Зиялы қауым оянбай ел болып оңбаймыз - Жұма-Назар Сомжүрек
2018 ж. 20 мамыр
8573
3
Бұрнағы бір жылы баспасөзде «Зиялылар деген кімдер? Бізде өзі зиялылар бар ма?» деп сұрақ қойылып,пікірталас болған.Тіпті, елдің зиялыларға өкпесі қара қазандай болғаны сонша, «бізде зиялылар жоқ,зияндылар ғана бар» деген де ауыр сөздер айтылған.Ара-тұра бұл сөздер қазір де айтылып қалып жатады. Неге десеңіз,қиын кездерде, сын сағаттарда сол зиялылар халықтың қасынан табылмайды. Мысалы,біздің ақын-жазушыларымыздың көпшілігі, М.Шахановша айтқанда, оншақтысынан басқасы «біздің міндетіміз роман жазу,өлең жазу,ал басқасында шаруамыз жоқ,саясатпен айналыспаймыз» деп ашықтан ашық айтады. Мұндай пікірге ызысы кеп жүрген жалғыз Мұхаң ғана емес. Көрнекті жазушы, атақты драматургіміз Дулат Исабеков бірде бір мақаласына баттитып тұрып: «Саясатпен айналыспай,өзімше өмір сүремін» деген жазушы таза жазушы емес!» деп айқайлатып тақырып қойған болатын. Мұны саяси сабақ десек керек. «Қала-Дала» газетінің биылғы 27 сәуір күнгі санында Дулаттың «Намыс жоқ.Наразылық жоқ.Қазақтың рухы қайда?» деген сұхбаты жарияланды. Бұл сұқбатында Дулат та Мұхтар Шаханов айтып жүргеніндей, жазушылардың елдік мәселелерде салғырттығын, немқұрайлылығын айтып, наразылық білдірген.Содан мысал келтірелік: «Доктринаны жазу кезінде шырылдап алға шықтық. «Қазақстандық ұлт» дегенді алдырып тастау үшін аштық жариялауға бел будық.Сонда бұл маған не болмаса,Шахановқа ғана керек пе?Тілге байланысты үлкен конференция жасадық.700 адам сиятын залды жалдадық....залдың тең жартысы бос тұрды. Жазушылар Одағындағы жеті жүз жазушыдан он адам келіп қатысуға жарамады. Бұған не дейсің?» деп,ашынған. Ал мен үндеу тастап отырған ел-жұрт бұған не дейді екен? Зиялыларымыздың өздері не дейді екен? Бұл бұлтартпас айғақ фактіден зиялыларымыз зиялы деген құрметті атқа лайықты емес деген логикалық қорытынды шықпай ма? 1-мәселе.Зиялыларымыздың салғырттығы мен немқұрайлылығынан, дәрменсіздігінен масқара болып, мемлекеттік тіліміз әлі мүшкіл халде. Ұмытпасам,италияндық Гаспринский деген қоғам қайраткері: «Әлемнің көптеген елдерін араладым.Өзінің ана тілінде өмір сүре алмай отырған бір сорлы елді көрдім.Ол –Қазақстан» депті. Бірақ, бұған біздің зиялыларымыз ұялмайды,беттері бүлк етпейді,қызармайды. Қазір біздің мемлекеттік тіліміз үшін Оғыз Доған атты түрік азаматы жан салып күресіп,соттарда жеңіп шығып жүр.Сөйтіп қазақтардың намысын оятып,тіл үшін нақты күреске шақыруда.Ал біздер әлі күнге өзімізбен өзіміз және балаларымыз бен немерелерімізбен орысша шүлдірлеп жүрміз.Елбасымыздың «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп, жар салғанына да он жылдан асқан шығар.Ашығын айтайық,ақпақұлақ мәңгүртке айналыппыз.Дулат айтқандай, намыссыз, рухсыз ұлт боп барамыз. 2- мәселе. Сырт дұшпан түгіл өз ішіміздегі өзге ұлттардан көріп жүрген қорлығымыз қанша.Соның бәрінде үкіметіміз бізді қорғау орнына,қазақты соларға жығып береді.Міне, жақында А.Ушурова деген ұйғыр әйелінің қазақты қорлап айтпаған сөзі жоқ. Оны соттау керек деп жазып та,айтып та жатты.