ОРТАҒАСЫРЛЫҚ БАЛАСАҒҰН ҚАЛАСЫ – ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫНЫҢ ОРТАҚ МҰРАСЫ
2018 ж. 19 қаңтар
8741
0
Халықтың өзіндік идентификаци ялануы мен қалыптасуын анықтауда маңызды рөл атқаратын тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселесі – Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы маңызды бағыттарының бірі. Ескерткіштер – дәстүрлі және тұрмыстық мәдениет құндылықтарын сақтау және көбейту арқылы ұрпақ пен ұрпақты байланыстыратын бірден-бір құрал. Олар мәдени мұраның құрылымдарының бірі ретінде маңызды әлеуметік қызметтерді орындаумен қатар ғылым, білім және мәдениет дамуының мақсатына айналып, туған жерге деген сүйіспеншіліктің қалыптасуына, адамгершілік және эстетикалық тәрбиеге ықпал етеді.
Тәуелсіздік таңымен бірге мемлекеттік бағдарламалар негізінде көптеген зерттеулер мен ашылымдар Қазақстан археологиясының іргелі ізденістерін одан әрі туындатып отыр. Әсіресе археологияның әдістемесі мен теориясына қатысты, кезеңдемелер мен нақты ғылыми тұжырымдар жасалу жағы көкейкесті.
Кеңестік археологияның сүрлеуінен шығып тарихи методологиялық әдістерді, жүйелеулерді, тұжырымдарды уақыт сұранысына қарай жұмыс жасататын кез келді.
Бүгінгідей жаһандану кезеңінде ғылым, әсіресе нақты дәйектер мен дәлелдер арқылы ғана сөйлейтін археология ғылымы саясат құралына айналмауы тиіс. Сол себепті археологиялық ескерткіштерді зерттеу мен олар туралы нақты тұжырымдар жасау – өзекті әрі кезек күттірмес мәселе.
Археология ғылымының зерттеу нысанына жататын ескерткіштер қазіргі ел мен елдің әкімшілік бөлінісі шеңберінде жатқанымен оларды тану мен таныту ешбір аяға симайтын тәуелсіз шынайы болу қажет. Ескерткіш жөнінде пікірлер де белгілі бір елдің мүддесі үшін немесе жасанды тарих жасаудың қол шоқпарына айналмауы тиісті.
Қазақ тарихы тек Тәуелсіз Қазақстан территориясымен шектелмейтіні бәрімізге мәлім. Сан жұрт келіп, сан жұрт кеткен қазақ даласы шиырланған мәдениеттер мен ескерткіштерге бай. Солардың қатарында ЮНЕСКО-ның тізіміне енген орта ғасырда Шу өңірінде Қарахан мемлекетінің астанасы Баласағұн қаласы бар. Біз осы жөнінде сөз өрбітпекпіз.
Баласағұн шаһары жөнінде біршама жазба деректерде кездескенімен, нақты ол қаланың Жетісудың оңтүстігіндегі Шу өлкесінің қай жерінде орналасқандығы туралы біршама таласты пікірлер болғаны мәлім.
Тарихи деректерге сүйенсек, Баласағұн қаласы жоқтан пайда бола салған жоқ. Оның өзіндік қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері жүргені анық көрінеді. Орта ғасырда аты мәлім қала болғандықтан, ол жөнінде жазылған деректер де жеткілікті. Алайда ол деректердің көпшілігі толық сараланып зерттелді дей алмаймыз.
Жазба деректердің ішінде Баласағұн қаласы жөнінде Әбу Шама Шиһабуддин әл-Мақдисидің айтуынша, ол «игілікке бай, үлкен қала» болған. Ал Махмұт Қашқари Баласағұн қаласынының Күз-Ұлыс немесе Күз-Орда деген басқа да аттары болғанын хабарлайды. Бұдан да басқа деректер мен әлі де басқа ғылыми айналымға енбеген мәліметтерді айналымға қоссақ, Баласағұн қаласының орта ғасырдағы түркі жұртының тарихында алар орны орасан көрінеді.
