Қайнар Олжай: "Баян Сұлуды" көрген шетелдіктер көшпенділер мәдениеті туралы не ойлайды?
2018 ж. 12 қаңтар
16173
31
Тұнық тіл мен нәзік діл не, асыл дініміз де аяққа тапталды
«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» СЕРИАЛЫНЫҢ БАСТЫ САБАҚТАРЫ алдымен біз үшін, сосын болашақта тарихи фильм түсіруге талпынған жастар үшін
2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында жұрттың бәрі осы фильм, біздің корпорация туралы жақсылы-жаманды пікір айтқанда арттарында еш тапсырыс жоқтығын ескертіпті. Тапсырыспен жазып отырған біз ғана. Ашық айтамыз. Семей ядролық полигоны кесірінен аз қалған ғұмырында ұлттық дәстүрді ұғындырып үлгерген әжеміз Ханымияның, ана сүтімен бірге ана тілін бойымызға дарытқан анамыз Ханымзаданың, алғаш «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанынан баға қойған мектептегі мұғаліміміз Зүбәйла Сәбиханованың, университетте тура осы дастаннан сынақ алған ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаевтың тапсырыстары. Анығында аманаттары. Жатқан жерлері жарық болғай, бәрі әлдеқашан о дүниеге аттанып кеткен. Сол кісілердің аманаттары бізге осы жазбаға жетеледі.
* ** Алдымен, жұрттың бәрі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудан» баяғы «Қыз Жібек» фильміндегідей дәмді сөздер күтті. Дастан ретінде көркемдігі жағынан бірінен бірі өткен соң киносында неге олай болмасын? Күтіп қойған жоқ-ау, іздеді. Иә, «Қыз Жібек» фильмінде кейін тұрақты тіркеске айналған сөздер көп еді. Әңгімеге біреу ортасынан килігіп кетсе «Бекежан мырза, сөзді бөле бердіңіз ғой» дер едік. 2018 жылы 8 қаңтарда 60 жасқа толған Әндіржан атты курстасымыз жатақханада қыздардың бөлмесіне кіріп: «Жібекжан, қымызды қонақтар ішсін, бізге шай да жетеді» деп күлдіретін. «Қалауыңыз қасқалдақтың қаны, не адамның жаны емес шығар» дер еді аудиторияда қалжыңдаған қыздар. «Біреудің басына қызыққан өз басын да ойлай жүргені жөн болар» дейтін профессорларымыз. Бір кинодан осыншама теңеу, тұрақты тіркес ұлттық тіл байлығына қосылып еді. Ал, Баянның «Баянын» баяндасақ: «Бағымызға қарай алатын бай табылды.» Қарабайдың қызы туралы айтқаны. «Күйеуді тапқан өзің. Қызды да өзің тап.» Бәйбішесінің Қарабайға айтқан сөзі. «Үйіне шымылдық құрғызып қойдық. Әкел де өзің отырғызып қой». Бұл да Қарагөз бәйбішенің аузынан шығады. «Өзіңізге тиер деп зорламаңыз». Баянның Қодарға айтқаны. Қодар Баянның құрбысы Талшынға бірнеше рет «Найсап» дейді. Қанша Қодар болса да қызға ондай сөз айтпаса керек. Басқа теңеулер баршылық қой. Иә. Талшын байғұстың естімегені жоқ. Қозы да Қодардан қалыспай оған «антұрған Талшын» дейді. Бірі жағымды, бірі жағымсыз екі кейіпкердің қызға қарата айтылған сөздерінің сыйқы осындай. Мынау Баянның шешесімен оңаша қалғандағы сұрағы: «Әкеме сүймесеңіз неге тидіңіз?» Шешесі жауап бергеннен кейінгі келесі сұрағы: «Сонда қарсыласпадыңыз ба?» Анау ғасырдағы Баян қойған сұрақтар ма, әлде мына ғасырдағы басқа қыздың сұрағы ма деп ойлайсың. Шешесі Қарагөз қызына «Сені ғашықтық оты өртеп жатыр» дейді. Қандай