ОРАЗА – ІЗГІЛІККЕ БАСТАЙТЫН ТӘРБИЕ МЕКТЕБІ
2018 ж. 31 мамыр
3773
0
Қасиетті Рамазан айында "Қазақ үні" тілшісі Ұлмекен Лесбекова Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлымен аз-кем әңгіме құрды. Ұстаған жанның оразасы қабыл болсын, аталмыш сұхбатты оқырман қауымға ұсынамыз.
– Айлардың сұлтаны болған Рамазанның өзге айлардан артықшылығын қарапайым халыққа тағы бір баяндап берсеңіз...
Ораза ұғымы араб тілінде «әс-саум» деп аталып, өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу деген мағыналарды білдіреді. Мысал ретінде бұған Құран Кәрімде: «Ей, Мәриям! Расында, мен Рахман үшін ораза ұстауға серт бердім, бүгін мүлде ешбір адаммен сөйлеспеймін де», деген аятты келтіруге болады. Мұндағы Мәриямға ұсталуы бұйырылған ораза – ешбір кісімен сөйлеспеу оразасы, яғни, сөзден тиылуы.
Ислам шариғатында ораза дегеніміз – ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, ауыз бекітуге қабілетті мұсылманның таң атқаннан күн батқанға дейін дәм-судың барлық түрінен, сондай-ақ құмарлықтан Аллаға деген құлшылық ниетімен тыйылуы.
Рамазан – Алла Тағала тарапынан бүкіл адамзатқа тура жол ретінде Құран түсірілген ұлы ай. Құран – Алланың пайғамбары Мұхаммед арқылы адамзатқа жолдаған үндеуі. Оның үкімдері – бойсұнуға міндетті заң. Сондай-ақ, оның бір аяты секілді аят келтіруге әр заманда адамзат дәрменсіздік танытқан Алла Тағаланың мұғжизасы. Сондықтан біздің бұл айда ұстайтын оразамыз бен түнде атқаратын намазымыз – Раббымызға деген иманымыздың, бойсұнуымыздың, түсірген Құраны үшін шынайы шүкірлігіміздің белгісі болып табылады.
Ораза дегеніміз, біріншіден, Алла Тағалаға бойсұну. Ол мұсылманның бойына бұйрықты орындатып, тиымнан қайтаратын тақуалықты егеді. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Ей, иман келтіргендер, алдарыңда өткен қауымдарға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін, тақуа боласыңдар», – деген.
Ораза – мұсылманға өнегелі мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оның көмегімен мұсылман өз бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады.
Ораза мұсылманның ерік күші мен шешімділігін күшейтіп, сабырлыққа үйретеді. Зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Бірде Лұқман баласына: «Балақайым, асқазан толы болса ойлау қабілетің ұйқыға шомады, даналық үні өшіп, дене мүшелерің құлшылыққа жарамай қалады», – деген екен.
Сондай-ақ, ораза – мұсылманға жүйелілік пен тәртіпті үйретеді. Өйткені ауыз бекіту мен ауыз ашу белгілі уақытқа бағынады. Әр жылдың рамазан айында әр мұсылман әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың бір жүйені ұстанатынын, олардың бір дене екенін сезінеді.
– «Ораза – үлкен сабырлық» – деп жатады. Оразаны бастаған соң соңына дейін жеткізетін беріктікті қайдан алуға болады?
Ораза – нәпсімен күресу амалы. Адамның табиғатына сай жағымсыз қасиеттердің ең зияндылары – қарын тойдыру құмарлығы мен жыныстық құмарлық. Ораза мұсылманды құмарлықтың осы екі түрімен күресуге дағдыландырады. Бір ай бойы нәпсісімен күресіп үйренген мұсылман бұл күрестің салихалы өмірі мен бақытты ақыреті үшін маңыздылығын түсініп, бірте-бірте нәпсісін толық билеуге ұмтылады. Рамазан айының оразасы осы күресті нығайтуға жетелейді. Күрестің алдында нәпсісі оның билеушісі болған болса, енді, әрине оразаның талаптарына сабырлық танытқан болса, ол нәпсісі мен құмарының әміршісіне айналады. Құмарлық күші үздіксіз тәрбиені қажет етеді. Сол себептен рамазан оразасының бір айға созылуы тәрбиенің үздіксіз жалғасуын білдіреді. Оразаның нәтижесінде мұсылманның жамандыққа бұйырушы нәпсісі басылып, тыйылады және жуасиды. Сондай-ақ, көру, есту, сөйлеу мүшелеріне жаман әсері тоқтайды.
