Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Тіл жанашыры-2017» республикалық байқауының лауреаттары марапатталды. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Руза Бейсенбайтегі "Тіл жанашыры" Құрмет белгісімен марапатталды
2017 ж. 29 қараша
6635
31
"Тіл жанашыры" марапаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып, оны насихаттауға сүбелі үлес қосқан еліміздің елеулі тұлғаларына жыл сайын табысталады.
Салтанатты шараға жиналған барлық лауреаттарға аталмыш құрмет белгісін ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков табыстады.
Атап өту керек, алғаш рет «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен қазақ тілін зерттеген танымал шетелдік ғалымдар марапатталған болатын. Олардың қатарында Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, АҚШ ғалымдары бар.
Биылғы жылы еліміздің дамуына, рухани, мәдени, әдеби саласына еңбек сіңіріп жүрген 37 азаматқа «Тіл жанашыры» сыйлығы табысталды.
Олардың қатарында "Саутс Ойл" компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов, «Қазақ КВН одағының» ҚБ президенті Есен Елеукенов, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева, «Хабар» арнасының журналисі Тілеуқабыл Мыңжасар, кәсіпкер Бекзат Алтынбеков, павлодарлық тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі, журналист Оксана Ласкутова, танымал әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Құдайберген, Қазақстанның Аустриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбай, т.б. қатарлы елге танымал тұлғалар бар.
Бір ерекшелігі биылғы "Тіл жанашыры" марапаты Мемлекеттік тіл мәртебесі үшін бар күш-жігерін аямай жүрген Павлодарлық Руза Бейсенбайтегіне берілуі. Руза ханымның қазақ тілінің қамы үшін жасаған барлық игі істерін "Қазақ үні" ұлттық порталы бірінші болып жариялап келеді.
Тағы бір атап өтерлігі, бұл марапатқа Руза Бейсенбайтегін қазақтың белгілі ақыны, "Қазақ үні" газетінің Президенті, "Тіл жанашыры" Құрмет белгісінің 2011 жылғы лауреаты Қазыбек Иса ұсынған еді. Ақынның ұсынысымен ана тілін арда тұтқан Руза ханымның Астана төрінде марапатталып жатқаны, "Қазақ үні" үшін емес, бүкіл қазақ елі үшін үлкен қуаныш деп білеміз. Ең бастысы аталмыш марапатты шын мәнінде нағыз тіл үшін күресіп жүрген шын жанашырлардың алып жатқаны көңілді көншітеді. Бұл марапаттың әділ екендігінің айғағы деп білеміз.
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биік болсын. Қазақстанның әр өңірінде Руза Бейсенбайтегі секілді нағыз Тіл жанашырлары көп болсын деп тілейміз.
qazaquni.kz