Қоғам қайраткері ұлттық киімді мерекеде ғана емес, күнделікті киіп жүруді ұсынды
2018 ж. 07 наурыз
3957
4
Ұлыстың ұлы күні жақындап қалды. Қазақ үшін маңызы зор осы мейрам қарсаңында еліміздің қоғам қайраткелері Наурыз мерекесін ұлттық үлгіде атап өтуге қатысты өз пікірлерін білдірді.
Аман Құлбаев, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері:
- Арыстанбек Мұхамедиұлының кезекті арқау етіп отырған тақырыбы халық арасында өте үлкен мән мен мағынаға ие. Демек, бұл жайттың көтеріліп отырғаны – өз кезеңінде сыздап тұрғанының айғағы. Елбасы жолдауындағы «Рухани жаңғыру» ұлттық код, ұлттық болмысының астарына үңілсек, дәл осы мәселені табатынымыз анық. Сұхбаттан сусындағанымыз рас, бірақ, біз жақтан ұсыныс мынадай: Ұлы мерекенің мереке иісін шығаратын – сыртқы көрініс, яғни, ұлттық нақыштағы киім үлгісі. Әр ұлттың күнделікті тұрмысы мен климат жағдайына байланысты қолайлы етіп пішілген материалдық құндылықтары (киім үлгісі, ыдыс-аяқ т.б) болары хақ. Дәл осындай құндылықтар біздің көшпенділер даласында болғанын, қазіргі таңда Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді ел ағалары насихаттап жүргенін ауыз толтырып айта аламыз. Қоғамның келбетін жастар бейнесінен көруге болады. Ұлттық киім үлгімізді тек мереке күндері емес, заман талабына сай етіп, икемдеп сән үлгісіне айналдырып, жастар арқылы ұлт болмысын аша түссек деген арман. «Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек» деген негізгі мәселені толығымен құптай отырып, көкейдегі түйіткіл ойды осы пікіріміз арқылы жалпақ жұртқа жарияласақ деп едік. Санамызда саябырланған «Қыдыр ата» бейнесін қайта жаңғыртар едік. Нәтижесінде өскелең ұрпақтың идеологиясына оң әсер тигізер едік. Бас болып көтерген мәселеге сіз болып, біз болып, қолдан келгенше атсалыссақ нұр үстіне нұр болар еді!
Рустам Бикенев, Ежелгі Тараз ескерткіштерінің директоры:
- Ұлыстың ұлы күні Наурыз - ежелгі заманнан қалыптасқан тарихы тереңде жатқан жыл бастау мейрамы. Бұл күні ренжіскен ағайын табысатын, жастар ойын-сауық құрып, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсыға қарай бет бұратын кез. Қазіргі таңда Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналғаны сөзсіз. Елордамыз - Астана қаласынан бастау алған жастардың флешмобы еліміздің басқа да өңірлерінің жастарына үлгі болады деген сенімдеміз!
qazaquni.kz