ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ ҮШІН СУҒА ТҮСУ КЕРЕК!
Ел тілегін ескерген Елбасының қазақша латын әліпбиіне өзгерістер енгізген жарлығы шықты!. Бұл үшінші өзгеріс.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қазақтың мақалының растығы қазақша латын әліпбиін жасауда анық байқалды. Жаңа әліпбиді жасау жалпы халықтық қозғалысқа айналды.
Ең алғаш 2017 жылы 26 қазанда Елбасы жарлығы шыққанда ел қатты қуанды.
«Ең бастысы саяси шешім шықты! Қазақтың жаңа әліпбиі – Латын графикасына негізделген әліпбиге өту қабылданды. 1940 жылы қазақ халқынан бірауыз сұрамай-ақ бір күнде қабылданған кириллица бұғауынан 77 жылда әрең босадық. Ұлттық рухани отарсыздану латын әліпбиіне көшумен басталды! Енді әлеумет болып, қазақы төл әріптердің әлпеті мен кемшілігін түзеу жұмысы жалғаса береді. Сол үшін де Ұлттық комиссия құрылды»-деп жазып едік сол кезде.
Енді міне, екінші рет Жарлыққа өзгеріс енгізіліп, ел айтқан ұсыныс-пікірлер ескерілді де, екшелді.
Әрине, әлі де екі-үш әріптің кілтипаны болып тұр. Ол да жүре түзелер. Өйткені қателіктер қолдану барысында анықталып, қатардан шығып қалады. Енді ол түзету қашан болады деп езіп отыра бермей, ел болып, жаңа Қазақ әліпбиімізді бастап кетейік! Жүзуді үйрену үшін суға түсу керек! Жағада айналып шапқылай бергеннен, ештеңе шықпайды...
Бәрі де атымыздан басталады. Алдымен аты-жөнімізден бастайық! Қазақша латын әліпбиіне өткенде кириллицаға тән "ов"-"ова" жалғауларынан да арылып қалуды да, әлеуметтік желілерде әлеумет болып, қатар бастайық. Оны құжаттау жағы алда бола берер. Алда Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Біріккен Ұлттар ұйымынан бастап, ағылшын тіліне Ресей тілінен аударылып жазылған
КАZAKHSTAN деген бас атауымыз да
QAZAQSTAN болып, қазақ тілінің негізінде аударылып, қатесі түзелетін күн де жақындап келеді!
Латын әліпбиіне өту – Рухани Тәуелсіздікке жасалған болашағы зор жарқын қадам!
Елбасымыз өз сөзінде нақтылап айтқандай, Латын әліпбиі қабылданған соң, мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болуы тиіс.
Мемлекеттік әліпби – мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет етуі керек.
Мемлекеттік латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің заңды төріне шығуына жол ашуы тиіс!
Енді ел болып қолдаған жаңа әліпбиімізді жаппай қолдануға көшейік!
Яғни, сөзден іске көшетін кез келді!
Qazybek ISA
QAZAQUNI.KZ