Демек, адам баласы өз бойындағы жамандықтарынан арылу күшін құлшылық жасап, барша жігерін салып, Раббысынан дұға жасау арқылы иелене алады. Рамазан айының бастапқы күндеріндегі шыдамдылық пен төзімді айдың соңына дейін жалғасуын, оразаның жеңіл болуын сұрап Аллаға дұға етуіміз қажет. Сондай-ақ, өзіміз тараптан да жігер талап етілетіні сөзсіз.
– Он екі айдың сұлтаны – Рамазанда жиған иман қалған он бір айда өз маңыздылығын ұстап тұра алады ма?
Рамазан айында Алла Тағаланың құлдарына деген басқа айларда нәсіп болмаған ерекше көріністері мен кеңшіліктері орындалады. Бұл кеңшіліктер құлдың Раббысына деген махаббаты мен қастерлеуін ұлғайтып, күнәлары үшін ұялуына, кешірім сұрап, тәубесін жаңартуына орасан септігін тигізеді. Тәубеге келуімен жүрегі нұрға бөленіп, Құран оқуға арналады, намаздарына ұқыпты болып, рухани дүниесі жанданады. Нәтижесінде бұл айдан нәпсісін жеңген, күнәлары кешірілген күйде шығады. Сөйтіп, тозақтан азат етілген құлдардың қатарына түсуі тіленеді. Әбу Һурайра Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан кірген кезде жәннат есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады. Сондай-ақ, шайтандар кісенделеді», – дегенін және «Рамазан айының әуелгі түні кіргенде шайтандар мен қара ниетті жындар кісенделеді. Тозақтың есіктері біреуі де қалмай жабылады. Жәнаттың есіктері біреуі де қалмай ашылады. Сонда бір үндеуші: «Ей, жақсылық іздеуші, жақсылық істеуге кіріс. Ей, зиян істеуші, зиян істеуді доғар! Бұл айда Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар және бұл әр түні жүзеге асады», – деп хабарлайды», – дегенін риуаят еткен.
Міне, сондықтан Рамазан бойында осы мақсаттар бойымызда шынайы түрде орындалған болса, онда келесі айларда қайтадан босап кетуіміз мүмкін емес. Ал егер де тек қана тағам мен сусыннан тоқтап, құмарлығымызды басып, басқа жаманшылықтарымызбен күреспей, ғайбатымыз, өсегіміз тоқтамаса оразаның мақсатын орындамаған адамдардан боламыз. Хадисте келген тозақтан құтылу деген дәреженің біздің өмірімізде ешқандай орны жоқ секілді көрініп, мінездеріміз де баяғы жартас сол жартас күйі қала бермек. Ал, рамазан айын осылай аяқтаған адамнан келесі айларда тақуалық күтуге бола ма? Әрине, жоқ! Тек Раббысы рақымына бөлеп, тәубе нәсіп етіп, Өз кеңшілігіне алса сөз басқа.
– Бүгінгі қазақ жұртын жыл өткен сайын иман жолына шақырып жатқан не?
ХІІ ғасырдан бері қазақ Ислам дінін ұстанып келе жатқан мұсылман халқы. Сондықтан, исламның шариғи нормалары егжей-тегжейлі әр қазақтың бойында орындалып жатпаса да, «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген қағида негізінде Жалғыз Жаратушыларынан жақсылықты үміт етіп өмір сүріп келе жатқан елміз.Атқа қонған әрбір азаматы елім деп тер төгіп, құрсақ көтерген әрбір анасы ақ жаулығым – байлығым, арым мен жаным – ерімнің жолында садаға деген бабалар ұрпағымыз. Иә, осы қағидалар Кеңес өкіметі дәуірінде біршама уақыттар бойымызда да, санамызда да өшудің алдында болып, тәуелсіздіктің алғашқы таңымен қайта оралды. Сондықтан, «әлмисақтан мұсылманмын» деген еліміз мұсылмандық міндеттерін өз бойларында қайта жаңғыртып жатуы таңғажайып дүние емес. Керісінше, Раббыларына деген адалдықтарын көрсетіп жатқан тұстары деп қабылдауымыз керек.
Мұның астарынан ғажап бір сырды немесе таңқалдырар әңгімені іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
Себебі, жүректегі иман Алла Тағала тарапынан келетін теңдессіз сый екені даусыз. Демек, еліміздің имандылыққа қайта бет бұруы Алла Тағаланың қазақ даласына деген махаббатының бір көрінісі десек қателеспейтін шығармыз. Әлбетте, ақиқат Аллаға ғана аян.
- Салиқалы сұхбатыңыз үшін рахмет! Рамазан айы баршамызға қайырлы болып, ұстаған оразаларымыз қабыл болсын.
Сұхбаттасқан: Ұлмекен Лесбекова
Қазақ үні