Жас кәсіпкер Шахановтың журналын қайта шығару үшін ақша жинауға кірісті
2018 ж. 16 сәуір
3361
9
Белгілі кәсіпкер, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген Мұхтар Шахановтың пәтерге қатысты туындаған мәселесін шешіп берді. Ол ақынның қарыздары мен алдағы бір жылға пәтерді жалға алу құнын төледі. Енді ол Шахановтың жетекшілігімен жарыққа шыққан журналды қайтару үшін қаламгерге көмектеспек ниетте, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Бүгін Мұхтар Шаханов ағамызбен кездестім. Көп нәрсе тұралы сөйлестік. Бұл дана адамның білетіні алтын қазына, ойы түпсіз терең мұхит. Бұндай ахуалға ұшырағаны, оның адамдарға сенгені. Біреуге бой ұсынып намысын сатпағаны. Елім, жерім деп шырылдағаны”, – деп бастады сөзін миллионер.
Бұдан кейін кәсіпкер берген уәдесінде тұрғанын атап өтті. Ол Шахановтың жетекшілігімен жарыққа шыққан журналдың қарызын төлеу үшін елден көмек сұрады. Айтуынша, басылым қарызы 46 миллион теңгеге жеткен, ал Шахановтың жиып-тергені 10 миллионға әрең жеткен көрінеді.
“Иә, үй қарызы мен оның 1 жылдық мәселесін шештік, бірақ ең маңызды мәселе бұл Мұхтар ағамыздың журналын оралту. Қарызы 46 млн.тг болған, 10 млн.тг өзі тапты, қалғанын қайдан табарын білмейді. Елден сұрауды ұят дейді. Бірақ… Сонда қазақтың ел тірегін көтерген, жеріміз тәуелсіз болуға тікелей қатысқан, тіл мәселесі мен Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты дүниежүзілік деңгейде таратып, анық ақпаратты берген данышпан ағамызға көмек бере алмасақ, біздің қазақи намысшылдығымыз бен ұяттылығымыз бес тиын да тұрмайды.
Ертең мен ағамыздың жаңа есеп-шотын аламын, көмек берем десеңіз қосылыңыз. Көрейік қазақшылығымызды! Осы ақпаратты таратуға нағыз ел сүйер адамдарды шақырамын”, – деп бөлісті Қайрат Құдайберген желідегі парақшасында.