Жазаласа кәне? Анау Бораттың қазақты бар әлемге масқара еткеніне де қыңқ етпедік.Ол кино әлемді әлі шарлап жүрген көрінеді.Жақында түрік әйелі тапа-тал түсте мектепке басып кіріп, мұғалім қазақ қызын сабап соққыға жыққан.Ол қатын да тиісті жазасын алмаған шығар.Міне осылай бәрі басынып басымызға шығып жатыр.Намыссыз ез ел болмаған неміз қалды? «Жуас түйе жүндеуге жақсы» дегендей, қорлық пен қорлауға төзіп жүре беретін болдық. Ұлдарымызды ұрып,қыздарымызды зорлап кетіп жатқандары сол намыссыздығымыздан. Намыс өзімізде болмаса, шешендерден үйренейік.Таяуда Мәскеудің көшесінде шешен жігіттері шешен қыздарына жағымсыз сөз айтқан орыс жігітін ұстап алып,тізерлетіп тұрып кешірім сұратқан.Міне осының бәрі зиялыларымыздың үнсіздігінің,тоқтықтан тоғышарға айналғанының, халықтың қамын ойлаудан қалғанының салдары деуге болады. 3-мәселе. Жеріміздің басы дауда, аяғы жауда қалғанына жиырма үш жылдың жүзі болды.Оны қорғаштаған азғантай ұлт патриоттары қамаудан,қудалаудан көз ашпай келеді. 4-мәселе. Коррупция адам айтқысыз асқынып, соның салдарынан бар байлығымыз шетке кетіп, халқымыз кедейшілік күн кешуде. 22 миллиард доллар Атлант мұхитынан әрі асып,сол жақтағы Панама секілді мемлекеттердің банктерінде жасырылып,тығып тасталған.Соншама өз қаражатымыз бола тұра, Қытайдан қарыз алып зор борышқа батудамыз.Бұл сұмдықтың сұмдығы,масқараның масқарасы емес пе. 5-мәселе. Қытайдан қауіп күннен күнге күшейіп келеді.Әлеуметтік желіде 30 мың қытай Қазақстан азаматтығын алғаны,20 мың қазақ қызы қытай жігітіне тұрмысқа шыққаны,Қытай Қазақстанды өзіне қауіпті он алты елдің қатарына қосып қойғаны,еліміздегі қытай компаниялары тайраңдап қазақтарды әбден басынып, өздерін осы жердің қожасындай кердеңдейтіні,Алматы базарларын жайлап алып, енді Астана базарларын игеруге кіріскені туралы айтылып дабыл қағылуда Осыларға және басқа әділетсіздіктер мен заңсыздықтарға ашынған,не істерге білмей дағдарған жұрт, әсіресе,әлеуметтік желіде бір-бірлеріне «оян қазақ!» деп жар салып жатады. Ондайда мен «қарапайым қазақ оянған,оянбай ұйқыда жатқан зиялыларымыз,соларды оятыңыздар» деп,пікір жазамын..Шынында ,әлеуметтік желінің арқасында қарапайым халықтың саяси сауаты мықтап өсті.Сөйтіп әлеуметтік желі әлеуетті күшке айналды,Мысалы, алдыңғы жылы жер мәселесі ұшығып тартыс қызған кезде халықты митингіге,көшеге алып шыққан әлеуметтік желі болатын. Оны интернетті меңгеріп, әлеуметтік желінің тілін біліп, күнде оны оқып, отыратын адамдар жақсы біледі.Шүкір,соның қатарында біз де бармыз. Қазір әлеуметтік желідегі елдің тынысын тыңдап отыратын белгілі ақын-жазушылар саусақпен санарлықтай аз. Соның салдарынан зиялыларымыз халықтан қол үзіп алшақтап, өмірде артта қалып,өзімен өзі боп,ұйқыдан ояна алмай жатыр. Мұхтар мен Дулат айтқандай,саяси сауаттары жоқ. Егер олар алаш арыстары сияқты оянған болса, бүгінгі өміріміз бүтіндей басқаша болар еді. Олай болса,мен өздері өз бетінше ізденіп оянған оқырмандарға,қарапайым халыққа былай деймін: «Керісінше Сіздер оларды оятыңыздар!» Қалай? -дейсіздер ғой. Елге танымал әр жазушы, әр ақын,басқа да профессор ғалымдар,академиктер мен өнер қайраткерлері халық өкілі депутаттар есепті. Олар құр жаза бермей,ел мүддесі үшін күресуге де міндетті һәм борышты. Қай-қайсыңыздың да ауданыңыздан, облысыңыздан, қалаңыздан шыққан Астана мен Алматыда отырған ақын-жазушылырыңыз бар.