалға олар: «Жапон ұлты – еншісі бөлінбеген тұтас акционерлік компания» дейді. Басқа халықтар тентек баланы ұрсып, ұрып-соқса, жапондықтар басқа жолмен тәрбиелейді. Олар жұмыс орнын да өмірде бір рет қана таңдап, ауыстырмайды. Егер жапондық қызметші: «Мен әйелімнен немесе күйеуімнен ажырастым» десе, оған ешкім таңғалмайды. Ал егер: «Мен мына жұмыстан кетемін» десе, оған сатқын ретінде қарайды. Өмір бойы бір жерде жұмыс жасау, бар білімі мен тәжірибесін, күш-қайратын сол компанияға жұмсау жеке адамға да, компанияға да тиімді. Жеке адам мемлекеттен де, компаниядан да зейнетақы алады. Ал компания жұмыс істеушілердің тұрақтылығынан көп пайда табады, қызметкерлерді жұмысқа үйретуге қаржы көп жұмсайды, себебі жаңа қызметкерлерді қабылдамайды, тұрақты, тәжірибелі мамандар еңбек өнімділігін арттырады. Әр елдің ғылым мен техникасында адамдық фактор ұлттық сипат алады. Өндіріс процесінде тек техника, машиналар, құрылғы, керек-жарақ қана емес, белгілі бір білімі, мамандығы, тәжірибесі, тәрбиесі бар адамдар қатынасады. Қандай да бір технология, техникалық құрал әр ұлттық ортада әртүрлі нәтижелі болады. Бізді бүгінгі «Мерседестің» Польша жолдарында немесе Германия жолдарындағы жүрісінің басқаша екені таңғалдырмасын. Сондай-ақ поляк кәсіпорындарындағы неміс конвейері өнімділігі Германиядағы конвейерден басқаша және жиі істен шығады. Ал шындығында бірінші және екінші жағдайда оның себептері техни­ка­лық факторда емес, адамдық факторда. Инновациялық экономика тағдырын шешетін рухы биік ұлттық мамандар. Әрбір жоғары оқу орны – ұлттық кадр­лар даярлайтын ұстахана болуы керек. Тәуелсіздік заманында шетелдерде оқыған жастар басқалардың білетінін қазақ та білетіндігін, басқалардың қолынан келген іс қазақтың да қолынан келетіндігін көрсетті. Жастарымызды бағаламай, шетел мамандарына иек арта беруіміз енді намысты келтіреді. Бүгінгі білімді ұрпақ жаңа заманға, еңбекпен табыс табуға, іскерлікке бейімделуде. Ақшаны мақсатқа сәйкес орынды жұмсау, дүние-мүліктің қадірін түсінетін, еңбекті қасиет тұтатындар көбеюде. Мәселе ұрпақтар сабақтастығына да тіреледі. Қай заманда да аға ұрпақ тарихи сахнадан кеткенде, олардың орнына дайындығы мықты, тәрбие жағынан шыныққан ұрпақ келеді, сондықтан азаматтарды іріктеу, даярлау, зерек мамандарды қолдау табысқа жетелейді. Жастар әлі жетілген жоқ деп оларды шеттету дұрыс болмас, жетілмеген тұстарын өмірдің өзі пісіп-жетілдіреді. Қазақтың бір-бірін қолдауы, егер ол заңға және әдепке қарсы болмаса, сыбайластық емес, ондай сыйластықтан ұтылмаймыз. Біздің ұлтшылдығымыз – патриотизм, қазақтың мәртебесін өсіру. Өзін сыйламаған ұлт басқаны да құрметтей алмайды. Өз жанына қандастарды тарту, бауырлас адами орта жасау қазақ психологиясына тән.

Ұлттық жаңару – ұлттық сананың  кемелденуі

«Жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»  Н.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».

