Нұржұман Ықтымбаев: Қазақстанда тұтас ұлтты қорлайтын фильмдер түсіріліп жатыр
2017 ж. 27 қараша
4734
12
Белгілі кино әртісі Нұржұман Ықтымбаев қазіргі режиссерлар мен кино саласының мамандарына, жас әртістерге қатысты өз пікірін білдірді. Бұл туралы ол ratel.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
- Қазір әркім ойына келгенін істеп жүр. Бізде тұтас ұлтты қорлайтын фильмдер түсіріліп жатыр. Сондай сорақы кино түсіретін режиссерларды тоқтату керек. Олар көрерменді таңғалдырамыз деп өзгеше түсіруге талпынады. Онысы кино өнерінің талаптарына сай болмай шығады. Барлық ойлары халықаралық фестивальден бәйге алу. Алайда, ол жақта отырғандар ақымақ емес қой, - деді әртіс.
Сондай-ақ, оның айтуынша бүгінгі таңда фильмнің сапасына аса бір мән бере қоймайтын дипломы бар мамандар қаптап кетті.
- Дипломы бар мамандар өз кәсібін біледі, техникалық тұстарына жетік. Алайда, кесек дүниелерді өмірге әкелмейді. Ішкі дүниелері бос қой. Тағы бір адамдардың категориясы бар. Олар – ұрылар мен алаяқтар.Өмірге өте икемді. Бірақ жұмыстағы жетістіктері уақытша. Бес-алты фильмде көрінер, содан кейін аттары естілмей қалады, - деді Ықтымбаев.