Баласағұн қаласы жөнінде тағы бір мәліметте 1210 жылы Мұхаммед Хорезм шаһты жеңген қарақытайлықтардың қол астына қарағаны айтылады. 1218 жылы Шыңғыс хан әскеріне қарсылықсыз берілгені үшін Ғабалық яғни «Жақсы қала» деп аталады. Енді осы түркі жұртының ең ірі қаласы болған Баласағұн жөнінде, оның тарих сахнасынан алатын орнынан бөлек археологиялық тұрғыда қала жұртының қай жерде жатқандығы біраз таласты пікірлермен өрбіді. Ол шешімдердің басында В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам сияқты ғалымдар тұрды. Негізінен Баласағұн қаласының орны жөнінде алғашқы пікірді 1938-1939 жылдары ленинградтық ғалым Л.Н.Бернштам Қырғызстандағы Тоқмақ қаласының оңтүстiк батысында 8 шақырым қашықтықта орналасқан ортағасырлық Ақбешiм қаласының орнында кiшiгiрiм қазба жұмыстарын жүргiзiп, қолға түскен азғантай деректерге сүйенiп жариялаған болатын. Осы пікір ұшқынымен (Ақбешiмдi Баласағұн деп) қырғыз ағайындар әлі күнге әйгілі Бурана мұнарасын Баласағұн орны деп жарияға жар салып жүр. Әрине, Баласағұн шаһары екені нақты дәйектер мен ғылыми тұжырымдар негізінде дәлелденіп жатса құба-құп. Бірақ қазір бос айқаймен шаруа тындыратын уақыт емес.
Ақбешім Қырғызстанның Тоқмақ қаласынан 8 шақырым оңтүстікке қарай, Шу алқабында орналасқан. Қала екі бөліктен тұратын 1-сі (60х60 м) патша сарайы мен Шахристаны 400 х 600 метр деп ғылыми әдебиеттерде жазылады. Қаланы қоршаған қамал бойында 10 мұнара орны байқалады. Үш қақпасы бар. 2-бөлігі 870 х 900 м қамалмен қоршалған. Қала сырты 11 км бекініспен қоршалған. Зерттеу барысында табылған заттай деректер Ақбешім қаласының 5-12 ғасырлардағы өркениет орталығы болғанын көрсетеді. Бұл жерде Ақбешім жөнінде де сан-саққа жүгірген ғылыми тұжырымдарды тізбелеудің қажеті болмас деп ойлаймыз.
Енді осы Баласағұн қаласының түркі дәуірінде алған орны мен әлеуметтік статусына қарай Қазақстан жерінде орналасқандығы жөніндегі пікірді алғаш Әлкей Хақанұлы Марғұлан ұсынған болатын. Қазақ ғалымының ойынша, Баласағұн қаласының орны – Жамбыл облысы Шу ауданындағы Ақсу және Қарабалта өзендерінің аңғарындағы Ақтөбе қонысы. Бұл пікірді өте қызу қолдаған белгілі ғалым Уахит Хамзаұлы Шәлекенов бұл тақырыпқа жарты ғасырға жуық өмірін арнап, бірнеше қомақты еңбектер жазып шығарды.
Осы уақытқа дейін тарихи зерттеулер мен археологиялық кешенді жұмыстардың жасалмауынан Баласағұн қаласының нақты орны жөнінде тиянақты пікір қалыптасты дей алмаймыз. Әлемнің дамыған елдері тарихи мәдени ескерткіштер арқылы туризм саласын дамытып, өз экономикасын миллиардтаған қаржымен көтеріп жатқанда, біздің тірлігіміз ұятты екенін мойындау керек. Түркі халықтары, соның ішінде ағалы-інілі қазақ-қырғыз халқының ортақ мұрасы болуы керекті Баласағұнды ары тарт та, бері тарт деп, «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешудеміз. Бұған, әрине, көптеген себептер бар. Бірақ бұл жерде тек өзімізге қатыстысын сөз етпекпіз.
Орта ғасырлық орасан зор қамалы бар, қарауыл мұнарасы мен ирригациялық жүйесі таң қаларлық Ақтөбе жұрты археологиялық зерттелуі жағынан көңіл көншітерлік деп айта алмаймыз. 1974 жылдан бастап әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасы болып, сан мыңдаған шәкірттің тәжірбие алаңына айналды. Десек те оның методологиялық жағынан терең зерттелуі мен ғылыми тұжырымдар жасалынуы, ақпарат тұрғысынан халыққа насихатталу жағы қолға алынбай келеді.