ана қызына осылай деген екен? Әрі, бергі Баян емес, сегіз ғасыр бұрынғы Баянның заманында. Баянға шешесі әкесін жамандағанда «Қарақшылармен әбден әуейі болып алды» дейді. Ал керек болса! Қарабай мен Қодар және оның қасындағылар әуейі болса қандай көрініс шығарын көзге елестете беріңіз. Сериалдағы әр фильмнің басында «12 жастан асқан балалар көруіне болады» деп жазылған. Оған «тек естулеріне болмайды» деп қосқан ләзім. Өйткені, ананың аузынан қызына қарата «еркек пен еркек әуейі» дегенді жас балалар естімесін. Баянның тағы бір тұста Қодардан «бала күнімде мені қатын қылармын демеген шығарсыз?» деп сұрағанын да естімесін жас ұрпақ. Сөйлем құрауларында құжынаған қате жүр. Бұл сериал тіл заңдылығынан жұрдай. «Бір өзің аттану керек». Баянның айтқаны. Дұрысы «аттануың» шығар. «Тағдырым өз қолымда болса ғой, мұндай бақсыз бағыныш болмас па еді». Бағзы заманның Баяны өз ойын ана тілінде бұдан сауатты жеткізсе керек еді. Жігітінің де тілі жетісіп тұрған жоқ: «Байқасам, сен Қодардың жары болғың келмейді». Қодар «Ал Қозыны біреудің қалыңдығын алып қашқаны үшін жазасын тартатын болады» дейді. «Қозы ... жазасын тартатын болады» емес пе? «Егер оған бірдеңе болса, менің тірі болғанымнан керегі жоқ» дейді Баян. Дұрысы «болғанымның» шығар. Қодар Баянға «Бір махаббаттың отын жаққанмен, бірін өлтіремін деп ойламайсың ба?» дейді. От өлмейді, өшеді. Оның үстіне құрмалас сөйлемнің бірінші бөлігінде «жаққан» деген соң, екінші бөлігінде «өшіріп» деуге міндетті. Еркешора Баян, жетім Қозы, құл-қарақшы Қодар солай сөйлесе де, ата сақалы ауызға біткен Қарабайға не жорық, ол «Қодар, қызымның еркін бер» дейді. Шамасы, «еркіне жібер» демек болған. Қазақтың сөзінің мәнін білмей, қалай болса солай қолдану жетіп артылады. «Ондай орай өтіп кетті» дейді Қозы. «Орай» ешқашан өтпейді. «Орай», анығында «орайы» келеді. Сценарий авторларының осы сөзге неге үйір екені белгісіз, енді бірде Қодарға «саған бір орай беруге ұйғардық» дегізіпті. Бұл сөзді дұрыс қолданудың орайын таппаған авторларға қарның ашады. Қозының әкесінің ағасы Әжібай би сый-сияпатты көрсетіп «мына сауғаны бәйбіше, өзіңізге арнайы әкелдік» дейді. «Сауғаны» жауды шапқан батыр беріп кететін. Кейде жомарттанған тонаушы тастайтын. Ал құдалыққа келген әрі елге сыйлы бидің «сауға» әкелгені – өз қадірін өзі кетіргені ме? Одан әрі маңғаз Әжібай би «Шүршіт сәнқойлары қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» дейді. Айтайын дегені «Шүршіт сәңқойларының қолына түсе бермейтін бұйым, бәйбіше», не «Шүршітте сәңқойлар үшін жасалған, қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» шығар. Қазақша сөздер тұрмақ орысша аударылған субтитрде өрескел қате тұр. Қозының Баянға айтқан «тұп-тұнық жанары, аққу мойны, шиедей ерні» дегені «чистыми глазами, шубами как вишня, с лебединой шеей» жазылған. Біз эфирден көргенде ақырғы серияның ең соңы осындай өрескел қатемен біткен. Шие түстен тонды Баянның үстінен көре алмадық. Көбіне құлын жарғақпен жүрген еді. «Губа» мен «шуба» сөздерін