АБЫЗ АЙТАХАНОВ
2017 ж. 28 желтоқсан
4583
0
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов туралы толғаныс
Жаратқан Иеміз осы өмір жолымда мені қаншама жақсы адамдармен, жаны жайсаң ағалармен жолықтырды. Кейбірімен аз-кем дәмдес-тұздас болдық, қайсыбір тұлғалармен тұрақты да тығыз қарым-қатынастамыз, ал енді бір кісілермен тіпті ағайындай жақындасып, ағалы-інілі бауырдай сырлас болып кеткен жайымыз бар. Мен үшін сондай етене жақын, ерекше орны бар тұлғаның бірі – Қуаныш Айтаханов.Терең білімді, жан-жақты азамат
Менің ол кісімен танысқаныма отыз жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде Қуаныш ағаны тек жақсы қырынан көріп, жарқын істерімен танып келемін. Жасы кішіге жанашыр аға бола алатын, өзін сыйлата алумен қатар, өзгені де сыйлай білетін адал да әділ болмысының арқасында болар, соншама уақыттан бері арамызда еш қабақ шытысып, көңіл қалатындай ахуал болған емес. Талай рет жақсылыққа жайған дастарханымның төрінде отырды, әулетіміздің айтулы тойларын ағалық-ақсақалдық жолымен ашып та берді, шығармашылыққа қатысты жоспарларымның жүзеге асуына қамқорлық жасап, демеп жүргені өз алдына бөлек жыр. Кейде екеуіміздің осы барынша тығыз бауырластығымызға қызғанышпен қарайтындардың барын да сезіп, таң қаламын. «Бұлардың өзара ілік-шатыс, сүйектес туыс еместігі бесенеден белгілі. Ендеше екеуінің арасын жалғап, жақындастырып тұрған не байланыс?» деп бас қатырып жүргендер аз емес екен. Ал қазақтың «жақсы ортақ» деген ұстанымын ұмытпағандар, жайсаң жанды жақын тарта жүруге бейім қазақы мінездің қадірін білетіндер, жүрекпен ұғынып, түйсікпен сезінетін рухани туыстықтың орны бөлек екеніне жетік ағайын мұндай қарым-қатынастың сырын айтпай-ақ түсінеді. Бір қарағанда, сырттай сұсты да қатал сияқты көрінгенімен, сөйлесе келе Қуаныш ағамыздың ақжарқын, кеңпейіл, бауырмал адам екенін байқайсыз. Кейбір танымал тұлғалар көсіліп сөйлеп, көп ақыл айтуға бар да, алдына келген адамның сөзін соңына дейін тыңдап, пікіріне ден қоюға еш жоқ қой. Ал Айтахановтың бойына сөйлеу мәдениеті де, тыңдау мәдениеті де қатар қонған: өз уәжін дәлелдеп айта да біледі, өзгенің ойын ықыласпен тыңдап, оған құлақ аса да біледі. Тек лауазымды қызметіне орай ойға оралатын, тек соған қатысты ғана қоғамдағы сыйлы тұлғалардың қатарында аталатын адамдар болады. Ертең ол лауазымнан кеткен бойда ол жөнінде ешкім елжіреп еске ала қоймайды, сыртынан сыйлап, қадір тұтып жүрмейді. Ал енді бір кісілер болады – олардың қандай қызмет істейтіні, нендей орынтақта отырғаны емес, жай аты-жөнінің өзі ерекше құрмет сезімін тудырады. Қуаныш Айтаханов – сол екінші топқа жататын тұлға. Оның аты-жөні естілгеннен-ақ ел жадырап сала береді. Өйткені, атқарып жүрген қызметіне көпшілік разы, әрбір ісі халықтың игілігі үшін жасалғандықтан, есімі көптің көңіліне ұялап, көкірегінен орын алған тұлға. Терең білімді, таным көкжиегі кең, жан-жақты азамат болғандықтан, ол кісі кез-келген адаммен, кез-келген мамандық иесімен де тез тіл табысып, шүйіркелесіп кете береді. Өйткені, қоғамдық өмірдің барлық саласынан дерлік хабардар, қай тақырыпта болсын орнықты әңгіме айта алады. Оның төңірегінде экономистердің де, шаруашылық мамандарының да, өнер адамдарымен, ақын-жазушылардың да үнемі үйіріліп жүретіні сондықтан. Ол кісінің адамдармен араласа білетін, жақсы идея, озық ой, нақты мақсаттармен оларды өзіне тарта, айналасына топтастыра алатын қасиеттері қызмет барысында талай рет қажетке жарағаны сөзсіз.Ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді
Қуаныш Айтахановтың өмір жолына үңілсек, оның еңбекке ерте араласқан, әбден ысылған ұрпақтың өкілі екенін білеміз. Осыдан жетпіс жыл бұрын қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар (бұрынғы Қызылқұм) ауданында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген ол мектепті бітіргеннен кейін Жамбылдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқып, 1965 жылы ауданға веттехник болып оралады. Ауылда мал дәрігері-фельдшер болып еңбек ете бастаған жас маман көп ұзамай Мәскеудегі К.И.Скрябин атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді ветеринария академиясына түсіп, оны 1970 жылы қызыл дипломмен бітіріп шығады. Академия басшылығы аспирантураға қалуына, осы жоғарғы оқу орнында жұмыс істеуіне ықылас білдірсе де, Қ.Айтаханов тиімді ұсыныстан бас тартып (талайлардың Мәскеуге қолы жетпей тұрған кеңестік кезеңде!), еліне оралуға – туған жерге туын тігуге шешім қабылдайды. Сөйтіп, Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданы ХХІІ партсъезд атындағы кеңшардың бас мал дәрігері болып іске кіріседі. Алайда, «бас тарту әдеті» мұнымен бітпепті. Арада бір жыл өткенде, яғни, 1971 жылы Қуаныш Айтахановты аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына шақырады. Сонда «өз мамандығым бойынша әлі де біраз жұмыс істеп, біршама тәжірибе жинақтайын» деген уәжбен жас маман ол қызметтен де бас тартқан. Бұдан нені байқаймыз? Шамасы келе ме, жоқ па, оған қарамай, жоғарыдан түскен ұсыныстың бәрін құп алып, әйтеуір өрлей беруді көздейтін мансапқұмар адамдар болады. Ал Қуаныш ағамыз сол кезеңде-ақ өзінің ел алдындағы жауапкершілік жүгін терең сезініп, өз мүмкіндігін лайықты саралай білген. «Ондай лауазымға бару үшін бойымдағы қарым-қабілетті әлі де ұштай түсуім, дамыта беруім керек» деп түсінген. Оның қарапайымдылықпен қабысқан осындай шынайы болмысы қызметінің өн бойынан үнемі аңғарылып тұрады. 1983 жылы ол Алматы жоғары партия мектебін саясаттану мамандығы бойынша үздік бітірген. 1975-1988 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт (бұрынғы Ленин) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Шардара, Қазығұрт аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. Шардара ауданында қызмет істеген кезінде Қызылқұм даласын суландыруға атсалысты. Осы уақыт аралығында тек жусан мен сексеуіл өсетін шөлейт өңірде 5 совхоз құрылды. Жүздеген шақырым каналдар мен тас жолдар, электр желілерін, мыңдаған гектар суармалы жерлер мен тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, тағы басқа әлеуметтік нысандар салуға қатысты. Қазығұрт ауданында Ғазалкент каналы мен сол каналдан су ішетін 15 мың гектар суармалы жерді игеру жұмыстарын тікелей басқарды. Айтуға оңай болғанымен, осы шаруаларды жүйелі түрде іске асыру оңай жұмыс емес еді. Бұл күнде ел-жұрт сол суармалы алқаптардың игілігін көріп отыр. 1988 жылы Арыс қаласы мен Ордабасы (бұрынғы Бөген) ауданы қосылған кезде Қуаныш Айтаханов екі партия комитетін біріктірген ауылдық зонасы бар Арыс қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Н.