Сөз арқауы – ұлт бірлігі
2018 ж. 12 мамыр
4252
0
Қазақ елі қазіргі таңда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихымыздың зерттелуіне тың серпін беріп, мәдениетіміз бен ұлттық жадымызды қайта жаңғыртып келеді. Өз тілін құрметтеген халықты ешқандай қиындық жасыта алмайды. Ұлттық рух, ар-намыс, ынта-жігер, өз халқы алдындағы жауапкершілік ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Бүгінде бабалар мұрасына қанығып, рухани жаңғыруға бет бұрған жастардың қатары көбейіп келе жатқаны да қуантады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы қойылған міндеттердің орындалуына Алматы қаласы №178 лицей оқушылары да мүмкіндігінше өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен өткен мектеп оқушылары арасындағы «Елдігіміз – бірлікте» көркемсөз оқу шеберлігінен қалалық байқауда лицейіміздің оқушылары дараланып, байқаудың жүлделі орындарын иеленді. Ұлттығымыздың негізгі тамыры тіл мен мәдениеттен бастау алатындықтан, байқауда осы бағытқа баса назар аударылды.
Көркемсөз шеберлігін болашақ ұрпақтың жүрегіне жеткізе отырып дарынды жастар тәрбиелеу, ел болашағы саналатын жастарға қолдау жасап, шығармашылық деңгейлерін көтеру, көркемсөз оқу өнерін жан-жақты насихаттау, жас ұрпақтың рухани ұстанымына айналдыру, дарынды жастардың өлең оқудағы шеберлігінің шыңдалуына, өнер қанатын кеңге жайып, көпшілікке кеңінен танылуына мүмкіндік жасау, жастардың эстетикалық және ұлтжандылық тұрғыда тәрбиеленуіне, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына тартылуына ықпал ету сынды биік мақсаттарды алдына қойған байқау оқушылардың шығармашылығын шыңдауға зор мүмкіндік берді.
Аталмыш байқауға 1-11 сынып арасындағы оқушылар қатысып, бақ сынады. Олар қазақ әдебиетінің белгілі ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, прозалық шығармалардан үзінді оқып, өзара сынға түсті. Қала көлемінде ұйымдастырылған бұл байқауда көркемсөз оқу сайысында ерекше көзге түскен №178 лицейдің 8 «Е» сынып оқушысы Әбдірәсіл Жалаладдин Бас жүлдені иеленіп, дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, проза жанры бойынша Ә.Әлімжановтың «Әкесі мен баласы» шығармасынан үзінді, поэзия жанрынан М.Шахановтың «Төрт ана» өлеңдерін жатқа айтқан 9- сынып оқушысы Әбдірәсіл Заңғар I орынды, 8- сынып оқушысы Асылбек Әли ІІІ орынды иеленіп,мадақтамамен марапатталды. Ал, орта топ арасынан Проза жанры бойынша мәнерлеп оқу көркемдігімен ерекшеленген лицейіміздің 5 сынып оқушысы Әмина Жарылқасын мен Жанбота Мұханова ІІ-орынды иеленсе, поэзия жанрының аясында Мөлдір Еспанова ІІІ-орын мадақтамасымен марапатталды.
Эльмира РАПИЛОВА, №178 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы