АЙТАРЫ МОЛ АЙШЫҚТЫ АРНА

 

Алматы телеарнасы Президенттің Алғыс хатына ие болды

  Ақодада Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай  Президентің  дәстүрлі  сыйлығы  табыс етілді.  Сыйлықты Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова тапсырды. Елбасы тапсырмасымен жарияланған арнайы сыйлыққа  «Алматы» телеарнасы да ие болды.  Оқ бойы озық шыққандардың қатарынан көрініп, Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Отандық телевизияның дамуына» қосқан үлесі үшін Алғысқа бөленді. «Алматы» арнасының  сапалы контенті, өткір де салмақты материалдары, өзекті тақырыптардың ұдайы қозғалуы, ақыры міне өз нәтижесін көрсетті.  Бұл әрине,  "жас келсе -іске" дегендей, «Алматы» телеарнасы бас директоры Әлібек Әлденейдің соңғы екі жылдағы  ерен іскерлігі мен  жұдырықтай жұмылған ұжымның зор  еңбегі. 2017 жылы  ғана жаңа студиялық павильонын ашқан Алматы арнасы  ақпарат әлемінде құлашын кеңге жазып, қуатын көрсетіп келеді. Әлібек Әлденей телеарна тізгінін алған алғашқы  бір жылдың ішінде арнаны толық техникалық модернизацияны өткізіп, республикалық деңгейлі телеарналармен бәсекелесетін деңгейге жеткізді. Бұнымен қоса, 2016 жылдан бері «Алматы» телеарнасы бүкіл Қазақстан аумағына хабар таратуға мүмкіндік алды. «Алматы» телеарнасының  соңғы кезде  ұлттық дәстүрлі құндылықтарды ұлықтап келе жатқаны көңіл қуантады.  "Інжу-маржан", "Сәуле-Ғұмыр"  секілді үздік хабарларын ел асыға күтеді.  Сонымен бірге қоғам тынысын білдіретін "Ақшам алаңы" секілді өткір мәселелерді қозғайтын хабарлар да жеткілікті. Алматыдағы зиялы қауымның өткір пікірталастары Алматы арнасынан жиі беріліп, ел елеңдей күтетін болып жүр. Ақпарттың ақиқаттығы мен ашықтығын алға ұстаған  Алматы  арнасы қазақстандық телеарналар арасында өз үнін өзгеше даралалап келеді. Осыдан бір жыл бұрын Алматының жаңа студиялық павильоны ашылған кезде де: «Алматы» телеарнасына кезінде Ақпарат министрлігінде  БАҚ басқармасын басқарған,  телеарнаны терең білетін  Әлібек Әлденейдің келуімен арнаның екінші тынысы ашылды деуге болады"-деп  ақ тілегімізді ақтарып едік. Иә, шынында да, бұрын оңтүстік астана тұрғындары жаңалық үшін ғана қарайтын арна соңғы екі жылда жаңа қырларын танытып, жарқырап шыға келді. Еліміздің бар аймағы қарай бастады.  Әрине, бұған «Баспасөзі мықты елдің болашағы мықты» деп, Алаш көсемі Міржақып Дулатұлы айтқандай, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің руханиятқа қамқорлығының арқасында әкімдіктің қаржылық қолдауы да көп үлес қосты. "Тәуелсіздігіміздің бесігі – ең халқы көп  мегаполист Алматы қаласының тыныс-тіршілігіне   түгел еліміз бойынша назар аударып отыратынын ойласақ,  «Алматы» арнасының ауқымы кеңейіп, Алаш арнасына айналар күні алыс емес"-деп жазған  едік былтыр ғана. Енді міне, Елбасы сыйлығын алған "Алматы телеарнасы бұл үмітімізді айқын ақтап отыр. Алматы телеарнасын  кәсіптік мерекесімен құттықтай отырып, айтары мол айшықты арнаға  ақпарат аламанында алысқа шаба беріңдер деп тілейміз. Қазыбек ИСА qazaquni.kz