Хрущевтің солақай саясаты салдарынан 1962 жылы тарап кеткен Арыс ауданын 26 жыл өткеннен кейін 1988 жылы қайта құрылуына, оның әлеуметтік, экономикалық, мәдени-тұрмыстық жағдайын көтеруге тікелей атсалысты. Осы тұста Арыс – Байырқұм, Арыс – Монтайтас тас жолдары салынды, күрделі жөнделді. Ел басқару ісінде облыста тұңғыш рет билер кеңесі, әйелдер, жастар, қажылар кеңестері ашылып, жұмыс істей бастады. Бұдан кейін Қуаныш Айтаханов 1990 жылы 12-ші рет шақырылған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесіне Арыс аудандық сайлау округінен депутат болып сайланды. Жоғарғы Кеңес сессиясында жемісті жұмыс істеп, елімізде президенттік институт енгізу, Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң, Қазақстан Республикасының Конституциясы, мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран, сондай-ақ меншікке, шекараға қатысты тарихи шешімдерді бекітуге атсалысты. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беріп, лайықты тұғырына қондыруға байланысты шаралардың басы-қасында жүрді. Ел экономикасының нарықтық қатынастарға өтуіне қажетті реформаларды – ел тарихындағы ұлы өзгерістерді жүзеге асыратын заңдарды қабылдауға қатысты. Ал 1991 жылы өзі бастаған бір топ Жоғарғы Кеңес депутатының тікелей араласуымен Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара, Арыс, Отырар, Түркістан, Созақ аудандары Арал теңізінің тартылуынан туған экологиялық апатты аймаққа енгізіліп, бұл аудан тұрғындарының еңбекақы мен зейнетақысына 20 пайыздық үстеме қосылды, олардың зейнеткерлікке шығу жасы 5 жылға қысқартылды. 1991 жылы Коммунистік партия тараған кезде Арыс қалалық кеңесінің төрағасы, 1992 жылы Арыс қаласының бірінші әкімі болып бекіді. Тәуелсіздікті алған тұста алғашқы аудан әкімдерінің иығына орасан жүк артылды. Ол кезде не қаражат жоқ, не тиісті заңнамалар әлі қалыптаспаған, бірін тартса біріне жетпейтін қиын уақыт. Осы уақытта халықтың күнкөрісіне қатысты күрделі мәселелерді жедел шешіп, шұғыл шешім қабылдай білді. 1993 жылы облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалып, сол жылы Ордабасыда өткен қазақтың ұлы үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған республикалық мерекелік іс-шараның ұйымдастырылуына мұрындық болды.«Айтахановтарың бар, сендер бақыттысыңдар ғой!»
Бізде, өкінішке қарай, даңқ-дәрежесі жер жарып жатқанымен, шын мәнінде жақсылығы өзінің ағайын-туысынан артылмайтын, ру-тайпалық деңгейде қалып қойған ақсақалдар бар. Жиын-тойында да, араласар ортасында да өзінің өңірлес жамағайынын ғана жақын тартып, сол шеңбермен шектеліп қалған ел ағаларын тұлға деуге де аузың бармайды. Ал Қуаныш Айтаханов – тұтас ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі тұлғаға айналып кеткен адам. Жақында елорда төрінде ағамыз жетпіс жылдық мерейтойын арнайы атап өткенде, тойға Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған Алаш жұртының кіл сүт бетіне шығар қаймақтары жиналды. Осыған қарап-ақ Қуаныш ағамыздың тар шеңбердің емес, кең ауқымның адамы екенін, жалпы қазаққа ортақ жасампаз тұлға екенін көреміз. Бірақ бұдан ол «елдің ортақ ұланы екенмін» деп, өзі туып-өскен өңірге ат басын бұрмай, ағайын сыйынан ада қалған жан болар деген қорытынды тумауға тиіс. Бұл жөнінде ҚР Парламенті Сенатында Қ.