шатастырғанда бізде қате қаптап жүретінін орыс тілділер де сезсін дегендері шығар. Орысша субтитр демекші, оның пайдасы да тиетін тұсы бар. «Таңқы, таңдау сенікі» дейді Қодар қарақшыларының біріне. Анау қайдағы таңқы, мұрны аузына түскен біреу. Әйтеуір орысшасында оны «куроносный» деп беріпті. Шамасы қазақша сөзден емес, фильмдегі көріністен жөндесе керек. Баян қашып кеткен соң Қарабай «Естідіңдер ме маған бөзек етіп тұр» дейді. Қодар «ешқандай бөзек емес» деп безілдейді. «Бөзек» - жергілікті диалект сөз. Жалпы ұлтқа арналған фильмде ондай азғана аймақ түсінетін диалект болмағаны абзал. Аннан-мұннан оқығанымыз бар «бөзек» сөзінің мәнін түсінгендей болдық, ал мына сөйлемнің бір сөзін мүлде түсінбедік. «Мен неге өз қалыңдығым үшін біреуге қарымжы қайтаруым керек.» Бұл – «қарымжы» деген не? Қарыз ба, қарымта ма, қаржы ма? Оның қайсы екенін мыңдаған көрермен ұғынуы үшін әрбірінің қасында сценарий авторы тұрмаса, басқа амалын білмедік. Қозы мен Баян бірі жирен қасқамен, бірі ақбозбен қашып келе жатқанда Қозының аты жығылады. Қозы «күрең атым-ай, мұның не?» деп күйінеді. Күрең мен жиренды ажырата алмаған аңғал бала ма сонша? Сол атына қарап «Егер көкте арғымақтарға орын болса, сонда кездесерімізге сенемін» деп толғанады. Мынау Баянға да арнамаған сөзі ғой. Сосын Баянға қарап «жілігі үзіліп кетіпті» дейді. Жілік үзілмейді, сынады. Өйткені, ол – тұтас бір сүйек, үзілсе – бірнеше сүйек жалғасқан омыртқа немесе мойын үзіледі. «Саған тіккен шаңырақты» дейді Қарабай Қодарға. Шаңырақты көтереді. Отауды тігеді. Құрсыншы. Енді қазақ тілінде мүлде жоқ «жаңалықтарға» келейік. «Осындай адамсыздық болар ма екен» деп Қодарға зекіреді Қарабай. Қалың көрерменнің де күйініп отырғаны сол «адамсыздық» қой. Қарабайға қарата бәйбіше «бұл сенің абыройыңа жат» дейді. Енді фильмді түсіргендерге тура осылай айтылса, қалай болар еді? Бәрі құраққа түрпідей тиген сөздердің арасында бір дұрысы бар екен. Таптық. Тек естір құлақ болса. Қодар Қарабайға қарата: «Сенің қызыңның күйеуі бар. Ол екі рет байға тимейді» дейді. Бәрекелді Қодар! Әрбір фильмнен қай елдің студиясы түсірсе, соның дәстүрлері көрініс тауып жатады. Ал, тарихи тақырыптағы фильмдер үшін бұл ережеге айналған. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» сериалы да осы тұрғыдан қандай? Сериал төңірегінде шу шыққанда, бірақ біздің атымыз әлеуметтік желіде екі –үш рет аталып, пікір сұралғанға дейін-ақ бірқатар азаматтар алты қойды алып кету – барымта еместігін айтыпты. Қумақ болған Баянның шалғайына жармасқан екі қойшыны теуіп құлатып, біреуінің тамағына пышақ кезеуін де сынапты. «Одан әрі көрмедік» деп қоя салыпты. Біз көрдік. Баян қойшыдан кейін Қодардың алқымына, сосын өз тамағына пышақ кезейтін көріністер бар екен. Ұлттық дәстүр қалай еді? Алысқа бармайық. Өз басымыздан өткен жағдай. Он жастың о жақ-бұ жағындағы кезіміз. Сол жылы Ақсуат ауданында қатты қуаңшылық болып, әкей басқалармен бірге Ақтөбе мен Қостанай облыстары аумағынан шаруашылықтың қысқы маз азығын дайындау үшін