Түсіпбаева: Алагөзова тракторшы мен сиыр туралы фильм түсіре берсін, ұлттық қазынаға тиіспесін
2018 ж. 13 ақпан
7612
29
Осыдан біраз уақыт бұрын Меруерт Түсіпбаева Баян Алагөзованың “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” телехикаясын сынға алған болатын. Әдеттегідей Мақсатқызы көп күттірмей өзін сынаған жанға жауап берді. Ол “Түсіпбаеваны киноға түсіруден бас тартқандықтан, маған жала жабуға тырысып отыр. Тіпті, біреудің тапсырмасымен осылай жасаған болуы мүмкін” деп ашық пікір білдірген еді.
Бұдан кейін Түсіпбаева үнсіз қалды. 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасына берген сұхбатында ол алғашқы ойынан айнымайтынын мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.
“Мен мемлекеттің еңбек сіңірген қайраткерімін. Құдайға шүкір, елге сіңген еңбегім баршылық. Президентіміздің өзі қол қойған, ол қазір Халық артисі деген атаққа теңестірілген. Ол Баян ба, саян ба, қоян ба, бай ма, кедей ме, танымал ма, танымал емес пе – маған бәрібір. Мен өз пікірімді білдіруге құқылымын”, – деп бастады сөзін Түсіпбаева.
Әнші даудың немен аяқталғанын да айтып берді.
“Солай ғана қалды. Екі хат жазылды. Продюсер ханым оны екі әйелдің ортасындағы кикілжің ретінде шығарғысы келеді. Бірақ мәселе онда емес. Бұл ұлттық мүдде туралы мәселе.
Басты рөлде әкім орынбасарының қызы, кірпікті жабыстырып алған, ол тіпті қазақ тілін дұрыс меңгермеген. Сен Қодарға тұрмысқа шығасың десе телехикаяда: “Өзің ти”, – деп айтады екен. Қазір 21 ғасыр болса да, мен олай деп анама айта алмас едім”, – деп сынға алды әнші.
Бұдан өзге, Түсіпбаева Алагөзованың тағы бір өтірігін әшкереледі. Айтуынша, Баян Мақсатқызы өзі айтқандай қосымша көріністерде бой көрсеткен жастарға ақша бермеген. Ақшаны былай қойғанда, бір ауыз суға зар қылған, дейді ашынған әнші.
“54 миллион теңге – сіз бен біздің салығымыздан жиналған ақша. Оған жауап беруі керек. Ол кісі массовкада үш рет тамақтандырдық, ақша төледік деп айтып жатыр. Бірақ сол массовкадағы жастар маған хат жазды. Ақша түгілі, су да бермеген. Оны қопарса, әңгіме көп. Тағы да айта кетейін, Баян Алагөзова бәлкім тамаша продюсер шығар. Тракторшылар, сиырлар туралы фильм түсіре береді. Бірақ қазақ тілін жетік меңгермеген продюсер біздің ата-бабамыздан қалған ұлттық мүддеміз “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” эпосын түсіруге оның деңгейі жеткен жоқ. Егер мұны екі әйел арасындағы кикілжің деп қабылдасаңыздар, бұл сіздердің сауатсыздықтарыңыз!” – деп кесіп айтты Түсіпбаева.