Айтахановпен бірге бірнеше жыл депутат болған сенатор Мұрат Бақтиярұлы өзінің «Айтары бар Айтаханов» атты мақаласында былай деп жазады: «Қай кезде де өзіне бейнет тауып алып жүретін, елдің қамы үшін тыным таппай шапқылайтын мұндай адамды сирек кездестірдім. Алғаш араласа бастаған күннен-ақ әріптес ағамның ақыл-парасатына, білім-білігіне қайран қалдым. Бір ғажабы, Астана төрінде жүрсе де, сонау алыста қалған елімен бірге тыныстайды. Жатса да, тұрса да ел-жұрттың жағдайын ойлаумен жүреді. Парламент мінберінен қаншама өзекті мәселені көтерді. Ол осы жылдарда депутат ретінде билік органдарына 180 мәрте депутаттық сауал жолдапты. Соның бәрінде елдің жағдайын жіті жеткізіпті. Айтқанда тура кесіп айтады. Кесіп айтқаны сол, қандай маңызды мәселелерді көтерсе де, оның шешілу жолдарын өзі қоса ұсынады. Ел өмірінің толғақты да түйінді мәселелерін тиісті дәйектер мен деректер арқылы жеткізеді» («Айқын», №173, 15.11.2017). Сенат депутаты ретінде Қуаныш Айтаханов ешқашан ойын іркіп қалған емес. Нені айтса да, жеріне жеткізе айтты. Мәселені қозғаса, оның артында халқының қамы, жұртының мұңы тұрды. Жер реформасына байланысты мәселе көтерілген кезде ол өзін салиқалы ойдың адамы екенін көрсетті. «Күн тәртібінде «Қазақстан Республикасы шекарасы маңынан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін беруге шектеу туралы» деп жазылыпты, – деді Қ.Айтаханов сонда сөйлеген сөзінде. – Шектеуді кімге беру керек? Шетелдіктерге ме, жоқ қазақстандықтарға ма? Мына жерде қазақстандықтарға деп жазылыпты. Егер отандастарымызға болса, онда оған шектеу қоюға мүлдем болмайды. Қайта олар шекаралық жерлерді барып көбірек игерсін. Неге біз қазақстандықтарға шектеу қоямыз? Егер Қазақстан азаматтары шекара маңынан жер алып, шаруашылығын жақсылап жүргізсе, ол шекара нығая береді. Сол себепті, бұл шектеуді қазақстандықтар үшін мүлдем алып тастауымыз қажет». Осыдан-ақ депутат Айтахановтың азаматтық ұстанымын анық аңғаруға болады. Мұндай принцип пен табандылықты ол қымыз бен шұбат туралы заң қабылдануы керектігі жөнінде көтерген ұсынысында да айқын білдірді. Үкіметтің жеке тұрғын үй құрылысын қолдау керегі жөнінде мәселе көтергені де есімізде. Парламент депутаттарының белсенділігі, мемлекет, ұлт үшін атқарып жатқан қызметі туралы бүкпесіз әңгіме бола қалғанда, өзге өңірдің өрелі азаматтарының: «Сендер, оңтүстік жұрты, бақыттысыңдар ғой! Мұң-мұқтаждарыңды айта алатын Айтахановтарың бар!» – деген ризашылық лебізін де естіп қалатынымыз рас. Бұл да – Қуаныш ағамыздың халық арасындағы, ел ішіндегі қадір-қасиетінің молдығын байқататын мысал. «Талантты адам барлық жағынан да талантты болады» деген сөз бар. Жас күнінде журналист болуды армандаған, газеттерге талай мақаласы шыққан Қуаныш Айтахановты сол мәтелдің жарқын мысалы деуге болады. Ол кісі кез келген салада да дәл осындай үздік жетістіктерге қол жеткізер еді деп ойлаймын. Мәселен, егер ол баяғы журналистикаға қызығушылығын әрі қарай жалғастырып, телевизия немесе радио дикторы болатын болса, онда, сөз жоқ, әйгілі Әнуарбек Байжанбаевтар секілді таланттардың ұлы жолын жалғастырар еді. Қуаныш ағамыздың анық та қанық, айрықша қоңыр дауысын естігенде «Апыр-ай, мынадай қайталанбас үн радио үшін таптырмас олжа болар еді-ау» демеске лажыңыз жоқ. Егер ол тарихшы мамандығын таңдағанда, сонау сақ, ғұн дәуірінен бері қарайғы заманалар қатпарын жалықпай қазып, ыждағатпен зерттейтін мықты ғалым болып, Мемлекеттік сыйлыққа да ие болар ма еді деп