Көпшілігі сол елдің, не қаланың «Құрметті азаматтары».Олай болса,Сіздер сол Құрметті азаматтарыңыздан, атақты ақын-жазушыларыңыз бен басқа да үлкен ғалымдарыңыздан «ел мен жердің тағдыры шешіліп жатқан кездері,халықтың несібесі шашылып шетке асырылып жатқанда неге қалғып-шұлғып отырсыңдар, оян!» деп,ұялтыңыздар. Оларды басқаша ояту мүмкін емес. Шынында, әр өңір тұрғындары өз ақындары мен жазушыларына талап қоюды білмей жүр.Олар елдеріне келіп,мәре-сәре мерей тойларын өткізіп,машина мініп,шапан жамылып,қалтасын конвертпен қампайтып қайтып жатады.Ал сол қаламгер елі үшін өзі не істеді!Жарайды, том-том кітаптар шығарған екен,бірақ бұл оның жеке кәсіптік жұмысы.Ауыл азып-тозып жатыр.Болашағы жоқ ауылдар деп жала жабылып,көптеген ауылдар жабылуда.Оның сыртында қоғамдағы келеңсіздіктер елді есеңгіреткен үстіне есеңгіретуде.Халық парламент депутаттарынан ғана жауап сұрауды біледі.Ал халық жазушылары,халық ақындары, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары және басқа атақты қаламгерлер қайда? Ел солардан неге сұрамайды? Сұрасын,талап етсін,депутаттарға аманат айтқандай аманат айтып шаруа тапсырсын! Наурыз айында өткен Қазақстан Жазушылар Одағының Құрылтайынан кейін жазушылар жабылып Қабдеш пен Мұхтарды бұрынғы басшылыққа сын айтқаны үшін арадай талап, шырылдатты.Ал елдік,тілдік мәселелер өткір қойылып, президентке хат жазуға тура келгенде, тізімде сол екеуі біріші тұрады. Сосын Дулат, Темірхан, Қалихан,Ғаббас Қабышов,Қазыбек Иса және барлығы оншақты ғана жазушы қол қоятын.Сонда қалған 600-700 ақындар мен жазушылар қайда? Оларға мемлекеттік тіліміз бен дініміздің,еліміз бен жеріміздің тұтастығы, амандығы-саулығы керек емес пе? Еліне кездесуге келгенде олардан жерлестері соны сұрауы керек.Міне мұны үлкен мәселе етіп көтеретін кез жетті.Солардың көпшілігінің сол елдің не сол қаланың «Құрметті азаматтары» деген атақтары бар.Демек оларға да депутаттарға қойылатын талаптар мен аманаттар берілуі тиіс.Қысқасы,зиялыларымыз оянбай ел болып оңбаймыз.Олар елдің құр еркесі болып бұлғақтай бермей,топ бастайтын серкесі болатын кезі келді.Соны айтайық оларға,батыл талап етейік. Ол үшін әр аудан, әр қала ,әр облыстың әлеуметшіл белсенділері өз өңірінің зиялылары мен құрметті азаматтарына атын атай отырып,жоғарыда қозғалған басты бес мәселе бойынша арнайы Ашық хат жазып,ел мүддесі, жер тағдыры жолындағы күресте қалыс қалмауды, қашан да күрескерлер қатарынан табылуды талап етіп,халыққа қорған болуды сұраулары керек. Қысқасы, Отан үшін жазушының он романынан ел мен жерді қорғаған он ауыз сөзі он есе қымбат! Бұл үндеуді барынша таратыңыздар ,бүкіл ел оқысын,сол бойынша белсенді жұмыс жасасын!
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
әлеуметшіл әдебиет сыншысы.