III

Елдің бірлігі мемлекет құраушы ұлттың намысына, таңдауына, ұстанымына, өз төңірегіне диаспораларды үйіре білуіне, жаңа ізденістеріне және елдегі демократиялық ахуалға, ұлт саясатына да байланысты. Қазақ мүддесі ел ішінде де бәсекелестік жағдайда өрбіп келеді. Біріншіден, урбанизация, қалаға жаппай қоныс аудару ұлттардың арасында жұмыс, баспана, жер мәселелерінде бәсе­ке­лестікті күшейтіп, қалаларда ұлтара­лық қатынастарды шиеленістірмей тұрмайды. Екіншіден, өнеркәсіп орындарындағы қазақтар – негізінен маманданбаған қара жұмысшылар, ал менеджерлер мен жоғары білімді мамандар шетелдіктер мен басқа ұлт өкілдері. Бұл ахуал қазақ арасында Қазақстанды әлі де отарланған, тәуелді ел деген психология тудырып отыр. Үшіншіден, бәсекелестік саяси салада, мемлекет басқару саласында да күшті. Байлық пен билікке ұмтылмайтын ұлт жоқ. Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі қазақтар болғандықтан, диаспора өкілдерінің психологиясында қазақ үстемдігі деген ой туады. Ал билік негізінен орыс тілінде қызмет атқарғандықтан, тілдер оппозициясы да шиеленісе түседі. Төртіншіден, сырттан қоныс аударушылар (оралмандар, басқалар) бәсекелестікті күшейтіп, мигрантофобия – қоныс аударушыларды жатсыну психологиясын өсіреді. Бесіншіден, біз қаншама елімізде халықтар достығы, тұрақтылық орнықты десек те, ішкі бәсекелестік диаспоралардың этникалық сана-сезіміне әсер етіп, диас­поралар өз діні, тілі, ортақ мәдениеті мен дәстүрі негізінде топтасып, бастарын біріктіруде, ал ол оқшаулануға да әкеледі. Олардың ресми ортада, жиындарда, Қазақстан Халқы Ассамблеясы сессияларында айтылып жүрген сөздері, ұрандары мен отбасында, өз арасындағы айтылатын әңгімелері үйлесе бермейді. Ол барлық елдердегі диаспоралардың тағдыры. Олар негізінен екі әлемде өмір сүреді: ойы-ниетімен тарихи Отанында, ал кәсібі мен еңбегі Қазақстанда. Олар түбінде қоныс аударады, болмаса, бірте-бірте, ең алдымен, тарихи Отаны жоқтар, ұлтсызданады, үшінші жол жоқ. Бұл біздің ұлттық саясатымыздың қуатына да байланысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, диаспоралар қазақтарды көп мақ­тап жатады. Қазақты мақтау саясатқа айналған сияқты. Ресей әлеуметтанушысы В.Арутюнян Мәскеу армяндарын зерттей келе мынадай ақиқатқа көзі жеткен. Мәскеу армяндары Ресей президентін, қала басшыларын мақтап, лауазымды жұмысқа, мансапқа жетуге тырысады. Сондықтан ғалым мұны саяси спекуляция деп атайды: армяндар елді, басшыларын мақтайды, ал басшылар оларды қолдап, жоғары жұмысқа қояды. Осындай саяси алыпсатарлық есептерден біздегі диаспора өкілдері құр емес. Еліміздегі осы күрделі мәселелермен Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғана айналысады деген пікір қалыптасқан. Сөз жоқ, Президент оның төрағасы ретінде ұлт саясатының негізгі бағыттарын белгілейді. Сонымен бірге ұлт саясатын Ассамблеяға жүктеу оның аясын тарылтып, көптеген мемлекеттік органдардың бұл мәселеден сырт айналып кетуіне әкелуі. Атқарушы, заң жазушы, сот билігі, әр деңгейдегі әкімдіктер, мәслихаттар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, әр азамат ел, қазақ мәселесіне жауапты. Ұлт, дін мәселелері төңірегін күрделі мәселелерді, қақтығыстарды саралағанда сыртқы күштерді, болмаса кейбір топтар мен жеке адамды айыптап, соларды қудаласа, қадағаласа, тіпті соттаса мәселе шешілетіндей көреміз. «Неден болды» деген сауалға жауап бермей, «кім кінәлі?» деген сауалға жауап іздейміз. Ашық әнгімеге, көрініп тұрған қайшылықтарға көз жұмып, айналып келгенде мәселені радикалдық топтардың еншісіне