аттанған. Үлкен аға әскерде. Тетелес ағамыз Семейге қыдырып кеткен. Екі іні кішкентай. Айтпақшы, жалғыз әпкеміз бар. Үйде ет таусылған күні шешеміз жарықтық бір қойдың аяғын буды да, пышақ әкеліп «мына қойды бауыздайсың» деді. Неге? «Қарағым, әйел адамға мал бауыздауға болмайды. Сен бауыздайсың. Сосын өзім сойып аламын.» Сөйтіп шешеміз қолымыздың сыртынан ұстап отырып, қойдың мойнын пышақпен шалғызған. Қазақы дәстүр, байырғы дін табанға тапталған, ұлтымыз қызыл империя уысында қалған өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы тәлімнің өзі осындай. Сериалда Баянның анаған бір, мынаған бір тура мойыннан селебе кезеуін көргенде бала күнгі осы көрініс ойға оралған. Айтпақшы, астындағы аты жығылғанда Қозы жануармен қоштасып, қанжарын төмен сілтеп қалады. Шамасы, атты қолтық тұсынан жарып тастаған. Баяғыда біздің аудан орталығымыз Ақсуаттың шетінде неміс көп тұрған. Беріде бірі қалмай тік көтеріліп Германияға көшіп кетті. Солар күзде шошқа сойғанда жүрегін көздеп қолтық тұсынын осындай ұзын селебені бір-ақ тығатын. Қозының тұсында қазақ даласында неміс болмаған сияқты еді, атқа кездік сілтеуді кімнен көргенін? Қазақ әдебиетінде еркекшора өткен қыздың да образы бар. Мағауиннің «Шахан Шері» романында. Нағыз киноға сұранып тұрған әдеби туынды – осы. Дайын сценарий. Акира Куросаваның «Дерсу Узаласынан» кем емес фильм шығар еді. Хош. Сонда Меңсұлу атты қыз еркекше киінеді. Түнде жылқы бағуға шығады. Бөркі абайсызда шешіліп кеткенде қолаң шашы төгіледі де, Шахан Шері оның бозбала емес, қыз екенін сонда байқайды. Меңсұлу қолына сойыл ұстайды. Бірақ салақтаған селебесі болған емес. Кинода Баян ұзын көйлекпен жүр. Сыртында камзол ма, жақы ма бірдеңе киеді де, беліне әлгі селебені іліп алады. Ең болмаса еркекше киініп, беліне әлгісін тақса келісер ме дедік. Иә, тағы есімізге түсіп жатыр, қазақ әдебиетінде әйелдің алмас ұстараны пайдаланатын көрінісі бар. «...Орнынан тұрып төрдегі төрт таған орындыққа барды. Күміс табақшаның үстіндегі жүзікті қолына алып көрді. Тырнақтай көк тастың астындағы көк ұнтақ у екен. Жылмағай мүйіз қорапшаның ішіндегі алмас ұстара боп шықты.» Ар жағы оқырманға таныс шығар. Қазақтың тағы бір керемет қаламгерінен. Мұхтар Мағауиннің студент кезден досы Әбіш Кекілбаевтан. Атақты «Ханшадария хикаясынан». Бірақ мұнда солаңдаған селебе емес, ашылып-жабылатын, бір қуысқа сиып кететін алмас ұстара. «Шахан Шеріге» бір айналып соға кетелікші. Меңсұлудың әкесі Атабек деген ақсақал бар. Кешкі ас үстінде Шаханға қаратып әңгіме қозғайды: «Орнында бар оңалар. Кең қоныстың төрт бұрышын керней, сары дала, самал тау, шалқар дария – айналасы алты айлық құт мекенін лықа толтырып отырсың, ұрпағыңа қандай жау жәбір жасар! Кие көпке қонады. Байлық – баста, жарлылық – жалғыздықта. Тек ердің еңсесі басылмасын, әйелдің ажары сынбасын. Елің қонысында, жерің орныңда. Ендеше, байбалам салма, байыз тап. Бұға берме, бұғанаңды бекіт. Есіңді жи да, еліңді ұйыстыр. Заман бізден озып, сізге жетті...» Қандай парасатты, мәнді әрі мәнерлі