Мәулен Әшімбаев: Елдік мүддеге қызмет ету – қазақ телевизиясының негізгі миссиясы
2018 ж. 20 наурыз
4954
8
Елімізде қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілуде. Осыған орай бүгін бірқатар мерейтойлық іс-шараларға қатыстым. Шын мәнінде бұл тек тележурналистердің ғана емес, күллі қазақ халқының қуанышы.
Қазақ телевизиясы іргесі қаланған 1958 жылдан бері халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, ұлттық болмысымыздың сақталуына зор еңбек сіңірді. Кеңес заманындағы идеологиялық қысымға қарамастан ана тілімізді сақтап, ұлттық сананың оянуына үлкен үлес қосты. Сол арқылы егемендіктің рухани негізін қалап, Тәуелсіздігімізді жақындата түсті.
Жалпы елдік мүддеге қызмет ету және ұлттық кодты сақтау үшін жұмыс істеу – қазақ телевизиясының негізгі миссиясы. Осы абыройлы міндетті отандық телевизияның аға буын өкілдері артығымен орындады. Кешегі Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек сияқты алыптардың ізі қалған қарашаңырақ ұлтымыздың рухани ұйытқысына айналды. Осы ауқымды жұмыстардың бел ортасында әкем Сағат Әшімбаевтың да болуы, оның отандық телевизияның өсіп-өркендеуі жолында өз қолтаңбасын қалдыруы мен үшін ерекше мақтаныш.
Бүгінде Ерлан Тынымбайұлы басқарып отырған «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тарландар салған даңғыл жолдан жаңылмай, басты миссияны лайықты жалғастырып келеді деуге толық негіз бар. Біздің ендігі басты міндетіміз – ХХІ ғасырдың талаптарына сай, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қоғамдық сананы жаңғыртып, халқымызды жаңа белеске көтеру. Ұлттық арна ұжымы бұл миссияны да абыроймен атқарады деп сенемін.
Осы жолда еселі еңбек етіп жүрген еліміздегі барша тележурналистер қауымына табыс тілеймін. Еліміздің мерейін өсіріп, ұлтты ортақ мүддеге ұйыстыратын мерейтой құтты болсын!
Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" ХДП төрағасының бірінші орынбасары Фейсбук парақшасынан алынды