береміз. Ұлт, дін мәселесіне байланысты оңды пікір айтқан интеллигенция өкілдерін нигилистердің сөзімен «нацпаттар» деп жатамыз, олар шындығында патриоттар. Ұлт мәселесінде үнемі дұрыс пікірде болатын адам кемде-кем. Бүгін әділ позиция ұстанған адам, ертең басқа бір мәселеде қателесуі мүмкін. Бұл ұстараның жүзіндей өткір мәселе. Әр адам үшін ұлты қымбат, бірақ ұлт үшін ақиқаттан аттауға болмайды. Қазақ мемлекет құраушы, сан жағынан да енді басым ұлт болғанымен, әлі де отарланған ұлттарға тән психологиядан арылған жоқ. Қазақтардың ұстанымы қайшылықты да күрделі. Басынан өткен ауыр қайғы-қасірет, зорлық-зомбылық қазақты сақтыққа, сергектік ойға, күдіктенуге үйретті. «Қазақстандық ұлт», «ұлтсыз төлқұжат», «үштұғырлы тіл» деген бастамаларға секем алып қарайтындығы сондықтан. Бұл заңды сақтық. Сол себепті ұлт мәселесінде байқап, абайлап қадам жасауға тура келеді, кейде шегініс те керек. Сөйте тұра қазақ еліккіш, әуесшіл де. Тәуелсіздік алып ірі державалармен араласқан тұста соларға еліктеп, ұлттық құндылықтарымыздан алшақтай бастаған тұстарымыз да бар. Өздерімізді өздеріміз кемсітіп, «өркениетті елдер сияқты» боламыз деп, бұрынғы отарлаушыларға еліктеп, бірте-бірте солардың рухани үстемдігінің астында, билігінің жетегінде кететінін білмей қалған африкандық мемлекеттер баршылық. Мәдениет, дәстүр, дін, басқа да салаларда еліктеу, тыраштану, біз де қатарға қосылған ұлтпыз деген жасанды психология туғызады. Бұл, әсіресе жас­тарды адастырады, өркениетті ел болдық деп жұбатады. Сөз жоқ, Біріккен Ұлттар Ұйымының, оның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық, ЕҚЫҰ-ына төраға болдық, ЭКСПО өткізіп жатырмыз, одан артық не керек деп мақтануға негіз бар. Шүкір, абыройымыз асып келеді, бірақ сол мақтаныш дарақылыққа ұласып кетпесе игі. Заман қатыгез, жалпақшешейлікті көтермейді. «Артық байлық не керек, ден сау болса болғаны…» деп әндету, ысырапшылдық нарық заманына үйлеспейді. Байлық, қаржы-денсаулықтың көзі, ақшалы адам сүйген асын ішеді, қалаған жерінде демалады, таңдаған жеріне барып емделеді. Сондай-ақ денсаулықтың өзі де – байлық, дені сау адам ғана табыс табады, несиесін төлейді. «Бай болып, ауру болғанша, деніміз сау, кедей болғанымыз жақсы» дегенді де қолдауға болмайды. Дәулетті және деніміз сау ұлт болуымыз керек! Жеңіс әр уақытта бізге бірден қолға тие бермеген, үнемі күте білу, төзімділік таныту бізге тән. Біз бірден үлкен олжаға жете алмаймыз, ақырын басып, алға ұмтылып келеміз, әрбір ілгері қадам – ол да жеңіс. Бүгінгі геосаяси жағдайда қазаққа дөрекілік, қызбалық жараспайды, керісінше, бізге икемділік, сабырлылық тиімді. Ұсақ-түйекке бола шамдану дұрыс бол­майды. Прагматизм деген осы болса керек. Қазақ мәселесін жиі көтеріп, әсіресе басқа ұлт өкілдеріне қазақтың отарлауға, қуғын-сүргінге ұшырағандығын, азапты көп шеккендігін, кемсітушілікке ұшырағандығын, бүгін соның орнын толтыруға тырысатынын түсіндіргеніміз дұрыс. Диаспоралардың ұлттық тағдыры тарихи Отандарында шешіліп жатқандығы белгілі. Қазақтардың біразы әлі де көмір, тезек жағып күн көріп отырғанын да диас­пора өкілдері білуі жөн. Сонымен бірге еліміздегі диаспоралардың іс-әрекетінен, ниетінен ақпарат аз. Егер рухымыз биік болсын десек, бұқаралық ақпарат құрал­дары ұлттық намысы мықты қазақ мамандарының ықпалында болуы керек. Бұл әлемдік тәжірибеден туып отыр. Еліміздегі диаспоралардың мәдениетін қолдай отырып, қазақ тарихын, тілін білуге, ортамызға сіңіруге әрекет жасай беруіміз керек. Оларды билікке тартып, қазақ елінің мүддесін қорғауға икемдеу, елдің