ойлаймын. Өйткені, бұл кісінің еңбекқорлығы керемет: алдымен жоспар құрып алады, содан кейін дерек пен дәйекті, мәлімет пен дәлелді мұқият зерттеп-зерделеп, ақырында анық-қанығына жетпей тынбайды. Егер кинорежиссер болатын болса, Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев секілді кілең халықтық фильмдер түсірер еді, ешбір қиындыққа қарамастан, қолға алған шаруасын аяғына дейін жеткізер еді. Ал егер театр немесе әдебиет саласына барар болса, онда Қуаныш Айтаханов, меніңше, сыншы болар еді. Себебі, дәл бұл кісідей әр детальға үңіліп қарайтын, дәл бұл кісідей нені болсын терең талдап-таразылай алатын жан сирек деп білемін.Ұлылар мекенінен шыққан тұлға
Қуаныш ағамыз кеңес кезеңінде Шардара, Қазығұрт және Арыста басшылық жасаса, тәуелсіздік жылдарында Арыс қаласы мен Созақ, Сайрам, Отырар аудандарын әкім ретінде басқарды. Соның бәрінде оның артында қалған із бар, өнеге бар, тірлік бар. Барған жерінің бәрінде де әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартты, аудандардың тарихына қатысты кітаптар шығарды, қасиетті орындар қайта жаңғыртылды. 2003 жылы Қуаныш Айтаханов өзінің туып-өскен жері – Отырар ауданының әкімі болды. «Отырар ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуының 2004-2007 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын» облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың шешімімен бекітіп, ауданға қаржы көзін тартты. Сөйтіп, туған жер үшін талмай қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетті. Мұның сыртында, Қуаныш ағамыздың бастамасымен Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында ел үкіметі «Көне Отырардың қайта өрлеуі» атты 2004-2009 жылдарға арналған арнайы қаулы қабылдады. Бұл құжатқа сай Арыстан баб кесенесі ретке келтірілді, Отырартөбеде археологиялық жұмыстар жанданды, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музейі толық қайта жөндеуден өтті. Демек, «әлемнің екінші Аристотелі» атанған Әбу Нәсір әл-Фараби түлеп ұшқан, одан бөлек, шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі жазғандай, «әл-Фараби тегімен тағы отыз ғұлама шыққан» ұлылар мекені – Отырар өңірінің ардақты тұлғаларының Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шаханов, Өзбекәлі Жәнібеков, Өмірзақ Айтбаев бастаған тізіміне Қуаныш Айтахановты да еркін енгізуге болады. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен, алты ауданды басқарған Қ.Айтаханов екі рет Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды, осы міндетті 12 жыл бойы (2005-2017) абыроймен атқарды. Мемлекетшіл тұлғаның нағыз екінші тынысы ашылған шақ осы кезең еді. Оның аталған жылдардағы өнімді жұмысына, жемісті еңбек жолына қарап отырып, «апыр-ай, кезінде істің көзін таба білетін ұтқыр да тәуекелшіл, ойлы да ізденімпаз осындай тұлға облыс әкімі немесе министр лауазымы секілді республикалық дәрежедегі қызметтерге неге тартылмады екен?» деп таң қаласыз. Егер Қуаныш Айтаханов осы еңбекқорлығымен, осы қажыр-қайратымен, осы ыждағаттылығымен мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі лауазымдарға бұдан да бұрынырақ, сонау 90-жылдары араласқанда, қаншама қыруар шаруа уақытында атқарылып, небір ұтымды шешімдер дер кезінде қабылданар ма еді деп те ойлаймыз. Өйткені, Айтаханов – жоғарыдан нұсқау күтіп, тек соны орындаумен ғана шектелетін көп басшының