Қала жұртының көлемі мен бай архитектуралық құрылымы, тарихта алған орны үлкен болса, қазіргі қоғамдағы пешенесіне жазылған оның тағдыр тауқыметі сын көтермейді. Белгілі ғалым Уахит Хамзаұлы ұстазы Әлкей Хақанұлының аманатын арқалап, бар қал-қадірінше тарихи тұрғыда Баласағұн шаһары екенін дәлелдеп бақты. Ал «осы қаланың археологиялық жағынан зерттелуі қандай деңгейде?» дегенде – ұяттымыз. Қала жұртының археологиялық зерттелінуінде аз да болса аса зор еңбек жасаған - белгілі ғалым Ә.М.Оразбаев. Әбдіманап Медеуұлының зерттеулерінде ашылған қаланың ирригация жүйесі мен мұнарасы Уахит Шәлекеновтің осы жұртты Баласағұн деуіне басты негіз болды.
Ақтөбе қаласы жұртының тағдырына алаңдап, оның табиғи және адами факторлармен бұзылып жатқандығы жөнінде Мадияр Елеуұлы соңғы жылдарда сан мінберлерде жақ талдырып сөз сөйледі. Торғайдай шырылдаған ғалымның сөзін құлағына асып тыңдап жатқан бір пенде жоқ. Қаланың тарихи маңызымен бірге қазіргі таңда қоғам сұранысына сай әлеуметтік экономикалық жағынан да қолайлы тоғыз жолдың торабындағы ескерткіш екені ескерілмей шет қалғаны жан ауыртады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Баласағұн қаласының көне жұрты қай жерде екенін нақты таппай, оны үйінді күйінде келесі ұрпаққа жеткізсек, бізден де көмескі мәлімет жетіп, мамандығымызға сын болар еді. Археология саласында бүгінгі таңда белгілі бір мәселелерге арналған ғылыми жиындардың, пікірталастардың болмауы – осы саланы үйлестіруші, ұйымдастырушы азаматтардың селсоқтығы.
Мысалы, Баласағұн қаласы жұртына байланысты не істей аламыз?
Біріншіден, осыған дейінгі археологиялық зерттеулер нәтижесін ортаға сала отырып, ТҮРКСОЙ немесе басқа да ынталы ұйымдардың көмегімен ортақ комиссия шығарып, зерттеу бағытын, жүйесін, тұжырымдамасын айқындау керек.
Екіншіден, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі жариялайтын ғылыми жобаларда «Баласағұн қалашығы орнын археологиялық зерттеу» тақырыбына басымдық беріп, арнайы және қомақты қаржы бөлдірткен жөн. Зерттеудің әр кезеңі қорытындысына түркі дүниесі археологтарын шақырған орынды.
Үшіншіден, Баласағұн – қырғыздың да, қазақтың да меншігі емес, түркі дүниесін ортақ құндылық және рухани қазына. Олай болса, қырғыз тарапының «Бурана мұнарасына» байланысты зерттеулерін әлем ғылымына қойылатын талапқа сай нақты, жүйелі жүргізілуін бірлесе қолдау, бақылау маңызды.
Барымызды бағалап, ел игілігі үшін жұмыс жасау азаматық парыз деп түсінетін кез келді. Бүгінгі таңның ерлігі қолға қару алып жауға шабу немесе құр даурығу емес екені бесенеден белгілі. Жаһандану деген құбылыстың иіріміне жұтылып кетпеу үшін ұрпақ бойында елге, жерге деген шексіз сүйіспеншілік, құрмет тұруы қажет. Сонымен қатар туған жердің қадір-қасиетін әрбір қоғам мүшесіне жеткізу арқылы ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жолын таңдау да – басты мақсатымыз екенін ұмытпалық.
Ұлы Дала тарихына деген жастардың қызығушылығын арттыру жұмысы болашақ мамандардың әр саладағы талпынысына қозғау салуы қажет.
Ғылым өзіндік ішкі бейбіт бәсекелестік жағдайында дамитыны ақиқат. Ол үшін осы мақсатта жұмыс істейтін мамандар шоғырының көбеюімен бірге салмақты сын қалыптасуы керек. Әділеттік пен талғам жұмысты сапаландыратынын тарих тәжірибесі көрсетті.
Ұлан ҮМІТҚАЛИЕВ,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультеті археология және этнология кафедрасының меңгерушісі,
тарих ғылымдарыныңкандидаты
qazaquni.kz