тыныштығын бұзатын астамшылдық танытатындарға қарсы қойып отыруымыз тиімді. Ал ұлттық нигилистермен өзіміз күресейік. Бұл да әлемдік заңдылық. Тарихымызды білу – парыз. Тарихын білмеген халық тастанды бала сияқты тегін білмейді. Бүгін тарихымызды саралағанда құрбандық психологиясын дәріптеу әдетке айналып барады: жоңғар шапқыншылығы, патшалық Ресейдің отар­лауы, большевиктердің қуғын-сүргіні. Әрине, біздің жоғалтқанымыз көп. Бірақ тарих өлшемімен алғанда ол шығындар уақытша болды, біз өз бетімізбен аяғымызға тұрдық, қиындықтарды жеңдік, жасымадық, тәуелсіз ел болдық. 1941-1945 жылғы неміс фашистерімен соғысқа бүгінгі күннің өлшемімен қарап, ол немістер мен орыс-славяндардың соғысы, жеңісі де біздің жеңісіміз емес деушілер бар. Ал неміс фашистері Кеңес елін жаулап алса, тағдырымыз не болар еді? Неміс офицері Генри Пикер Гитлердің сеніміне кіріп, жақын адамдардың бірі болған. 1941-1942 жылдары оның дастарқан басындағы әңгімелерін стенографиялап отыруға өзінен тапсырма алыпты. 1951 жылы Германияда ол материалдар басылып, немістерді таңғалдырған. 1993 жылы ол кітап орыс тілінде Смоленск қаласында 100 мың данамен шыққан. Біздің де қолымызға соның бір данасы тиді. 1942 жылдың көкек айының он бірінші жұлдызындағы кешкі әңгімесін Гитлер Кеңес елін бағындырғаннан кейін қалай басқаратыны туралы ойларын жаздырған. Оның кейбір үзінділерін ғана келтірейік: «властвуя над покоренными народами на восточных землях… сделать все, чтобы эти народы находились на как можно низком уровне культурного развития»; «Если русские, украинцы, киргизы и др. научатся читать и писать, нам это только повредит»; «Гораздо лучше установить в каждой деревне репродуктор и таким образом развлекать их… только чтобы никому в голову не взбрело рассказывать покоренным народам об их истории: музыка, музыка, ничего кроме музыки». Гитлер біз киноларда көргендей осал жау емес, ақылды адам. «Большевизмді бесігінде тұншықтыру керек» деген У.Черчилль, Кеңес Үкіметін біразға дейін мойындамаған АҚШ, оның президенті Ф.Рузвельт Кеңес мемлекетімен одақтасып фашизмді женуге үлес қосты. Біздің рухы биік ата-бабаларымыз тектен-тек қан төккен жоқ. Жеңіс біз үшін де құнды. Ойландыратын тағы да бір жағдай: біздің мәдениет саласындағы саясатымыз Гитлердің аманатын орындағандай сүйкімсіз музыка, концерттермен елдің рухын ішімізден әлсіретіп жатқан жоқ па? Тұрмыс жақсарған сайын қазақтар арасында тоғышарлық психология, ұлттық селқостық, немкеттілік белең алды, сонымен бірге кейбір орыс ағайындардың арасында да кеңес заманынан қанға сіңген ұлттық амбиция, менмендік те көріне бастады. Оларға қазақ мәселесі уақытша науқандық мәселе болып көрінеді. Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық моделін, үлгісін таптық деп, мәселені үзілді-кесілді шешілгендей ойлаймыз. Осы жағдайда екінші үрдіс – қорғаныш үрдісі де күшейді, патриоттық, ұлттық топтар арасында нигилизмге, шовинизмге, тоғышарлыққа қарсылық туды, ұлттық энергия шоғырланып, күш жинады. Ұлт өмірінде физиканың энергияның сақталу заңы осылай көрініс алатын сияқты. Мемлекеттік тілге басымдық беру, жер мәселесі, қазақ ұлттық мемлекеттігі туралы ойлар бойымыздағы ұлттық энергияға қуат берді. Тәуелсіздіктен артық киелі, қасиетті мереке жоқ деу, христиан жаңа жылының зорлап таңылғанын түсіну де ұлттық энергияның сақталу заңының көрінісі. Христиан жаңа жылын екі рет мерекелейтін ислам елі тек Қазақстан. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласы ұлттық энергиямен үндесіп, күш-қуат беруде.

Дереккөз: "Ана тілі" газеті