бірі емес. Ол қайда қызметке барса да, алдымен сол өзіне сеніп тапсырылғалы тұрған өңірді, әлде саланы жақсылап зерттеп алады. Басты проблемаларды анықтайды, оларды шешудің жолдарын ойластырады, сөйтіп, іске бірден бел шешіп кірісіп кетуге тас-түйін дайын болып барады. Өзі қандай іскер, өзіне қандай талапшыл болса, өзге мемлекеттік қызметкерден де ортақ іске шынайы берілген сондай адалдықты талап етеді. Ол үшін «уақытша қызмет» деген жоқ. Кей басшылар әкім болып бірер жыл ғана отырса, «аз ғана мерзім ішінде не тындырып үлгеремін?» дей ме, әйтеуір білек сыбанып жұмыс істегісі келмейтіні байқалып тұрады ғой. Ал Қуаныш ағамыз қашан да жұмысты жан-тәнімен беріле істеп, артында нақты нәтиже қалдыруға тырысады. Айтахановтың басқа басшылардан артықшылығы – бірде-бір мәселенің қаралмай қалмауын, ұмытылып кетпеуін және міндетті түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі. Ол діттеген мақсатына қол жеткізбей қоймайды, сол жолда қызметкерлерінің тынымсыз ізденіп, еңбектенуін талап етеді. Осындай талапшылдық талай адамның бойынан өзі ойламаған қабілеттерді ашады, тың мүмкіндіктерді табады.
Ұлт зиялысынан – ұлт абызына!
Қуаныш Айтаханов – мәдениет саласындағы игі бастамалар мен жақсы жобалардың да жанашыры. Халқымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың атын Астана қаласы көшелерінің біріне беру мәселесіне де, Шәкең атындағы халықаралық ән фестивалінің елордада өткізілуіне де ықпал жасап, ҚР Үкіметі басшысына депутаттық сауал жолдай отырып, республикалық бюджеттен қаржы бөлдірткен де – осы кісі болатын. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы Республика сарайының жанынан Шәмші саябағын ашу, режиссер Тілеген Ахметовтің «Шәмші» атты 52 минуттық деректі көркем фильмін жарыққа шығару ісіне де қол ұшын созып, жәрдем берді. Айтаханов ағамызды мен мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да жаңылыспаған, тіпті махаббатта жолы болған жан деп есептеймін. Кереку өңірінен түлеп ұшқан Айман жеңгеміз өзі де таным-көкжиегі кең, білімді жан бола тұра адал жарының алдына түсіп, қызмет қуған жоқ. Қайта Қуаныш ағамыздың отбасындағы жеке шаруаларға алаңдамай, өз қызметін бар ынта-ықыласымен атқаруы, сөйтіп, жемісті еңбек етуі үшін барынша қолайлы жағдай жасады. Сосын бір ерекше риза болатыным: ағамыздан бір жас үлкен кісі болсын, жеңгеміз әлі күнге дейін иіліп сәлем салады, «мен әкімнің немесе сенатордың әйелімін» деп кеуде керген кезі жоқ. Қазақы салт-дәстүрді сөз жүзінде емес, іспен көрсетіп жүрген жандарға қалай риза болмайсыз! Жеңгеміздің қашан да дастарханы жаюлы, шайы демдеулі, қабағы ашық. Бұл күнде Қуаныш ағамыз бен көркем мінезді Айман жеңгеміз ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі де мерейлі отбасы. Тәрбиелеген ұл-қыздары ата-анасының, ағайын-жұртының ғана емес, бүкіл елдің ықыласына бөленіп, батасын алып жүр. Қуаныш Айтахановтың тағы бір тамаша қасиеті – қарапайымдығы. «Мен осынша шаруа атқардым, осыншама қыруар жұмыс тындырдым» деп кеуде соқпайтын, жеткен жетістігіне тоқмейілсімейтін адам. Қараша айында 70 жылдық мерейтойын Астана қаласындағы «Салтанат» сарайында игі жақсылардың басын қосып, атап өтті. Ал Шымкент қаласындағы «Отырар» кітапханасында оқырмандармен кездесу кеші өтіп, «Ел мерейі жолында», «Елге қызмет – басты міндет», «Ауыл проблемалары», «Сөз