сөздер. Экранға телмірмесең де, тура құлағыңның түбінен жүзі мейірімді, өңі парасатты, күмістей сақалы салалы ақсақал күмбірлеген қоңыр дауыспен айтып тұрғандай. Ал «Баянда» Қарабай не дегенін, тіпті дастанда жоқ, сериалда пайда болған Әжібай би қалай сөйлейтінін жоғарыда жазғанбыз, ерінбесеңіздер қайта қарап аларсыздар. Иә, негізі сөз сорабынан шығып барады екенбіз, мына сериалда мойынға селебе кезеуден аяқ алып жүргісіз. Қыз Баяннан қалсын ба Қозыңыз да Қодардың мойнына пышақ кезейді. Қодар Қозыдан асып түспесе кем емес қой, бірде емшінің, бірде Қозының, бірде Жаппардың мойына пышақ тіреп жатқаны. «Көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді» дегендей, Қодардан қарақшылар тобының басшылығын тартып алатын Жаппар да Қодар мен Қозының мойнына қанжар жалақтатудан бір жалықпайды. О ғажап, бәрі бір-біріне селебе сілтеп жүреді де, ет жеуге келгенде пышақ таппайды. Иә, алты серияның екі жерінде Қодар тоқпан жіліктің етін турамастан қос қолдап ұстап жұлып жейді. Басшысынан қалсын ба қасына отыра қалған қарақшысы да келесі сүйекті етімен алып қарпи бастайды. Тағы бір көрініс еске түскен. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ даласында отызыншы жылдары өткен аштық туралы жазуға, көрсетуге мүмкіндік туды. Сонда бір ескі кинокөрініс бірнеше деректі фильмде қайталанған. Жұлым-жұлым шошақ бөрікті бала жілікті апыл-құпыл етімен жұлып жейді. Жарайды. Ол түсінікті жәйт, аштан өлейін деп тұрған жас бала шығар. Ал мыналар ше? Қодар өз сөзімен айтқанда, бай қайынатасының төрінде шалқып отырған күйеу бала емес пе? Осыдан кейін «қазақша ет» дегенді неге «бешбармақ» дейді?» деп ренжиміз. Қайта Әжібай би, анығында оның ролін ойнаған актер сабырлы екен. Алдындағы үйме табақ бірақ туралмаған етті жамбас сүйегімен жемей, абыройын сақтап қалды. Қазақ «қыз қылығымен» дейді.Ал Қозы мен Қодар қатар ғашық, реті келсе Жаппар да қолға түсіргісі келетін, олар былай қалыпты, Қодар сұрағанда және екі қарақшы кет әрі еместігін білдіретін Баян ерекше қылықты болса керек-ті. Сол Баяныңыз түнде сырғасын құлақтан шешпестен ұйықтап жатыр. Онда да жарасымды ай сырға емес, салпаңдаған ұзыншақ бірдеңе. Шашына оралмай ма? Осы ма қазақтың мәдениеті? Киноны түсіргендер арасында дастанның желісінен баяғыда ауып кеткенін айту былай тұрсын, қазақтың дәстүрін білетіндер болса Қодарға қайта-қайта «Баян менің атастырылған қалыңдығым» дегізбес еді. «Атастыру» – өз атынан аңғарылып тұрғандай ата-аналар істейтін дәстүр. Бүкіл қазақ оны біледі. Ал, алты серияның ешқайсында Баянға «атастырдық» дейтін Қодардың әке-шешесі жоқ. Дастанда мүлде жоқтығын айтпағанда. Онда Қодар – тегі белгісіз құл. Сосын бұл Қодекең Қарабайдың үлкен үйінде отырып «мен ұрын келдім» дегенде талып түсуіңіз мүмкін. Бір емес, бірнеше рет қайталайды сабазың. «Ұрын келу» – атынан білініп тұрғандай болашақ күйеу жігіттің ауылға кештетіп кіріп, қалыңдығымен жүздесіп кетуі. Қалыңдықтың, не аға-жеңгесінің отауында. Қалай болғанда да үлкен үйде емес. Күйеу жігіттің ұрын келгенін бастапқыда санаулы адам білуі хақ. Үлкендер естісе де білмеген қалып танытады. Ал, қайынатасының төрінде отырып «мен ұрын келдім» дегенді бүкіл қазақ арғы-бергі мыңжылдықта тек «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» фильмінен естіген шығар. Өкінішті. Өкініштің көкесі алда. Сосын Қодар жұртқа «қадиямыз қайда?» деп дікіңдейді. Қадия –қазаққа ислам дінімен келген ұғым. Бұл кинода ешбірі «Алланы» аузына алмай, қайта-қайта «Тәңірі» деп сөйлейді. Демек, фильмді түсушілер қазақ даласына ислам келмей тұрғандағы оқиғаны көрсетпек шығар. Ал «қадияның» не екенін білейік. «Azan.kz» сайтынан: Қадірменді бауырлар мен әпке-қарындастарымыз! Жыл сайын дәстүрге айналған «Рамазан қадиясы» атты акциямыздың басталуын тағы да жариялап отырмыз. Акцияның мақсаты: Қасиетті Рамазан айы бойы, Алланың разылығы үшін басқаларға да жәрдем бергісі келетін мұсылмандар, жарияланған мөлшерде қаражат жинап, сол қаражатқа тұрмыстық жағдайлары нашар отбасылардан шыққан және жетім балбөбек бүлдіршіндерге, ата-анасының дініне, ұлтына қарамастан, сатып алынады». Одыраңдаған Қодар мен оның қандықол жендеті Жаппар бастаған қарақшылар қадия сұрағанын естігенде тұнық тіл мен нәзік діл не, асыл дініміз де аяққа тапталғандай күй кештік. Енді бұл сериалда қазақ тіршілігі қалай көрініс тапқанын талдайық. Оқиға негізінен бір ауылда өтеді. Қарабайдың ауылы. Оған іргелес қарақшылардың тығылған тұсы ара-тұра көрсетілген. Ал Қарабайдың ауылы қалай? Оны алыстан да, камераны дрон арқылы үстінен ұшырып та түсіріпті. Оған арман жоқ. Сол ауылдың үйлері екі жаққа тігілген де тура ортасында мал қамайтын қаша жасаған. Иә, оған бірде қой, бірде топыратып жылқы қамап қояды. Қазақтың қай ауылы малын тура ауылдың ортасына әкеліп қамайтын еді? Сериалды көрген шетелдіктер көшпенділер мәдениеті туралы не ойлайды енді? Ауыл ортасындағы қашаға күндіз де, кешке де үйірлі жылқы қамағанды тек «Баян Сұлудан» көріп таңырқап отырмыз. Жануарлар күндіз қыр басында үйездемес пе, кешке самалмен жайылуға шықпас па? «Бұл кино ғой» деп дауласар біреулер. Ал кино. Сол киноңыздың бір тұсында қарақшы Талшынның торсығын тартып алып, басына көтере ішіп: «мынауың қымыз емес, су ғой» деп лақтырып тастайды. Сол кезде Талшынның орнына сіздің «қайдағы саған қымыз, Қарабайдың ауылы бие байламайды» деп атып тұрғыңыз келеді. Иә, бірнеше рет іші-сырты көрсетілетін Қарабай ауылында желі, желідегі құлын жоқ. Пісіліп жатқан саба, күмпілдеген күбі жоқ. Төрт-бес кемпір бірер қазанның қақпағын кезекпен ашып қарағаннан басқа. Азғана жылқының қайда тұрғанын айттық. Осы ма көшпелі қазақ ауылы? Тоқсан мың жылқылы Қарабай суреттелетін дастанның бетін әрі қаратып жинап қойдық қой, берідегі жыраулар не дейді? Ақтамберді: Арудан асқан жар бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма! Биенің сүті сары бал – Қымыздан асқан дәм бар ма! Желіде құлын жусаса, Кермеде тұлпар бусанса, Сәні келер ұйқының. Бұқар бабамыз: Бәйбішеге жарасар Еміздіктеген сабасы. Келіншекке жарасар Емшектегі баласы... Жетер, арғы