сұраймын» және «Этапы становления государственного регулирования сельского хозяйства Республики Казахстан» атты кітаптарының тұсауы кесілді – болды, басқа ешқандай іс-шара жасатқан жоқ. Кезінде жалпыұлттық деңгейдегі талай мәдени жобаларды жүзеге асырған, ұлы тұлғалардың мерейтойларын ұйымдастыру жөнінен жан-жақты тәжірибесі мол кісі ретінде түрлі шаралар өткізем десе, ешкім қолын қақпайтын еді. Қазақ халқы үшін, қазақ елі үшін қаншама еңбек еткен ерен тұлға – Қазақ ауыл шаруашылығы Ғылымдары академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, ғалым ретінде Қуаныш Айтахановқа соның бәрі жарасар да еді, артық болмас еді. Бұл кісінің орнында басқа біреу болса, мерейтойы қарсаңында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ме, әлде Еуразия ұлттық университетінде ме, бәлкім Халықаралық Қазақ-түрік университетінде ме, өзінің еңбектері туралы ғылыми конференция өткізіп жіберер ме еді, кім біледі... Қазір қоғамымызда кейбір қасиетті ұғымдарымыз бен сөздеріміздің қадір-қасиетін жете бағаламау үрдісі байқалады. Жалпы «зиялы» дейтін зияткер қауымға тек ақын, жазушылар мен өнер адамдары ғана жатады деген жалаң түсінікке бой алдырып алған жайымыз бар. Шын мәнінде, елдің, жердің, халықтың қамын ойлайтын, сол игілікті істің жолында тынымсыз еңбек етіп, тер төгіп келе жатқан, ұлттың өткенін таразылап, бүгінін бағдарлап, келешегіне көз жібере алатын Қуаныш Айтаханов секілді ардақты азамат, тұғырлы тұлғаларды нағыз зиялы деп тануымыз керек. Зиялының да зиялысы бар. Ертеде ел басқарған ханның қашан да қасынан табылып, қиындықта – қолдаушы, жетістікте – тілеулес, ойласқанда – ақылшы бола білген, мемлекеттің ішкі-сыртқы ахуалын сараптап, болашаққа болжам жасайтын қадірлі зиялыны, кемеңгер ақсақалды абыз дескен екен. Абыздың ел басқару жүйесіндегі және тіршілік қамына байланысты алуан түрлі салт-дәстүрді, жөн-жоралғыны атқарудағы айрықша рөлі оның қоғамдағы аса беделді әлеуметтік тұлға болуына ықпал еткен. Заман өзгергенімен, мемлекеттік құрылым жаңарғанымен, осы дәстүр халқымызда әлі жалғасын тауып келе жатыр дей аламыз. Өйткені, Қуаныш Айтахановтың бойындағы кісі қызығарлық қасиеттердің бір парасы – отаншылдық, мемлекетшілдік және ұлттық мүддеге адалдық. Көптеген диаспора өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп жатқан, этникалық қарым-қатынастарды жолға қойып, ұлтаралық татулықты ту ғып ұстаған еліміздің саяси бағыты бәрімізге де аян. Алайда, билік дәліздерінде Отанымыздың өсіп-өркендеуіне қызмет ететін, бірақ мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының ұлттық мүддесін қоса қамтуға келгенде кежегесі кері тартатын шенеуніктер де жоқ емес. Жүрегі ел деп соққан отаншыл тұлға үшін Қазақстан мен қазақ – бір әннің шумағы мен қайырмасындай, құстың қос қанатындай егіз ұғым болуы тиіс. Қуаныш ағамыздың бойында осы екеуі – мемлекет мүддесі мен ұлт мүддесі қатар тоғысып жатыр. Рас, ұлт зиялысынан Ұлт абызы деңгейіне көтерілген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов қандай мақтауға да әбден лайық. Бірақ біз оны мақтап отырған жоқпыз. Біз онымен мақтанып отырмыз!Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, композитор, «Құрмет» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Түркістан қаласы мен Отырар, Бәйдібек аудандарының құрметті азаматы
qazaquni.kz