заманда өмір сүрген ондаған жыраудан желідегі құлын мен сабадағы қымыз жайында жүздеген мысал табылады. Ал сол өмірдің жиынтығы іспетті алты сериялы кинодан мұны көрмедік. Иә, сосын осы Қарабай ауылынан итті көрмедік. Қайта-қайта Қодар мен Жаппар бастаған қарақшылар тап бергенде, Әжібай би бір қора нөсермен шеру тартып келгенде бір ит үріп шықса кәне. Күнделікті екі бағдарламаның бірінде көрсетітп жататын тазы қайда, ауыл қоритын маң төбет қайда? Анталаған жау емес, жәй даланың бөрісі шапса мына ауыл қайтеді деп отырасың. Иә, бесінші серияда болар, бір бала күшігін көрсетеді. Аты Ақтөс дейді. Көзін жаңа ашып, аяғын енді басқан Ақтөс ауылды қоритын ит болғанша Қодардың қаншамасы қоқиланып кетер дейсің. Ауылды қорғау дегеннен шығады, Қодардың тобы басып қалғанда оны жалғыз Қозы қорғайды. Қодарды биліктен тайдырып, енді сол қарақшылар Жаппардың бастауымен қайта шапқанда Қозы мен Қодар бірге қорғаған болады. Бұл ауылдың азаматтары жоқ па? Бар екен. Алтыбақан құрылғанда қаншама жігіт «Құландай жүйрік майда жел-ай, Бар екен біздей ынтазар-ай» деп ауылды басына көтеріп жатады. Баян Қозыға ұзатылатын кезде киіз үйдің іші-сыртын толтырып домбыраны тыңқылдатып, жыртақтап отырады. Ал жау шауып жатқанда бірінің төбесі көрінбейді. Сонда фильмнің идеологиясы «жастар ауыл, Отанды қорғауға емес, тек сауық-сайранға ғана керек» деп тұр ма? Өте өкінішті. Қазақтың тіршілігі дегенде киіз үйдің ішіндегі бір одағай көріністі айта кетелік. Жай киіз емес, Қарабайдың үлкен үйі. Сол үйдің ішін айналдыра темекет тұтады. Негізі текеметті керегеге ілмей төрге төсейтін. Жарайды, жердегі текемет камераға көрінбейді, сондықтан көрнекі етіп ілгілері келген шығар. Ал сол екі үлкен текеметтің орталарына оюы мен түсі басқа тағы екі шағын текеметті іліп қойғаны несі? Қазақтың талғамы осы ма еді? Түркіменстанға барғанда керемет қалы кілем ілгендерін көргенбіз. Бірақ, үлкен кілемнің үстіне кішкене кілем жапсырып қойғанын көрмеппіз. Киіз үймен әлі қоштаспаған манғол ортасына барғанда керегеге тұтқан шымшиді көрдік. Бірақ, үлкен шымшидің ортасына кішісін жамағанын көрмедік. Шынын айтқанда, жазып, санап беруден жалықтық. Бәрібір қазақтың тіршілігі дегенде мынаны қоспай кете алмадық. Алты серияда бір сандық бар. Оны Қарабайдан Жаппар ұрлап алады, Жаппардан Қодар тартып алып, иесіне қайта береді. Өздері қайта-қайта «сандық» деп саңқылдайды, анығында шағын қобдиша ғана. Қош, сол «сандықтан» Қарабай шақылдатып ортасы тесік шақаларды санайды. Ал біз, ойбай біз емес фильді түсірушілер негізге алған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры не дейді?
Қарабай ертең көшіп тағы салды, Базары көп Тәшкенді бетіне алды. Байлығының белгісін көрсетем деп, Тоқсан айғыр сатты да, белбеу алды.
Белбеуі алтын, гауһар, өңкей жаһұт, Көрген жан тамашаға қалды батып. Айдап жүріп бұл малды нетемін?—деп, Тоқсан айғыр берді де алды сатып.
Қараңыз Қарабайдың нарлығына, Белбеуді салып қойды сандығына. Тоқсан айғыр бір тайдай көрінбейді, Қарекеңнің қараңыз байлығына.
Әлгі жарнамаларда айта беретіндей «айырмасын сезініңіз!» Фильмнің бір жерінде Қодар «сандықтағы күмістерді аламыз» деп қоқиланады. «Байғұс-ау, қазақ күмісті байлық демеген, оны тұрмысқа пайдаланған» дегің келеді. Иә, күміс сырға, сақина, білезік, белдік, қасық пен кесе денсаулыққа пайдалы екенін Қодардан басқа қазақ білген. Оны сандыққа сақтамай, қажетті бұйымдарды жасаған. Артып жатса ат-тұрманды күмістеген. Алты сериялы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» фильмінің барын барын сипаттап болсақ өзіміздің не іздеп таппағанымызды айтайық. Дастанның кілті – Қарабай мен Сарыбайдың марал атуы қайда? Оны үш-төрт рет сөзбен тәуіп Қозыға, Қозы Баянға, Баян шешесіне, шешесі Қарагөз Қарабайға айтады. Ау жарандар, бұл кино ғой. Қазақтың мақалымен айтсақ, «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» емес пе! Сосын фильмге арнайы жазылған әсем ән мен ерекше күйді іздедік. Жоғарыда айтқанымыздай бір жерінде «Ішінде топ қараған уәделескен, көзіңнің қарасын-ай» деп әндетеді. Сонғы сериясында белгілі күйдің басын тыңқылдатады. Мұның екеуі де, әсіресе әні сахна мен эфирден күнде айтылып, онсыз да құлақты сарсылтқан. «Қыз Жібек» фильмі шыққанда онымен бірге «Көш қызығы» мен «Ақ Жайық» атты ғажап әндер, «Аққу» сынды керемет күй бірге туған. Қадыр мен Нұрғиса жоқ болса да, Ұлықбек пен Төлеген жүр емес пе. Олардың жасы келіп қалды, фильмге лайық туынды жаза алмас десе Ғалымжан Молданазар мен Қалқаман Сарин ше? Және бір жоғы – селт еткізер деталь екен. Әлгі «Қыз Жібекте» сау етіп бүкіл моншақ шашылып түседі, бәрі түсінікті. Қос аққу мойындарын иіп, тұмсықтарын түйістіреді және түсінікті. Тіпті, көркем емес, деректі фильмде байырғы балықшы ескегін құмға жерлейді (көрмегендер үшін Сергей Әзімовтің «Арал. Өлі теңізді жоқтау» фильмі). Еш сөз айтылмаса да, бәрін түйсінесіз. Ал, жалаңдаған пышақ, сілтенген селебеден көз тұнатын алты сериядан мұндай тұщымды нәрсе таппайсыз-ау, таппайсыз. Біз болдық.
*** Осы фильм эфирге шыққалы әлеуметтік желіге қайта-қайта жазып, «Ұлттық арнаның бас редакторы қайда қараған» деген көпшілікке, оның ішінде тура біздің атымызды атап, түсімізді түстеген Анар Төлеуханқызына, Өмір Шыныбекұлына, «Қайнар аға, осындай дүниені эфирге шығаруға кім рұқсат етті? Түсінбейтінім, бұған сіздің қатысыңыз жоқ сияқты. Бас редактор болсаңыз да. Сонда бұған кім жауап береді?!» деген Тұрмағамбет Кенжебаевқа айтарымыз: «Иә, корпорацияның қызметкері ретінде бұл фильмнің эфирге шығуына Қайнар Олжайдың да қатысы бар!» Кесемін десеңіздер, міне басымыз! Тек, атышулы болған фильмде жоғарыда жазғанымыздай, пәленбай кейіпкер бір-бірінің кеңірдегіне соншама рет селебе кезегенмен, домалап түскен басты көрмегенімізді айта кетелік. Тәубе! Жалғыз арманымыз: осы жазбамыз ертең тарихи фильм түсіреміз деп суырылып шыққан жастардың кәдесіне жараса екен!
Қайнар Олжай
2018 жылғы 8-10 қаңтар,
Астана.
(Мақала автордың фейсбук парақшасынан алынды)